ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН ҮЗДІК ҰЙЫМ
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен дәстүрлі Тамыз кеңесінде білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар оқу ордалары марапатталған болатын. Солардың бірі – Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы №9 мектеп-лицей «Орта білім беретін үздік ұйым – 2022» атанып, 34 млн. теңгенің сертификатын иеленді.
Мектеп жастардың талабын шыңдап, түлеп ұшар тұғыры екені даусыз. Ұлттың рухани байлығы – білімінде десек, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал, сол білімнің сарқылмас
көзі – мектепте. Күні кеше Мұхтар Әуезов атауын алған жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі жүктелген сенімнің үдесінен үнемі шығып келеді. Осы орайда 2018 жылы оқу ошағында бейіндік, бағдарлық білім алуын дамыту мақсатында жаратылыстану-математика бағытында білім беретін лицей сыныптары ашылып, қазіргі таңда 368 оқушы білім алуда. Ал, жалпы білім ордасындағы оқушылар саны – 1712 бала. Сондай-ақ лицейде 181 педагог қызмет атқарса, олардың барлығы дерлік жоғары білімді әрі біліктілік санаттарының иегерлері. Сонымен қатар олардың сапында «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленген, Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған ұстаздардың үлес салмағы басым. Авторлық бағдарлама мен әдістемелік оқу құралдарын шығарып, облыстық деңгейде өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп жүргендері қаншама?!
– Ұстаздарымыз сапалы білім беріп қана қоймай, өздерінің кәсіби біліктілігін шығармашылық байқауларда шыңдауда. Айталық, облыстық «Педагогикалық идеялар фестивалі», үш тілді жетік меңгерген жастар арасында ұйымдастырылған «Тіл шебері», «Бала – біздің болашағымыз!»,«Үздік төңкерілген сабақ», «Дарынды балаларға-талантты ұстаз» атты педагогикалық байқаулардың жүлдегері атанған әріптестеріміз баршылық. Ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Тәрбие мен білім қатар жүрсе ғана бәсекеге қабілетті, жан-жақты, өзіндік мені қалыптасқан ұрпақ өсері анық. Мектебімізде ойы ұшқыр, логикалық және шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, қазіргі заман талабына сай, өз елін сүйетін патриот азаматтар тәрбиеленуде. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында мектеп-лицейін
4 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісімен аяқтаса, 8 түлек үздік аттестатқа қол жеткізді. Дарынды жеткіншектеріміз де республикалық, халықаралық жарыстардан жүлделі орындар иеленуде, — дейді мектеп директоры Болатбек Қыстауов.
Расында, мектеп оқушылары толағай табыстарға қол жеткізуде. Атап айтқанда, Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық жаратылыстану-математика бағытындағы олимпиадасында Әмірқұл Әлішер ағылшын-математика пәнінен І орын, Османпаша Османов ағылшын-биология пәнінен І орын, Жақсылық Данияр информатика пәнінен ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ халықаралық «I Geniues – 2021» байқауында Бекнұр Тәңірберген, Шаттық Әшімбек, Бекайым Серікбай «3Д редактирование» атты ғылыми жобасын қорғап жеңімпаз атанды. Бұл олардың жетістігінің бір парасы ғана.
Мектептің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен жасалынған өзара ынтымақтастық меморандум келісімі өз нәтижесін беруде. Айталық, облыс көлемінде химия, биология, математика пәндері бойынша олимпиада өткізіліп, оқушылардың білімін шыңдауға өз септігін тигізді. Мектепте енгізілген прогрессивті жобалар жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға зор мүмкіндік беруде.
– Республикалық, облыстық деңгейдегі тәжірибелік-эксперименталдық жұмыстар-
ды жүзеге асыру бойынша мектепте «Мектеп — сүйіспеншілік мекені» пилоттық жобасы мен Республикалық денсаулықты нығайту эксперименталды алаңы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар тәрбие жүйесінде білім алушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көркемдік-эстетикалық, еңбек және дене тәрбиесінің іске асырылуын қамтамасыз ететін сабақтан тыс іс-әрекеттің әртүрлі нысандары ұйымдастырылады. Атап айтсақ, ата-аналарды мектеп өміріне белсенді араластыру мақсатында «Отбасы – сүйіспеншілік мекені» педконсилиумі, «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша отбасы мүшелерімен бірігіп кітап оқу, «Парасатты отбасы» байқауларына қатысу, волонтерлық, қайырымдылық жұмыстар, әртүрлі спорттық шаралары жүргізілуде. Бұған қоса «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Балалар мен театр», «Дәстүр мен ғұрып» жобасы, «Үнем – қоғам қуаты», «Құқықтық мәдениет», «Еңбек – елдің мұраты», «Туған елге тағзым» жобалары мен өлкетанулық-зерттеу эскпедициясы және «Талмен бірге өсейік», «Мектепке кітап сыйла», «Менің Отаныма – менің бастамам» акциялары да балалардың таным көкжиегін кеңейтуде. «Жомарт түлек» акциясы да жемісті жүзеге асып, демеушілердің қолдауымен оқушыларды жан-жақтылыққа тәрбиелеу мақсатында «Дыбыс жазу студиясы», «Шахмат алаңы» іске қосылды. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру, еңбекке баулу, белгілі бір кәсіпті меңгеруге дәріптеу үшін 2001 жылғы түлектердің сыйға тартқан «Жылыжайы» да ашылып, «Жас натуралистер» тобы қияр, қызанақ егіп, күтіп-баптап, жемісін алуда. Енді алдағы уақытта білім ордасы жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша республикалық олимпиадасына қатысуды, мамандандырылған мектептер арасында, ЖОО, кәсіптік колледждермен серіктестік жасай отырып, жаңа мүмкіндіктерге қолжеткізуді, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадаларының резервтерін дайындауды және оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа жобалар енгізуді мақсат етіп отыр. Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда болашақта мектебімізде «Отбасы – орта мектеп», «Еңбек – елдің мұраты», «Қоғамға қызмет», «Мектептегі бір күн» жобалары іске асырылып, «Жас ұлан», «Жас Қыран», «Жас сарбаз» балалар қоғамдастығы құрылады. Осы жобаларды іске асыру білім алушылардың тәрбиелік, өмірлік кеңістігінің әлеуетін кеңейтуге, жеке тұлғаның өзекті қажеттіліктері мен қабілеттерін іске асыруға мүмкіндік бермек, — дейді Болатбек Тәңірбергенұлы.
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, осы жолда білікті ұстаздарымыз еліміздің ертеңгі ел тұтқасын ұстар жан-жақты, дарынды балаларын білім шыңына жетелеуде аянбай еңбек етуде. Талабы таудай, қабілет-қарымы мол, ізденімпаз жастар көбейіп, адамзат игілігіне үлес қосып жатса, олар ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой бола бермек.
Құрмаш Қаптағай,
журналист.
Меркі ауданы.