Ещё один сайт на WordPress

БАЛАЛАРЫН ОРЫС ТІЛІНДЕ ОҚЫТАТЫН АТА-АНА КӨБЕЙДІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауында «Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», — деген болатын. Дегенмен бүгінде балаларын орыс тілінде оқытқысы келетін ата-аналардың қатары сиремей тұрғаны қынжылтады. Олардың мемлекеттік тілді менсінбеуінің сыры неде? Бүгін осы мәселенің мәнісіне үңіліп көрмекпіз.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Жамбылда 4 орыс мектебінде барлығы 2250 бала білім алуда екен. Айталық, Тараз қаласындағы 1 мектепте 1104, Қордай ауданындағы 2 мектепте 311 және 133, Шу қаласындағы 1 мектепте 702 бала оқып жатыр. Баласын орыс тілінде оқытып жатқан ата-ананың бірі – қала тұрғыны Мөлдір Жандарбекова. Ол отбасымен ақылдасып биыл мектеп табалдырығын аттайтын ұлын орыс сыныбына беруді ұйғарған.
– Бұған дейін 3 және 5 сыныпта оқитын ұлдарым да орыс сыныбына барды. Перзенттерім орыс тілін білсе, келешегіне көп септігін тигізеді. Қазір елімізде орыс тілін білмесең, жұмысқа орналасу да қиын екені жасырын емес. Өзім орыс тіліне шорқақпын. Қоғамдық ортада орыс тілін білмегенім үшін талай мәрте таяқ жеген кезім бар. Қайта біздің өңірде қазақылық басым. Өзге облыстарға барғанда ана тілімізде сөйлейтіндерді некен-саяқ кездестіреміз. Қазір үлкен ұлдарым орысша жақсы біледі. Бір-бірімен емін-еркін сөйлеседі. Кейде қойған сауалдарына өзім де тосылып қаламын. Бүгінде біз секілді баласын орыс сыныбына беретін ата-ана көп. Мәселен, екі-үш қатарласымыздың баласы да орыс мектебіне барады. Кейде «Неге балаңды орыс сыныбына бердің, тәрбиесіне кері әсерін бермей ме?» деп сауал қоятындар да бар. Бірақ дұрыс шешім қабылдағанымызға сенімдімін. Ана тілімізді қолдау керек деп сөз жүзінде ғана айтылып жүр. Шын мәнінде кез келген мекемеге барсаңыз, іс-қағаздардың көбі орысша толтырылады. Жұмысқа орналасқысы келетін жастардың түйіндемесін көрген басшы «орысшаң қалай?» деп сұрайтынына да талай мәрте куә болып жүрміз. Тағы бір жағдайға тоқталайын, жаз уақытында баламды қосымша оқу орталығына беріп, онлайн кезінде үлгермей қалған сабақтарын жетілдіргім келді. Әлеуметтік желіде қай оқу орталығының білімі жақсы екенін білу үшін сауал жолдадым. Байқағаным, ата-аналардың көпшілігі баласын қосымшаға береді екен. Бірден жауап алдым. Көпшілік орталықта орналасқан белгілі оқу орнын нұсқады. Телефон нөмірін тауып хабарласып, маманмен тілдестім. Ойымды айтып, бағасына келіспек болдым. Бірақ қазақ тобы бала саны толмағандықтан ашылмапты. Есесіне, орыс тобы толық, бала саны 25-ке жеткен. Міне, бағамдай беріңіз. Қосымша оқу орталығының өзінде орыс тобының жұмыс істейтінін білдім, — дейді ол.
Мектепте 40 жылдан астам еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаз Айзат Әлібаева немерелерінің орыс мектебіне баратыны жанына бататынын айтады.
– Балам мен келінім бөлек тұрады. Келінім орысша тәрбие алған. Отбасында бәрі де орысша тілдеседі. Немерелерім қазақ тілінде сөйлесін деп, қазақ балабақшасына бергіздім. Бірақ үйренісе алмады. Тілі бұрмаланып, сөздерді анық айта алмайды. Тұтығып, ойын толық жеткізбейді. Тек бір-екі сөзді ғана қазақша айтады. Осылайша орыс балабақшасына ауыстырды. Келер жылы ата-анасы немеремді орыс мектебіне бермек болды, тағы қарсы шықтым. Баланың тілі ана тілінде шығып, ана тілінде ойлануы керек екенін ұғындырдым. Бірақ немерелеріме қиын соқты. Қайта орыс мектебіне ауыстыруға тура келді. Себебі, отбасында бәрі де қазақша сөйлеспейінше, ісімнен ештеңе шықпайтынын түсіндім. Өз тәжірибемнен білемін, қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс мектептерінен кем емес. Сондықтан орыс мектебінде білім сапасы жоғары дейтін ата-аналардың уәжі тек сылтау ғана. Бастысы, ата-ананың өзі орыстілді болған соң осындай шешімге келеді, — дейді зейнеткер.
