ЖАҢА БІЛІМ ОРДАЛАРЫ АШЫЛДЫ
Білім беру ісі қай уақытта да, қай ғасырда да қоғам дамуы мен тұрақ-
тылығының негізгі өлшемі болып табылады. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі маман, еліміздің гүлденіп-өсуіне, өркендеуіне үлес қосатын басты тұлға. Сондықтан жаңадан ашылып отырған білім ордалары ауыл балалары үшін үлкен қуанышқа ұласты.
Байзақ ауданы Көктал ауылындағы білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Үйсімбаев Еркін Құлымбайұлы, ауыл әкімі, аудандық білім бөлімінің басшысы мен ауыл ақсақалдары, ардагер педагогтер мен мектеп ұжымы қатысты. Еркін Құлымбайұлының жылы лебізімен бастау алған салтанатты жиын ауыл ақсақалының батасымен жалғасын тауып, мектептің лентасы қиылды.
Кіреберісте күмбірлеген күй тыңдап, мектеп жұмысымен танысты. Сапалы білім алуға барлық жағдайлар жасалып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектеп ішін келген қонақтар аралап шықты.
3 қабаттан тұратын мектеп ғимаратында 1207 оқушы білім алады. Білім ордасында
4 компьютер кабинеті, 2 лингафондық кабинет, 1 робототехника кабинеті, спортзалы, мәжіліс залы, тігін бөлмесі, шеберхана, кітапхана және асхана бар. Ғимаратта оқушылардың жаңашыл білім алуына қолайлы жағдай жасалған.
Сондай-ақ «Ұлы дала» ықшамауданында «ABAY» бастауыш мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Жаңа мектептің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы, білім басқармасының басшысы Мейірхан Азатұлы және Байзақ ауданының әкімі Бақыт Алпысбайұлы, мектеп педагогтары мен ата-аналар қатысты.
Мың бұралған бишілердің әсем биімен бастау алған ашылу салтанаты бүлдіршіндердің әуелете салған әндерімен жалғасын тапты. Салтанатты шара барысында жаңа білім ордасының шәкірттері соққан қоңырау үні де естілді.
2 қабатты ғимаратта орналасқан мектеп сыйымдылығы 500 орын. Бүгінде мектепке 1-4 сынып оқитын 48 оқушы қабылданған. Балалардың білім алуына толық жағдай жасалған жаңа мектепте оқу бөлмелері, компьютер сыныбы, спортзалы, мәжіліс залы, асхана, кітапхана, шеберхана сияқты бөлмелермен қамтамасыз етілген.