Ещё один сайт на WordPress

БАҚЫТЫН БІЛІМНЕН ТАПҚАН

0

Өмірде бір салаға тұтас ғұмырын арнап, соның өркендеуіне аянбай тер төгіп, бел жазбай еңбек ететін тұлғалар баршылық. Сол себепті де олардың әрбір ісі мақтауға тұрарлық, жоғары бағалауға лайықты. Сондай жандардың тізімінің басында Сұлушаш Құрманбекова тұр десек, қателеспейміз.

Сұлушаш Сәтбекқызының есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Әсіресе, оны білім саласының мамандары ерекше үлгі тұтады. Бүгінде ол өмірінің айтулы белесі асқаралы 60 жасқа толып отыр. Ол бұл жасқа құр алақан келген жоқ. Басында абыройдың алтын тәжі, астында құрметтің алтын тағы бар.
Сұлушаш Сәтбекқызы 1963 жылы Жамбыл ауданы Пионер ауылында туған. Өзінің балалық шағына саяхат жасағанда мерейтой иесінің:
«Әкем – Сәтбек озып шыққан ойықтан,
Жөнді білген, сөзді тілген, ой ұққан.
Анам – Күләш ақылменен, мейірмен,
Менің нәзік жүрегімді байытқан», — деп толғанатыны бар. Бойжеткен Сұлушаш Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, арман қала Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «тарихшы» мамандығына оқуға түседі.
– Мектепте өте белсенді болдым. Сол кездерде мектепте «дружина советов», «тимуршылар қозғалысы» сынды ұйымдар болатын. Солардың жұмысына белсене атсалысып, жетекшілік еттім. Университет қабырғасында осы қалпымнан таймай, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыстым. Менің тобымда білім алғандардың дені мектепті алтын медальмен бітіргендіктен бе, барлығы сабақты жарыса оқитын. Сол қабілетім кейін қызметте көп септігін тигізді, — дейді Сұлушаш Сәтбекқызы.
Университетті аяқтаған соң ол еңбек жолын 1985 жылы Жамбыл қаласындағы №10 кәсіптік-техникалық училищесінде мұғалім болып бастаған. Кейінгі жылдары Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ орта мектебінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Тараз қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының жетекші маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, 2010-2017 жылдар аралығында облыстық білім басқармасының басшысы қызметтерін абыройлы атқарған. 2017-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды. Қазіргі таңда ол «Өрлеу» БАҰО филиалы Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры.
Сұлушаш Сәтбекқызы басқарған жылдарда облыстық білім беру саласында оң өзгерістер болып, білім беруде жаңа технология тәжірибеге енді. Инновациялық жаңалықтар пайда болды. Оның республикада алғашқы болып облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің негізін қалап, ашқанын да ерекше атап өткен абзал. Сондай-ақ осы жылдар ішінде 87 білім нысаны салынып, 278 оқу нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 154 балабақша, 149 шағын орталық, барлығы 303 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұған қоса дарынды балалармен жұмыс жүйеге қойылып, нәтижесінде 2012 жылдан бастап облыс командасы республикалық олимпиада қорытындысы бойынша командалық 1-ші орынды 7 жыл қатарынан иеленді. Ал 2013 жылдан бастап республикалық ғылыми жобалар жарысында 7 жыл қатарынан 1-ші орынға қол жеткізіп келеді. Әлі де сол деңгейде. Бұл жылдар отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің саны 13-ке жеткенімен ерекшеленді. Айталық, 2015-2016 жылдары 11 отбасы үлгісіндегі балалар үйі ашылса, 2010-2016 жылдары 326 жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балғын баспана бақытына кенелді. Тағы бір зор жетістік – орталықтандырылған бухгалтериялар құрылып, сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық фактілерінің күрт азайғандығы. Сөз жоқ, бұл жоғары жетістіктерде сол кезеңде облыстың «бас мұғалімі» болған Сұлушаш Құрманбекованың үлесі зор.
Сұлушаш Сәтбекқызы облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасын басқарған екі жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге де көп еңбек сіңірді. Сол жылдары жарымжан жарнамалар мен мәнсіз мәтіндердің жолы кесіліп, сауатты жазулар көптеп пайда болды. Сондай-ақ тұрғындардың тілдерді меңгеру үлесі артып, ұш тұғырлы тіл саясаты жүйелі түрде орындалды.
Облыс әкімінің орынбасары қызметінде де Мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыруға зор үлес қосып, идеологияның жандануыңа серпін берді. Әсіресе, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды байыпты бағдарламалар жемісті жүзеге асты. Мәдениет, спорт, білім, денсаулық сынды идеологиялық салалардағы жарқын жетістіктер соның айғағы. Шалғай елдімекендерде мәдени, денсаулық сақтау, білім беру нысандарды көптеп бой көтеріп, халықты қуанышқа кенелтті. Оның үстіне бұл уақыт Президент сайлауы және Жамбыл облысының 80 жылдығымен тұспа-тұс келген еді. 2019 жылы Жамбыл жерінде облыстың мерейтойы кең көлемде аталып өткені баршаға мәлім. Соған орай бұрынғы көк базардың орнында «Көне Тараз» этно-мәдени кешені бой көтерді. Тарихи-өлкетану мұражайы, көркемсурет галереясы, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы сынды бірнеше іргелі нысанды қамтыған кешеннің құрылысында Сұлушаш Сәтбекқызының қолтаңбасы сайрап жатыр. Ол кезеңді өзі былай деп еске алады:
– Тараз – ғасырлар қойнауынан сыр шерткен тарихи шаһар. Сондықтан оның келбеті де соған сай болуы керек. Осы мақсатта облыстың 80 жылдығы қарсаңында сол кездегі аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен кешеннің жобасын сызуға кірістік. Оның жоба-жоспарынан бастап құрылысы толық аяқталғанға дейін басы-қасында жүріп, бәрін көзбен көріп жүрдік. Соның нәтижесінде бүгінде осындай еңселі кешен ел игілігіне берілді. Қазір сол жаққа атбасын бұрған сайын өзімнің сәл де болса үлесім болғанына мақтанамын әрі қуанамын, — деді ол өткенге көз жіберіп.
Мерейтой иесінің сан жылғы еселі еңбегі мемлекет тарапынан түрлі марапаттармен айшықталған. Атап айтсақ, ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Өңірдің білім саласының дамуына зор үлес қосып, ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбегі еленіп, «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілуі – лайықты құрмет деп білеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.