Ещё один сайт на WordPress

ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ БАР МЕКТЕПТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

0

Жадыраған жаз мезгілі аяқталып, жаңа оқу жылы табалдырықтан аттады. Білім саласында биыл көптеген өзгерістер орын алып жатқаны белгілі. Өткен оқу жылы өңіріміздің білім саласы үшін қандай жетістіктермен аяқталды? Келешекке қандай жоспарлар белгіленді? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовке бірқатар сауал жолдаған едік.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасап, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешуді тапсырды. Облысымызда бүгінде аталған бағыттағы жұмыстарды қалай жүзеге асыру жоспарлануда?
– 2022 жылға құрылысы жоспарланған 10 мектептің 6-уы ағымдағы жылдың 1 қыркүйек күні пайдалануға берілді. Осылайша бүгінгі күні 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы, 4 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы толығымен аяқталып, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, 2023 жылы 5 мектеп есігін айқара ашады деп жоспарлануда. Бұлар орын тапшылығы мәселесін шешсе, 1 мектеп тозығы жеткен білім ордасының орнын алмастырмақ.
– Президенттің тапсырмасы бойынша педагог тапшылығы бар немесе білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтарды тарту үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Облысымызда бұл бастама қалай жүзеге асуда? Өзге өңірлерге жіберілген жамбылдық мұғалімдердің үлесі қанша және оларға қандай жағдайлар жасалуда?
– Аталған бағдарлама бойынша министрлік Маңғыстау, Түркістан, Атырау, Алматы облыстарына баратын ұстаздарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынып жатыр. Мысалы, жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдаулар. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектепке жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі. Нақты іске асатын кейбір тетіктері әлі де ведомствода талқыланатын болады.
– Енді жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін тест тапсырады. Сынақтан сүрінгендер де баршылық. Бұл мәселені шешудің жолы қандай?
– Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурстық негізде нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылуда. Алайда, конкурсты өткізу барысында жас мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде қиындықтар туындауда. Бұл конкурсқа қатысушы кандидатты баға-лау парағындағы өлшем шарттарында көрсетілген балл сандары төмен болуына байланысты. Жас мамандардың мүддесін қолдау мақсатында аталған мәселе ҚР оқу-ағарту министрлігінде қаралуда.
– Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу облыс мектептерінің түлектері үшін қандай нәтижемен аяқталды?
– Мектептен түлеп ұшқан 11 мыңнан астам түлектің 428-і «Алтын белгі» аттестатын қорғаса, 706 оқушы үздік аттестат алды. 1218 бітіруші ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинады. Дегенмен, түлектердің ҰБТ-ға қатысу үлесі Қордай ауданында 43,9 пайызды құрап, ең төменгі көрсеткішті құрап отыр. Ал шекті деңгейден өтпеген бітірушілердің басым бөлігі – Қордай мен Жуалы аудандарының жасөспірімдері –11 мектеп 2 жыл қатарынан төмен нәтиже көрсетті.
– Өткен оқу жылында оқушылар қандай жетістіктерге қол жеткізді және дарынды балаларды қолдау мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Дарынды оқушыларымыз биылғы жылы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 187 медальді иеленді. Оның ішінде 44 медальді – Халықаралық білім жарыстарында алды. Республикалық ғылыми жоба жарысында облыс командасы 13-ші жыл қатарынан жүлделі І орынды иеленді. Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды.
Аталған мектептің оқушылары Сапыбек Дінмұхамед пен Салдан Ануар 18-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медальдарды қанжығаға байлап, Сапыбек Дінмұхамед Қазақ-Британ техникалық университетінің 100 пайыздық грантына ие болды. Сондай-ақ ол Өзбекстанда өткен халықаралық Әл-Ферғани атындағы физика олимпиадасында күміс медаль иегері атанды. Сонымен қатар, республикалық Қ.Сатпаев олимпиадасында Қоршыбек Диас топ жарып алтын медальді, Шарел Марғұлан Леонард Эйлер атындағы Халықаралық математикалық олимпиададан Алтын медальді, Халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медальды және математикадан өткен Халықаралық Балқан олимпиадасынан алтын медальді иеленді. Королев қаласында Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі Департаментінің ұйымдастыруымен офлайн форматта өткен оқушылардың «Адам – Жер – Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми – зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасына қатысқан 12 оқушы Алтын және Күміс медаль иегерлері атанды. Сонымен қатар, «Елбасы медалі» жобасында 208 оқушы Елбасының медальдарын иеленді, оның ішінде 1 алтын, 5 күміс және 202 қола медальдар. Қазір 91 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылса, 110 оқушы «Бірге оқу» онлайн мектебінде білім алуда. Осы жетістіктердің барлығы облыс оқушыларының «Балалар жылына» қосқан тартуы.
