Ещё один сайт на WordPress

ТҰЛҒА БОЛУҒА ТАЛПЫНҒАН

0

 

Таяуда «Шұғыла» қорының бастауымен және «Дария дамыту» орталығының ұйымдас-тыруымен «Тұлға болам» атты республикалық кітап оқу сайысының нәтижелері жарияланды.

Жастардың кітап оқуға құлшынысын арттырып, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыру мақсатымен ұйымдастырылған аталмыш сайысқа барлығы 12000 оқырман қатысып, өз бақтарын сынаған.
Аталған сайыстан жамбылдықтар да құр алақан қайтқан жоқ. Атап айтсақ, іріктеудің 3 кезеңінен үздік нәтижелер көрсетіп, финалға жолдама алған Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Нұрғанат Бақытжанұлы ақтық мәреде топ жарып, MacBook Air құрылғысын олжалады.
– Қазір жасыратыны жоқ, балалар арасында кітап оқу үрдісі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, замандастарым бос уақытының көп бөлігін түрлі гаджетке үңілумен өткізеді. Бұл біздің елде ғана емес, әлемдік деңгейдегі түйткілді мәселеге айналып отыр. Қолға алынған осы шарамыз аталған мәселені шешуге аз да болса септігін тигізері сөзсіз. Сайыстың басты мақсаты – жастардың кітап оқуға құштарлығын ояту. Оқушы жас ұрпақ арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру әрі жандандыру, сол арқылы төл құндылықтарымызды насихаттау. Сайыстың ережесі бойынша, қатысушылар қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті классиктерінің кітаптарын оқудан жарысады. Олардың әрқайсысы 3 кезеңде 3 кітапты оқып бітіруі тиіс. Әр кезеңнің соңында кітап бойынша онлайн тест тапсыру арқылы үміткерлер анықталды. Алғашқы кезеңде біз Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасын оқысақ, екінші кезеңде Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» туындысының бірінші бөлімін оқу тапсырылды. Соңғы 3-кезеңде «Он бес жасар капитанның» 2-ші бөлімін оқып шықтық. Әдеби кітапты оқыған бала өмірде табысты болып қана қоймай, бақытты да болады екен. Абай атамыз айтқандай жүрек ақылы бар адамдар мейірімді болады. Дамыған АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяда кітап оқуға көп мән берілген, соның арқасында жетекші елдер қатарында. Ерекше атап өтерлігі, жобаға қатысу тегін, ешкімнің қалтасына салмақ салмайды, тек кітап оқыса болды, — дейді Нұрғанат.
Біз де өз кезегімізде ойлы оқырмандары-мыздың қатары көп болғай деп тілек білдіргіміз келеді.

Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.