Ещё один сайт на WordPress

АТТЕСТАТТАУҒА АТҮСТІ ҚАРАЙТЫНДАР АЗ ЕМЕС

0

Еліміздегі білім сапасын арттырып, жас ұрпаққа саналы тәрбие беру қашанда зор маңызға ие. Бұл тұрғыда білім сапасын бақылау департаменттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Соның нәтижесінде саладағы көптеген олқылықтар анықталып, кемшіліктер түзетілуде.
Жаңа оқу жылының қарсаңында Жамбыл облысында білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаевамен жолығып, саладағы бірқатар мәселелер жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Дәмеш Шайхықызы, биыл еліміздегі балабақшалардың 80 пайызы мемлекеттік аттестаттаудан өте алмағаны бәрімізге мәлім. Бұл, әрине, сапа бойынша кінәраты бар дегенді білдіреді. Бүгінде облысымызда балабақшаларды лицензиялау қалай жүргізілуде? Қаншасы өтті, өтпегендерге қандай талап қойылды?
– Сіздің сауалыңызға жауап бермес бұрын, әуелі департаменттің негізгі қызметіне тоқтала кеткім келеді. Департамент ҚР Оқу-ағарту министрлігінің осы өңірдегі өкілі болып табылады. Біздің жұмысымыз – білім беру мекемелерін тексеру, зерделеу, апостельдеу, лицензиялау, аттестаттау және арыз-шағымдармен тиісті жұмыс жүргізу. Ал енді сіздің сұрағыңызға келсек, бүгінгі күні қаңтар-маусым айларында біз 21 балабақша, 31 мектеп және 5 колледжді мемлекеттік аттестаттаудан өткіздік. Оның ішінде 3 балабақша, 2 мектеп аттестаттаудың бірінші кезеңінен сүрінбей өтсе, қалғандары тек екінші кезеңге жіберіліп ғана аттестацияланды. Бұл жерде біз құжаттардың дұрыстығына, мемлекеттік стандартқа сәйкес сағаттардың дұрыс жүргізілуі, пәндердің дұрыс қойылуы, педагогтер мен материалдық-техникалық базаның сай болуына жіті мән береміз. Барлығына сараптама жүргізіліп, кем-кетіктер бойынша білім басқармасы мен бөлімдеріне, мекемеге арнайы хат жолдаймыз. Жалпы лицензиялау мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Негізі бұл бұрыннан келе жатқан рәсім.
Осы орайда айта кетерлігі, балабақшалар 2011 жылға дейін лицензиялаудан өтіп тұрды. Алайда сол жылы «Балапан» бағдарламасы өмірге келіп, орын тапшылығы шешілмей тұрғандықтан бұл процесс тоқтатылды. Сөйтіп оларға СЭС пен төтенше жағдайдан рұқсат алып, өздерінің ашылғаны туралы хабарлама берсе жеткілікті болды. Бірақ балабақшада мемлекеттік стандарт қаншалықты орындалып жатыр, талаптар іске асуда ма бұған мән берілген жоқ. Енді биыл министр балабақшаларды лицензиялауға тапсырма берген соң көптеген мектепке дейінгі ұйымдардың жағдайы белгілі болып қалды. Себебі олардың көпшілігінде кадр сапасы өте нашар. Көптеген жекеменшік балабақшалар тәрбиешілердің біліміне мән бермейді. Соның салдарынан білім ақсайды, сапа құлдырайды. Сол үшін лицензиялау өте дұрыс үрдіс. Қазір көшеге шыға қалсаңыз тұрғын үйдің ішінен ашып алған балабақшалардан көз сүрінеді. Бірақ бұл бір күнде бітетін жұмыс емес, барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірақ бір балабақша талапқа сай емес екен деп оны ешкім жауып тастамайды. Кемшіліктерді түзету үшін уақыт беріліп, сол бойынша тиісті жұмыстар жасалады.
– Биыл оқу орнын тәмамдаған жас түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін тест тапсыруға міндетті. Алайда, көпшілігі бұл сынақтан сүрінуде. Бұл мәселе қалай шешілмек?
– Жасыратыны жоқ, әлі де кейбір адамдар «жұмысқа таныс арқылы орналасу» деген түсініктен арыла алмай келеді. Бұл дұрыс емес. Қазір қай мектепте қанша орын бос тұрғаны ашық әрі қолжетімді. Соған байланысты тест тапсырып, қалаған білім ордасына жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол. Ал осы ретте мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау тәртібі қалай? Сол жөнінде айта кетсем. Ең бірінші кезекте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос және уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады. Шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, барлық бос және уақытша бос лауазымға мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізеді.
Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтің бос және уақытша бос лауазымына өткізіледі.
Бос лауазымдар болған жағдайда әрбір педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы тиіс.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде қажетті құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде жолдайды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға тыйым салатын сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе қылмыстық құқық бұзушылық немесе педагогикалық әдеп нормаларын бұзу туралы мәліметтер анықталған жағдайда, педагог конкурстың кез келген кезеңінде шеттетіледі.
Ең көп балл жинаған кандидат конкурстан өтті деп есептелінеді және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындауға ұсынылады.
Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін немесе комиссияның оң қорытындысын алған кандидатпен білім беру ұйымының басшысы еңбек шартын жасасады және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Егер конкурс нәтижесінде комиссия бос лауазымға орналасуға кандидаттарды анықтамаса, конкурс өткізілмеді деп танылады.
Кандидаттар конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларына сәйкес шағым береді.
Педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына кандидатты бағалау 1-20 балл аралығында болады. Онда кандидаттың білім деңгейі, ғылыми/академиялық дәрежесі, Ұлттық біліктілік тестілеуі, санаты, педагогикалық қызмет өтілі, әкімшілік және әдістемелік қызмет тәжірибесі, кәсіби жетістіктердің көрсеткіштері яғни олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері, ғылыми жобалар, олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері, «Үздік педагог» конкурсының қатысушысы, «Үздік педагог» конкурсының жүлдегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», қоғамдық-педагогикалық қызмет, әдістемелік қызмет пен курстық дайындықтарына балл қойылады, максималды балл – 83 құрайды.
Кандидаттардың балл саны тең болған жағдайда конкурстық комиссия әңгімелесу өткізу туралы шешім қабылдайды, нәтижесі бойынша қызметке тағайындауға кандидат айқындалады.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша педагогтердің біліктілік тестілеуі қандай нәтижемен аяқталды? Аттестациядан өтпеген мұғалімді директор жұмыстан босатуға құқылы ма немесе бұрынғы категориясы бойынша жұмысын жалғастыра ала ма?
– Педагогтер біліктілік тестілеуін тапсырған соң жетістіктері жинақталған портфолиосын өткізеді. Соған қарай тиісті ұпай беріліп, дәрежесі бойынша санатқа ие болады. Бұған арнайы комиссия құрылады. Жалпы педагогтер 5 жылда бір рет біліктіліктерін қорғайды. Алайда көпшілігі ертерек өзге санатқа өткісі келеді де сынақ тапсыруға ұмтылады. Ал егер мерзімі келіп тұрып, тесттен өте алмаса онда біліктілік дәрежесі бір сатыға төмендейді.
– Өзін өзі тану пәні мұғалімдерінің жағдайы қалай болмақ? Осы пән бойынша қорғаған категориялары мерзімі аяқталғанша сақтала ма?
– Әрине, олардың категориялары толығымен сақталады. Бүгінде білім бөлімдері осы мамандардың тізімін алып, бұл мәселені басты назарға алып отыр.
– Қазіргі таңда магистр дәрежесі бар мектеп мұғалімдеріне қосымша үстемақы төленеді. Бұл төлем балабақша тәрбиешілеріне қарастырылған ба?
– Өкінішке орай, бұл жеңілдік тәрбиешілерге қарастырылмаған. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табарына сенім мол.
– Департамент тарапынан жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру мекемелеріне мониторинг жүргізілуде. Зерделеу нәтижесі қалай болды және қандай мәселелер туындауда?
– Әлі зерделеу жұмыстары толығымен аяқталған жоқ. Бірақ бірқатар мәселелер орын алуда. Мәселен, көптеген оқу ордалары әлі де жаңа оқу жылына дайын емес. Сондай-ақ «Kundelik.kz» жүйесіне қатысты мәселе өте көп. Әсіресе бағаны көтермелеп қою, оны қайтадан өзгерту сынды жайттар аз емес. Кейбір әріптестеріміз бұл кемшілікті байқамай қалады деп ойлайды. Бірақ ол жүйеде бәрі анық әрі ашық көрсетілген. Одан соң арыз-шағым мәселесі де ойландырады. Ешкім арыз-шағымды еріккеннен жазбайды. Айталық, бір ата-ана мектеп басшысына бір мәселемен жүгінеді. Ал директор жүре тыңдағандықтан ол мәселе шешімін таппайды. Содан ол адам құзырлы органдарға немесе біздерге шағымданады. Осыны білім беру ұйымдарының басшылары жете түсінуі керек. Кейбір мектеп директорлары тіпті білім ошағында қанша мұғалім барын, оның нешеуі қандай біліктілік дәрежелеріне ие екендігін де білмейді. Бұдан бөлек аттестаттауға келгенде де бірқатар мәселелер бар. Өкінішке орай, аттестаттауға атүсті қарайтындар аз емес. Оның айғағы – біз қаншама рет дәлелді кемшіліктерді көрсетсек те, соны түзетпей қайталайтын білім беру мекемелері бар. Сондай-ақ 2022 жылы мемлекеттік білім беру ұйымдарына қабылданған педагогтардың 30,7 пайызы аптасына 16 және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар бос лауазымға конкурссыз қабылданып, білім беру ұйымдары тарапынан Қағиданың талабы бұзылған. 17,5 пайызы конкурспен қабылданған. Алайда, конкурстық комиссияның шешімдерін рәсімдеуде, конкурстық комиссияның құрамын жасақтауда, құжаттар жинағын қабылдауда Қағида талаптары сақталмаған.
Сонымен қатар, 142 кандидат бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне педагогикалық әдептің бұзылуы туралы сұрау жіберілмеген.
Мониторинг нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, облыстық білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жолданды.
Осы сәтті пайдалана отырып, барша әріптестеріме жаңа оқу жылында жарқын жетістік, мол табыс тілегім келеді. Білім саласының беделі биіктей берсін!

Сұхбаттасқан Қ. АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист (суретте).

Leave A Reply

Your email address will not be published.