Белгілі қоғам белсендісі, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжан бұл мәселеге ата-ананы жазғырудан аулақ.
– Тәуелсіздікке ие болған 30 жыл ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Егер қаласақ Тіл туралы қолданыстағы заңмен-ақ Балтық жағалауы елдері, Кеңес үкіметінің құрсауынан шыққан өзге де елдер сияқты мемлекеттік тілдің басымдылығын арттыруымызға болушы еді. Қазақстанда бәсекеге қабілетті тіл, жұмыс тілі бұрынғыша орыс тілі болып қалды. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін орыс тілін шектеп, Қазақстан аумағында мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек еді. Бірақ басымдық берілген жоқ. «Ең үздік үлгі – жеке бастың үлгісі» деген бар. Ал бүгінде биліктің үш тармағы да мемлекеттік тілді насихаттауда үлгі бола алмай отыр. Кезінде премьер-министр, мемлекеттік хатшы жанынан құрылған мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуді қадағалайтын мемлекеттік комиссия болған. Соңғы жылдары оның барлығы тоқтап қалды. Соны қайта қолға алу керек. Биліктің өзі «үңгір ішінен шығып», халық қалаған қазақ тілінде қызмет етуі керек. Біз барлығын Ресейден үйренеміз ғой. Ресейдің өзінде мемлекеттік – орыс тілі туралы заң бар. Ресейде үлкен лауазымды қызметтер атқарған Виктор Черномырдин «орыс тілі – Ресей ұлттық қауіпсіздігінің негізі» деген. Біздің басшылар да осыны айтуы керек. Өйткені әлемдік тәжірибе ұлтты сақтаудың кепілі – тілді сақтау екенін көрсетіп берген. Сондықтан алдымен «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек, ол жерде мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білмейтіндер алынбайды деп анық жазылуы керек. «Тілдер туралы заң» қабылданғанда демографиямыз бір тілге басымдық беруге жетпеген болса, қазір 70 пайыздан астық. Сондықтан қорықпастан бір тілге мәртебе беру керек. Екі тіл қосарланған кезде қазақ тілі жұмыс тілі ретінде бәсекеге қабілетті болмағанын 30 жыл дәлелдеді. Қажет емес тілді ешкім де үйренбейді. Оның үстіне қазіргі ата-аналар тәуелсіздік жылдары өзін-өзі жоғалтқан буын. Олар не қазақ емес, не орыс емес. Олар баласының болашағын өз ойы мен санасының деңгейімен өлшейді. Бірақ тарих дегенін жасайды. Демографиялық, тарихи жағдай соған әкеледі, — дейді ұстаз.
Еңбек ардагері Серікбай Ескермесовтің де пікірі осыған саяды.
– Тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі өзінің тиісті тұғырына қонған емес. Бұл мақсатта қаншама қаржы бөлініп, түрлі жобалар жүзеге асырылғанымен, олардан зор пайда бола қойған жоқ. Мұны әрбір саналы адам мойындайды. Бұған билікпен қоса өзіміздің де кінәміз бар. Себебі қазақ тіліне деген сұранысты туындата алмай отырмыз. Мәселен, дүкенде орыс сатушы тұрса, соған түсінікті болу үшін соның тілінде сөйлеп кетеміз. Бұл әдет 30 жылдан бері кейбір қандастарымыздан кете қойған жоқ. Мемлекет басшысының Жолдауды пікірі әлемдегі геосаяси жағдайды ескеріп әрі толеранттылықпен айтылған болар деп топшылаймын. Енді осы сөзден соң аралас, орысша мектептердің көбеймесіне кім кепіл? Шынын айту керек, мұндай білім ордаларының саңырауқұлақтай қаптауы мемлекетімізді ұшпаққа шығармайды.
Жоғарыдағы ойымды сабақтай түсер болсам, бізде орыс тіліне деген сұраныс та азайып келеді. Айталық, қазағы қалың өңірлерде орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді емге таппайсыз. «Орыс тілін білмесең, аш қаласың» дейтін кеңестік түсінік келмеске кеткен. Сол себепті балаларымыздың ертеңі нұрлы болсын десек, оларды орыс тілінен гөрі ағылшын тіліне қарай бейімдегеніміз жөн, — дейді Серікбай Тұрымұлы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны кезінде ата-аналардан 400 мың өтініш түскен. Ал олардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Сондай-ақ жалпыұлттық халық санағының қорытындысы бойынша да еліміздегі қазақтың үлесі 70 пайыздан асып жығылады екен. Осы сандардың өзі көп нәрсені аңғартса керек. Қазақта «Қай тілде білім алса сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөз бар. Келешекте ел тізгінін қолына алатын өскелең ұрпақты тәрбиелегіміз келсе осы тәмсілді қаперден шығармаған абзал.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.