ӨЗ ЖАНЫН ӨЗІ ҚИЯТЫН ЖАСӨСПІРІМДЕР НЕГЕ АЗАЙМАЙ ТҰР?
Өмір деген құндылық екі қайтара берілмейтін керемет екендігін біреу түсінсе, біреулердің оны ұғынуға әлі келмей әлеуметтік таршылық пен тағдыр жолында тап болған қиыншылықтарға бола оны өз қолымен қиып жібергендігін көз көріп, құлақ естіп жүр. Әсіресе, аталған дерттің жастар арасында кеңінен етек алуы өзекті өртейді.
Қазіргі таңда бүкіл әлем ғалымдары суицидтің алдын алу және себебін анықтауға барын салуда. Өйткені өз өмірін қиюға бағытталған саналы әрі ерікті түрдегі әрекет бүкіл жаһандық түйіткілге айналуда. Еуропа елдерінде өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші адам өлтіруге қарағанда үш есе артық. Статистикалық деректерге жүгінсек, дүние жүзі бойынша бір күнде 2200 адам өзі-өзін өлімге қияды екен. Мамандардың сараптауынша, бұл көрсеткіш 15 әуе апатына пара-пар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әр 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Жыл сайын 800 мың адам суицидтен қаза болады. Біздің елдегі ресми деректер де мәз емес. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша Қазақстан әлемде 12-орында тұр. ІІМ-нің мәліметінше, өткен жылы 250-ге жуық жеткіншек өз өзіне қол салмақ болған. 164 баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болса, 84-і қыршыннан қиылған. Расында, өте жантүршігерлік жағдай. Облысымыздағы балалар құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжановтың айтуынша, өткен жылы Жамбылда 13 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсапты. Осы статистиканың анық-қанығын білу үшін облыстық білім басқармасына жүгініп едік, нақты дерекке қол жеткізе алмадық.
Қалай десекте, суицид бүгінгі қоғамның айықпас дертіне айналып отыр. Ал бұған қалай тосқауыл қоюға болады? Осы орайда мамандардың пікіріне құлақ түрген едік.
– Соңғы кездері жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректеріндегі жиі аталатын себеп – сүйіктісімен ренжісуі. «Махаббат машақатынан» мұндай қадамға баратын жастарды рухани әлсіз деп бағаласақ, қателесе қоймаспыз. Өмірдің бұралаң жолдары көп болатындығын үйде ата-ана, мектепте, оқу орындарында ұстаздар санаға сіңіруі тиіс. Әйтпесе, алдынан кездескен әр кедергіге морт сынып, тіпті, өз өмірін құрбан ететін жастардың әрекетіне тоқтау салу қиындап кететін түрі бар.
Мектеп оқушылары үшін емтихандар мен ұлттық сынақтар да үлкен мәселеге айналғалы қашан. Дәл осы емтихандарды тапсырудан қорыққан және сынақтан төмен ұпай жинағандардың арасында да өз өмірін қиятындар саны жиілеп барады. Егер адам өз өмірін қиюға әрекет етсе, демек ол өмірінде кездескен мәселенің шешімін таба алмады деген сөз болуы мүмкін. Әрине, жасөспірімдер мен жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің себебін нақты бір мәселемен байланыстыру мүмкін емес. Ең бірінші, жасөспірімдерге отбасылық жағдай әсер етеді. Мәселен ата-анасының екіге айырылып кеткенін қабылдай алмауы, ата-ана мен бала арасындағы жағымсыз қарым-қатынас, отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-ананың өлімі жасөспірімдердің суицид жасауына алып келуі ықтимал. Мектептегі қиындықтар, құрдастарының мойындамауы, ортамен араласа алмауы да балаға кері ықпал етеді. Қыз балалар арасында жігітінің тастап кетуі, жасөспірім қыздардың оң жақта отырып, аяғының ауырлап қалуы да негізгі мәселеге айналуда. Мұндай жағдайлардың бәрі жеткіншектерді күйзеліске алып келеді. Ал күйзеліс адамды жиі суицидтік әрекетке итермелейді, — дейді психолог Рахат Исақұлова.
Тағы бір психолог Гүлмира Есімова бұған ата-аналардың да белгілі бір дәрежеде кінәсі бар деп есептейді.
