Ещё один сайт на WordPress

ЖЕТЕКШІ САЛАНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЮДЕ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қай Жолдауында болмасын білім саласына баса назар аударып келеді. Биылғы құнды құжатта да жетекші салаға ерекше мән берілді. Әсіресе орта білімнің сапасын арттыруды алдыңғы орынға қойған Президент бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл тұрғыда Шу аудандық білім бөліміне де зор жауапкершілік жүктелген. Осы орайда біз аталған ауданның білім бөлімінің басшысы Қуат Раймбековпен сұхбаттасқан едік.

– Қуат Оразбекұлы, Президент «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Бүгінде өңірде осы жоба аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
– «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», — деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы қыркүйек айындағы Жолдауында. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», — деп бірінші ұстаз Аристотель айтқандай расында білім мен тәрбие сіздің болашағыңыздың жарқын болуына бірден бір кепіл. Осы орайда Президенттің тапсырмасынан кейін қолға алынған – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасында білім саласы жүйесін жаңғырту жан-жақты қарастырылған. Биылғы оқу жылындағы жұмысымыз осы ұлттық жобаны іске асыруға бағытталуда. Ұлттық жобада бекітілген міндеттердің бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Бүгінгі күнде аудан бойынша 55 мектепке дейінгі ұйымда 4762 бала тәрбиеленуде. Айталық, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтылған 1-6 жастағы балалардың үлесі 2021 жылмен салыстырғанда 91,9 пайыздан 95 пайызға артты. Ауданда мектепке дейінгі жекеменшік балабақшалар желісі де дамуда. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ұсынылған орын санынан жекеменшік ұйымдардың 25,4 пайыздан 26 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ өңір бойынша 3-6 жас аралығындағы 4460 бала 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамтылған. Дәл осындай 55 ұйымда 565 педагог жұмыс атқарса, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру мамандығымен жұмыс істейтін педагогтердің саны өткен жылмен салыстырғанда 182-ден 278-ге артты. Экономикамыздың тұрақты дамуының нәтижесінде
білім саласын қаржыландыру көлемі де жылдан жылға ұлғаюда. Ағымдағы жылы осы салаға 18 млрд. астам қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсті. Үкіметіміз бен облыс, аудан әкімдігінің қолдауының арқасында білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Мәселен, биыл 147 млн. теңгеге Әл-Фараби, Ы.Алтынсарин, М.Х.Дулати, Ә.Молдағұлова, Е.Бекмаханов, М.Ғабдуллин, Алға мектептеріне 21 дана жаңа модификациялық химия, физика, биология кабинеттері және 51 млн. 798 мың 600 теңгеге Оқушылар сарайына материалдық-техникалық базасын толықтыру үшін жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ оқу ордаларын жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 26 млн. 345 мың 120 теңгеге Т.Әшімбаев, С.Шәкіров, Ш.Уалиханов, А.С.Макаренко атындағы орта мектептерге қоршау орнатылды, 19 млн. 003 мың 454 теңгеге Жібек жолы, №40, Ғ.Мұратбаев, №49, А.С.Макаренко, Төле би атындағы орта мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, 30 млн. 804 мың теңге бөлініп, ауданның барлық мектебі әктеліп, сырланды. Бұған қоса Төле би, Ы.Алтынсарин, Абай, Жамбыл, Жібек жолы, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, №40 мектептерге 42 млн. 010 мың 774 теңгеге бейнебақылау камералары және 43 млн. 317 мың 598 теңгеге өрт дабыл қаққыш құралдары орнатылмақ.
– Аудандағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі қалай шешілуде?
– Бүгінде аудан бойынша үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Ал апатты жағдайда болған Әл-Фараби атындағы орта мектебіне 905 млн.488 мың теңге бөлініп, келісім-шарт сомасы бойынша 771 млн. 233 мың 084 теңгеге 300 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке 549 млн. 929 мың теңге бөлініп, келісім-шарт сомасы бойынша 520 млн. 800 мың теңгеге 300 орындық жапсарлас жаңа ғимараттың құрылысы басталып, қыркүйек айында қолданысқа берілді.
