АБЫРОЙЫ АСҚАҚ АЛТЫН ҰЯ
Биылғы дәстүрлі Тамыз кеңесінде көптеген білім ордасы арнайы номинацияларға ие болды. Солардың сапында «Ең үздік ауыл мектебі» атанған Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясыда бар.
Аталған оқу ошағы 1988 жылы А.Макаренко атындағы орта мектеп болып ашылған. Азаттықтың ақ таңы атқан тұста оған тарих ғылымдарының докторы, профессор Нығметулла Киікбаевтың есімі берілді. 2016 жылы білім ордасы мектеп-гимназия дәрежесіне ие болды. Бұған дейін де мектептің беделі биікте болатын. Бұл дәреже оқу ошағының абыройын одан әрі асқақтатып, жетістіктерге бастады. Айталық, 2006-2011 жылдар аралығында оқу ошағы өзін-өзі тану пәнін мектептерге енгізу ісі бойынша республика көлеміндегі эксперименттік алаң боп жұмыс істесе, 2009-2010 жылдары оқу ордасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық білім беру сапасын бағалау» орталығының тірек мектебі болды. Ал 2019 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогикалық тәжірибесін табысты таратуға және танытуға, жалпы орта білім беретін ұйымдардың жағдайында тәжірибені бейімдеуге арналған алаң ретінде жетекші мектеп болып белгіленген. Сонымен қатар 2020 жылы мектеп-гимназияға «Smartschool» ақылды мектеп жобасы енгізілді. Осының аясында мектепке турникет орнатылып, асханасы мен кітапхана қызметі автоматтандырылды. Мектеп кітапханасындағы оқырман картасын жүргізу жұмысы да сандық жүйеге көшірілді. Мектеп ғимаратына кіріп-шығу, кітапханадан кітап алу, асханадан қажетті асын алу кезінде төлем жасау тағы басқа қызмет түрлері білім ордасы қызметкерінің куәлігі және оқушы куәлігі арқылы жүзеге асырылады. Оқушының мектепке қай уақытта кіргені, мектептен қай уақытта шыққаны, кітапханадан қандай кітапты оқуға алғаны, асханадан қандай тағам түрін сатып алғаны туралы ата-аналардың Telegram ботына смс хабарлама келіп тұрады.
1988-2008 жылдар аралығында, 20 жылға жуық уақыт мектепті Еңбек ардагері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қосымова Гүлнар Ғаббасқызы басқарған болатын. 2015 жылдан бастап оқу ордасының тізгінін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Гүлбахрам Ермекова ұстауда.
– Қазіргі таңда гимназияда 2042 оқушы білім алып, 227 ұстаз жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде. Мектеп педагогтерінің сапалық құрамы 50 пайызды құрайды. Оның ішінде 17 педагог-шебер, 32 педагог-зерттеуші, 57 педагог сарапшы бар. Мектептің қол жеткізген табыстары баршылық. Атап айтсақ, 2015-2022 жылдар аралығында «Алтын белгі» төсбелгісін мектеп-гимназияның 52 оқушысы иеленсе, облыстық, республикалық пәндер олимпиадалары мен түрлі байқауларда 1000-нан аса оқушымыз жеңімпаз атанды. Республикалық «Мың бала» олимпиадасынан 13 оқушы, «Айқанат» олимпиадасынан 5 оқушы олжалы оралды. 2022 жылы елордада Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастырған WorldRobot Olympiad-2022 халықаралық байқауының аймақтық жарысында «FutureInnovators» номинациясы бойынша мектебіміздің «GoRobot» командасы қатысып, өрт қауіпінің алдын алу және хабарлау құрылғысын таныстырды. Сондай-ақ 2019 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтетін Қазақстан интернет олимпиадасының рейтингісінде ІІІ орынды, 2020 жылы ІІ орынды, 2021 жылы І орынды иеленіп, «КИО» кубогымен марапатталды. 2019-2020, 2020-2021 оқу жылдарының қорытындысы бойынша Байзақ ауданы білім мекемелерінің жетістік рейтингісі бойынша ІІ орынды иеленіп, «Инновациялық даму жолындағы мектеп» номинациясын иеленді. Ал 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша Байзақ ауданы білім мекемелерінің жетістік рейтингісі бойынша І орынды еншіледі, — дейді мектеп басшысы Гүлбахрам Серікқызы.
Оқу ордасы директорының өзі де былтыр дене шынықтыру және спорт саласында білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Жалпы білім беру ұйымының үздік директоры» номинациясымен марапатталғанын да айта кеткен жөн.
Алтын ұяның толағай табыстары тек мұнымен шектелмейді. Мәселен, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұрат Рауанның жетекшілігімен Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйым-
дастыруымен өткен волейболдан «Шұбар доп» Ұлттық мектеп лигасының республикалық деңгейінде қыздар командасы ІІІ орынды еншілесе, футболдан «Соcа-Соlа Былғары Доп – 2019» республикалық турнирінде мектеп-гимназияның оқушылар командасы чемпион атанды. Сонымен қатар, педагогтардың сапасын көтеру арқылы бақылау мен бағалаудың нәтижесін жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың арқасында мұғалімдердің кәсіби шеберліктері артып, көптеген жарыстарда үздік болуда. Соның айғағы – 2018 жылы облыстық «Ең үздік тәрбиеші» байқауында мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі Самал Жакипбаева бас жүлдені алса, өткен жылы «Дарынды балаға талантты ұстаз» атты республикалық жас мамандар байқауында кешегі мектеп түлегі, бүгінгі жас маман Ғайни Тыныштықова жеңімпаз атанды. Ағымдағы жылы облыстық «Математикалық регата» байқауында жас маман Нұрымбет Әбдікәрім жүлделі үшінші орынды иеленген.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі заманның басты міндеті. Осы жолда Киікбаев атындағы гимназияның ұжымы бар күштерін аямай, еңбек етіп келеді. Жоғарыдағы жетістіктер соған берілген әділ баға.
Қорыта айтқанда, айшықты алтын ұя «Ең үздік ауыл мектебіне» лайық екендігін уақыт өткен сайын дәлелдеуде.
Қ.Аманкелдіұлы,
журналист,
Байзақ ауданы.