– Жасыратыны жоқ, бұл өте күрделі мәселе. Бала тәрбиесі, жеткіншектің өтпелі кезеңде кездесетін сыртқы ортаның әсерін қабылдауы негізі ата-ананың жіті бақылауында болуы керек. Өкінішке қарай, біз мұны көбіне ескере бермейміз. Содан келіп, баланың ойында не барын ата-анасы түгілі, қасында жүрген досы да, құрбысы да білмеуі мүмкін.
Томаға-тұйық жүретін баланың бәрін бірдей дәрігерге алып бара беру де қиын. Психиатрға немесе психологқа көрсеткен жасөспірімді олар міндетті түрде есепке қояды. Ол ешкімге ұнамайды. «Аш пәледен – қаш пәле». Сап-сау балаңды сәл күдік үшін психиатрға көрсетіп, есепке қойғызғаннан, тыныш жүргенді артық көреді көбі. Сондай-ақ «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, мәселені жан-жақты қарау керек. Қазір көп ата-ана баланы бақылаусыз қалдырады. Күнделікті күйбең тірлік, отбасын асырау, несие төлеу керек деп жүріп, баладан алыстап кеткен. Кешкілік үйге келгенде де, оған көңіл бөліп, әңгімелесіп жарытпайды. Шаршаған сылтау етіп, өз ісімен айналысып кетеді. Әйтеуір керек заттарын алып беріп отырмын деумен шектелуде. Енді бір әке-шеше баласына тым талапшыл болып келеді. Оның қалауын, ойын тыңдамай, өз жоспарын орындату дұрыс емес. Бастысы кез келген балаға ата-ананың жылылығы, махаббаты, сенімдігі керек. Осының орнын ештеңемен алмастыра алмаймыз, — деді маман өз сөзінде.
Бір кездері облыс прокурорының аға көмекшісі болған Руслан Жасанов суицидтің зардаптарын балаға ерте жастан түсіндірген дұрыс екенін баса айтты.
– 2013 жылға дейін бұл мәселе көбіне облыс орталығында болған-ды. Соңғы жылдардағы талдау қорытындысы бойынша, бұл проблема, әсіресе, ауылдарда өршіп тұр екен. Әрине, тіркелген әр оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізіледі. Оқиға орнына тек қана учаскелік полиция емес, криминалист, прокурор, тергеуші барып, тиісті жұмыстарды жасап сараптама жүргізеді. Дегенмен, бұл жайттардың тағы бір себебі – ауылдарда психолог мамандардың тапшылығы. Сол себепті де, балалармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Психологтар бір жылда екі рет оқушыларға психологиялық сауалнама ұйымдастырады. Сауалнама қорытындысында, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балалар анықталады. Психологтар сол жасөспірімдермен жұмыс істейді.
Былтыр Бас прокуратураның ықпалымен суицидті насихаттайтын сайттар, әлеуметтік желілердегі топтар жабылды. Әсіресе, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде мұндай топтар көп болды. Бұл сайттарда өз-өзіне қол жұмсаудың әдіс-тәсілдері насихатталады. Мысалы, дәрі қабылдаған дұрыс па, әлде асылып өлген жеңілірек пе деген мазмұндағы әңгімелер талқыға салынады. Әрине, суицидтің нақты себебін айту қиын. Әлеуметтік мәселе немесе отбасылық жағдайға байланысты деп кесіп айтуға болмайды. Мәселен, бұдан үш жыл бұрын бір жасөспірім әжесі компьютер ойнауға рұқсат бермегені үшін тамырын кесіп, өлмекші болды. Абырой болғанда, аман қалды. Баланың айтуынша, ол бұл әрекетті өлу үшін емес, әжесін қорқыту үшін істепті.
Астана мен Алматыдағы мектептерде психолог-суицидологтар жұмыс істейді. Олардың тәжірибесі көп. Сол себепті, жұмыс та нәтижелі. Біздің облысқа да сондай мамандар керек. Тым болмаса, сол мамандарды шақыртып, психологтарға тәжірибелерін үйретсек жақсы болар еді. Сондай-ақ, суицидтің алдын алу үшін профилактикалық шараларды барынша көбірек ұйымдастыру керек.