Өңірде дарынды оқушыларға қолдау көрсету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша 54 IT сыныптары ашылды. 274 мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталды. Облыстың 100 мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі таратылуда, 343 мектеп серіктес мектеп ретінде жұмыс істейді. «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы 2 мектепке енгізілген. Дарынды балаларды қолдау мақсатында 300 орындық IT лицей-интернаты ашылды. Бүгінгі күні облыста дарынды балаларға арналған 5 мамандандырылған білім беру ұйымдары жұмыс істейді.
Дарынды жастарымыз жаңа дәуірдегі қазақстандық-
тарға бағдар болатын биік асуларға жетуді мақсат етіп, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында өздерінің терең білімдерін көрсететіні анық.
– Ерекше қажеттілігі бар балаларға нендей жағдай жасалуда?
– 2021-2022 оқу жылында 28 арнайы ұйымда ерекше білім берілу қажеттілігі бар 6403 балаға қызмет көрсетілуде. Жалпы білім беру ұйымдарында 1005 бала инклюзивті, 1837 бала үйден оқытылса, 2320 бала мектепке дейінгі мекемелерде, 501 бала арнайы интернаттарда, 314 бала арнайы түзету сыныптарында, 257 бала логопункттерде, 169 бала колледждерде білім алуда.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында 2020-2021 оқу жылында 5 ресурстық және инклюзивті қолдау кабинеттері ашылса, 2021-2022 оқу жылында Тараз қаласында «Аутизм орталығы» ашылып, материалдық-техникалық базалары жабдықталды. Сондай-ақ облыстық психологиялық — медициналық — педагогикалық консультацияларына облыс әкімі Н.М. Нұржігітовтің бастамасымен және демеушілердің көмегімен 150 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынып, материалдық — техникалық базасы нығайтылып, 5 қызметтік автокөлік берілді.
– Облыс бойынша білім беру мекемелеріндегі жылыту маусымына дайындық қалай жүргізілуде?
– Бүгінгі күні аймақтағы білім нысандары жылыту маусымына 99,4 пайызға дайын. Келісімшарт негізінде тасымалдау жұмыстары жүргізілуде, қазан айына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
– Бүгінде облысымызда балабақшаларды лицензиялау қалай жүргізілуде? Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қандай талаптар қойылған?
– Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту қашанда басты назарда. Бүгінгі күні облыста 571 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 57333 бала тәрбиеленуде. Оның 217-і жекеменшік негізде. Балабақшаларды лицензиялау кезең-кезеңімен жүргізілетін болады және оны енгізу 2024 жылға жоспарланған. Яғни, бұл мектепке дейінгі ұйымдарға жұмысты сапа стандарттарына сәйкестендіру үшін уақыт берілетінін білдіреді. Балабақшаларды лицензиялау олардың жұмысын жақсартып, жемқорлықты азайтады және күрт қысқартуға әкелмейді. Лицензия алу үшін балабақшалар ең төменгі біліктілік талаптарына сай болуы керек. Егер балабақшаның жұмысы талапқа сай болса, онда ол еш қиындықсыз лицензия алады. Министрлік 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен лицензиялауды енгізеді. Балабақшадағы жұмысы сапалы жүріп жатқан кәсіпкерлерге қорқатын ештеңе жоқ. Бірінші кезеңде енді ашылып жатқан мектепке дейінгі ұйымдар лицензия алады. Бұл жылына шамамен 200-дей балабақша. Келесі кезеңде – қайта мемлекеттік аттестациядан өте алмаған мектепке дейінгі ұйымдар. Содан кейін тәуекелді бағалау дәрежесіне байланысты қалған барлық жұмыс істеп тұрған балабақшалар өтеді.
– «Бүгінде мұғалімдерге тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болды» деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Қосымша ақы қанша пайыз мөлшерін құрайды және оны қанша тәлімгер иеленуі мүмкін?
– 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждер мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Сонымен қатар мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл – біліктілік санаты үшін магистр дәрежесі үшін, сабақтарды ағылшын тілінде жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін ай сайын қосымша ақы төленетінін де естеріңізге саламыз.
– Биыл облыс колледжеріне қанша бала қабылданды және олардың нешеуі грант негізінде білім алуда?
– Ағымдағы 2022-2023 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім алуға 5734 білім гранты бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 2518 орынға артып отыр. Жалпы барлығы 8195 талапкер колледжге оқуға қабылданды. Оның 5734-і грант иегерлері, 2461 ақылы бөлімге қабылданған. Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен электрондық үкімет порталы Egov.kz арқылы, SmartNation арқылы құжаттарды тапсырды.
Биыл екінші жыл мемлекеттік білім беру тапсырысы «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша бөлінді. Яғни, колледждерге талапкерлердің таңдауы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.
Талапкерлердің оқуға қабылдану нәтижесін Ақпараттық жүйе арқылы жасалынған ранжирование қорытындысы негізге алынды. Ранжирование қорытындысы, яғни талапкерлердің оқуға қабылданған тізімі сайтқа орналастырылып, талапкерлерге хабарлама жіберілді.

Р. Ильясқызы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.