Тағы бір айта кетерлігі, мектептің бірден-бір мақсаты оқушыларға тәуелсіз еліміздің мақсат-мұраттарына сәйкес білім беріп, тәрбиелеу, тұлға етіп қалыптастыру десек, бұл міндетті жүзеге асырудың пәрменді құралы – оқулық болып табылады. Сондықтан, аудан мектептерін дер кезінде оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы облыстық бюджеттен 248 млн. 899 мың теңге бөлініп, жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтар,оқу-әдістемелік кешендері сатып алынды. Жаңа оқу жылында 1-11 сыныптар аралығындағы оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, мектеп қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 531 мың 529 теңгеге оқушының үлгерімі туралы табель, 848 мың 200 теңгеге Мақтау грамоталары сатып алынды. Білімнің қол жетімділігіне екпін түсірудеміз. Шағын ауылдарда 8 бастауыш мектеп, Шу қаласында және Шоқпар ауылында 2 мектеп жанындағы интернат жұмыс істеп, мектебі жоқ 8 елді мекеннің оқушыларына тасымалдау ұйымдастырылған.
– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына қандай жағдай жасалуда?
– Аудан бойынша 2021-2022 оқу жылын 20952 оқу-шы аяқтады. Жалпы орта білім беру мекемелерінде білім алушылардың 2587-і аз қамтылған көп балалы отбасының балалары, 153 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 189 оқушы үйден оқиды, 157 оқушы инклюзивті білім алады, 315 оқушы мектебі жоқ елді мекендерде тұрып жатқан, тасымалдауды қажет ететін балалар және 99 оқушы мектеп-жанындағы интернаттарда тәрбиеленуде. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан және жетім балаларға қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджет қорынан 82 млн. 257 мың 770 теңге бөлініп, аз қамтылған отбасынан шыққан 2587 оқушы ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілді.
– Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану және жазғы демалыс кездерінде қызықты өткізу үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуі үшін, олардың тәрбиесін назардан тыс қалдырмау, олардың қалыпты дамуына тиімді жағдай жасау мақсатында ауданда 7 мектептен тыс мекеме жұмыс істеп, онда 93 үйірме жүргізіліп, 8864 оқушы қамтылған. Жаңа оқу жылында Оқушылар сарайында көркем-эстетикалық, ұлттық қолданбалы, экологиялық-туристік, ІT–технология және әскери-спорттық бағыттағы 73 үйірме ашылып, 1500-ге жуық оқушы қамтылды. Жазғы демалыс кезінде де оқушылар аудандық білім бөлімінің назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Жергілікті бюджеттен 21 млн. 825 мың теңге бөлініп, аудан мектептеріндегі 1-10 сыныптар аралығындағы 20027 оқушының 95,5 пайызы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылды. Оның ішінде 300 оқушы қала сыртындағы лагерьде, 2038 оқушы 10 күндік сауықтыру алаңында, 2431 оқушы туристік саяхаттар мен экскурсияларға, спорттық жиындарға 5982 оқушы мектептен тыс мекемелеріндегі үйірмелерге қамтылды. Жергілікті бюджеттен 12 млн. 654 мың теңге бөлініп, аз қамтылған отбасынан шыққан 300 оқушыға Жуалы ауданындағы «Тау самалы» сауықтыру лагеріне жолдама берілді.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектеп түлектерінің ҰБТ көрсеткіші қай деңгейде?
– «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасындағы міндеттердің бірі – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту болса, бұл мәселе біздің ауданда өз шешімін тапқан. 2021-2022 оқу жылының қорытындысымен қала мектептері бойынша білім сапасы 59,5 пайызды құраса, ауыл мектептері бойынша білім сапасы 62,9 пайызды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша қала мектептерінің де, ауыл мектептерінің де орташа балы 83-ті құрайды.