Меніңше, кез келген ата-ана баласына ерте жастан өз-өзіне қол жұмсаудың ақыры орны толмас қайғыға душар ететінін, өте күнәлі іс екендігін жете түсіндіруі керек. Мен бұл жөнінде екі балама 5, 7 жастарында-ақ айтып, түсіндірдім. Бастапқыда бұл туралы сөз қозғау қаншалықты дұрыс деп біраз ойландым. Кейін айтқан жөн деп шештім. Ресейлік телеарналардың бірінен жаңалықты балаларыммен бірге қарап отырған едім, кенет екі қыз баланың бір-бірінің қолынан ұстаған күйі балконнан секіргені көрсетілді. Дереу теледидарды сөндірдім. Балаларымның екеуі бірдей: «Папа, олар неге секірді?» деді. Дәл сол кезде жауап берген жоқпын. Арада 3-4 күн өткен соң олар: «Папа, олар неге секірді?» деп тағы да сұрады. Бұл жолы сауалдарын жауапсыз қалдыруды жөн көрмедім. Сөйтіп, оларға суицидтің салдары туралы түсіндірдім. «Өмірде адам баласы қандай қиындыққа тап болса да, өз-өзін өлтірмеуі керек. Бұл — үлкен күнә» дегенді кішкентай балапандарым жақсы түсінді. Сол себепті ертең кеш болмау үшін балаға ерте жастан мәселенің мәнісін түсіндірген дұрыс деп ойлаймын.
Әрине, мұндай әрекетті шариғат та құптамайтыны белгілі. Бұл жөнінде дінтанушы Нұрлыбек Күзенбаевтың да айтары бар.
– Шариғат бойынша адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы — үлкен күнә. Себебі, жан, дене бізге Алланың берген аманаты. Жанды да, денені де жаратқан — Алла. Демек, біз өз-өзімізге қол жұмсап, өзімізді өлтірсек, Аллаға қарсы шыққанымыз. Алла өзі берген жанды өзі ғана алады. Бұл туралы қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 29-30 аяттарында: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозаққа өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» деген.
Дінтанушы ретінде пікірімді айтайын. Суицидтің ең басты себебі, Алланы толық танып, білмегендіктен, иманның әлсіздігінен. Әр қазақ өзін мұсылман санайды. Дегенмен, өкінішке қарай, ислам дінінің құндылықтарын жете білмейді. «Аллаға сенеміз» дейміз. Дегенмен, Алланы жете танымаймыз, Алланың айтқанын орындамаймыз. Мысалы, ақырет туралы көп нәрсені білмейміз. Зерттеулерге қарағанда, ислам елдеріндегі суицид саны Еуропа, Африка елдерінен көп төмен.
Егер адам баласы иман деген қасиетті жақсы түсінетін болса, сол адам қандай күйге, қандай қиын жағдайға тап болса да, өзін өлтірмейді. Болмашы нәрсе үшін жастар өздерін құрбан етіп жатыр. Сол кездегі эмоцияның жетегімен өз-өзіне қол жұмсау арқылы «өмірім тынышталды, жаным жай табады» деп ойлайды. Дегенмен, олар өздерін өздері тозаққа итермелегенін білмейді. Өйткені азаптың көкесі адам өз-өзіне қол жұмсап, өлгеннен кейін болады. Бұл туралы Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) былай деген: «Кімде-кім өзін-өзі өлтірсе, жаһаннамда қолына темір алып мәңгі бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал кімде кім у ішіп өлсе, жаһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал кім өзін таудан тастап өлтірсе, жаһаннамда өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады» (Бухаримен Муслим риуаят еткен). Мысалы, адам көп қабатты үйден, биіктен секіріп өлсе, тозақта да сан рет биіктен секіріп, азапталады, — дейді Нұрлыбек Жарылғапұлы.
Қорыта айтқанда, суицидпен күресу – баршаның ортақ міндеті. Бұл мәселеге ата-ана-
лар да, білім ордаларындағы ұстаздар да, психологтар да баса назар аударғаны жөн. Сонда ғана өз жанын өзі қиюға бейім жасөспірімдердің ессіз әрекетіне тосқауыл қоя аламыз.
Қ. АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.