Дегенмен, жалпы аудан бойынша білім сапасы өткен оқу жылымен салыстырғанда 4 пайызға төмендеген. Яғни, 8 мектептің білім сапасы көтерілсе, 39 мектептің білім сапасы төмендеген 2021-2022 оқу жылында 945 түлек күндізгі мектепті, 106 түлек кешкі мектепті, барлығы 1051 түлек 11-ші сыныпты аяқтады. Оның ішінде 37 оқушы жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа, 32 оқушы «Алтын белгі» белгісіне бітірді. «Алтын белгі» белгісіне ұсынылған М.Әуезов атындағы орта мектептен 1 оқушы, Төле би /қ/ атындағы орта мектептен 2 оқушы қорытынды аттестаттауда ана тілінен эссе жазуда өз білімдерін дәлелдей алмады. Бұл жағдайлардың барлығы мектеп әкімшіліктері тарапынан бақылаудың төмендеуі және пән мұғалімдерінің оқушыларға сапалы білім беруде салғырттық танытқандығының нәтижесі екендігін айта кеткен жөн.
Кеңес педагогы Константин Ушинский «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі», — деген екен. Шынында да аудандағы ұстаздарымыздың бала оқытудағы тынымсыз еңбектерінің арқасында биылғы жылғы ҰБТ нәтижесі өткен жылмен салыстырғанда 0,7 балға көтеріліп, 82,62-ні құрады. ҰБТ тапсырған 631 түлектің 149-ы шығармашылық, 482-і 5 пәннен тапсырды. 5 пәннен тапсырған 482 түлектің 67-і 100-ден жоғары, 45-і шекті деңгейден төмен балл жинады. 2021 жылмен салыстырғанда 100-ден жоғары балл жинаған түлектердің үлесі 1,2 пайызға көтеріліп, шекті деңгейден төмен балл жинаған түлектердің үлесі 2,1 пайызға азайған. Осындай көрсеткіштің нәтижесінде мектеп бітірген түлектердің 230-ы жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына ие болды.
– Ұстаздардың мәртебесін арттырып, беделін көтеру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі боп саналады. Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты. Осы бүгінгі күні өзекті мәселе болып тұр. Аудан мектептеріндегі 2166 педагогтың 94,4 пайызы жоғары білімді, 59,4 пайызы жаңа аттестаттау жүйесіне сәйкес біліктілік санаттарын алған, 18 пайызы ескі форматтағы біліктілік санатына ие, 22,6 пайызының санаты жоқ мұғалімдер.
Жыл сайын педагог мамандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Ағымдағы жылы білім саласына бөлінген қаржының 59,3 пайызы мұғалімдердің жалақысына бөлініп, педагог қызметкерлердің орташа жалақысы 296 мың 440 теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көтерілген. Сонымен қатар, аудан мұғалімдері жыл сайын медициналық тексеруден тегін өтуде. Бұл мақсатқа 2022 жылы жергілікті бюджеттен 17 млн. 959 мың 658 теңге жұмсалды. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап мектеп басшылары мен олардың орынбасарлары да біліктілік санатына қарай 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақыларын алуда. Желтоқсан-мамыр айындағы аттестаттауға 8 директор, 17 директордың орынбасары құжат тапсырып, барлығы аттестатталып, тиісті үстемақыларын алуда.
Ұстаз еңбегі шәкірттерінің білімімен өлшенетіндігін өмір заңдылығы десек, осы орайда, аудандағы жасөспірімдеріміздің жыл ішіндегі қол жеткен жетістіктерін де айтпай кетуге болмас. 2021-2022 оқу жылында түрлі деңгейдегі интеллектуалдық жарыстарға 560 оқушы қатысып, 41 пайызы жеңімпаз атанды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен 3 оқушы, Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінен 2 оқушы, ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінен 4 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, облыстық түрлі пәндік байқауларға, олимпиадаларға, шығармашылық жарыстарға 800-ден аса оқушы қатысып, 436 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Әрине, бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Бастысы, білім саласының беделін биіктету жолындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса береді. Бір сөзбен айтқанда, жетекші саланың көкжиегі кеңеюде.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Шу ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.