ЖЕТІСТІГІ ЖЕМІСТІ БІЛІМ ОШАҒЫ – МЕМЛЕКЕТ ІРГЕТАСЫНЫҢ МЫҚТЫ ТІРЕУІ
1875 жылы негізі қаланған В.Савва атындағы №9 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі ғасырдан астам уақыт аралықта, тарих толқынының арнасында, аудан орталығындағы білімнің қара шаңырағы болып қалыптасты. Бұл мектепте 1907-1910 жылдары елі үшін еңіреп туған мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, 1909-1912 жылдары Мақсұт Жылысбаев білім алды. 1941 жылы мектеп жаңа екі қабатты ғимаратқа көшіріліп, орыс тілде оқытатын 10 жылдық білім беру жүйесіне ауысты. Алғашында осы мектеп ғимараты 1941-1944 жылдар аралығында госпиталь ретінде пайдалануға да берілген екен. Мектептегі қосалқы ғимараттың салынуына «Красный Восток» колхозының ұжымы да атсалысты. Алғашқы мектеп түлектері 1951 жылы түлеп ұшқан.
Білім ордамыз 2017- 2018 жылы Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында салынған 3 қабатты жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазіргі таңда мектебімізде 1616 оқушы білім алуда.
Бүгінгі еселі еңбегімен еліне танылып, қызмет етіп жатқандарды «біздің мектептің түлектері» деп мектеп те, ұстаздар да мақтаныш етеді. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» түлектер алтын ұя мектебімізден әлі күнге дейін үзбей байланыс жасап, әрқашан өздерінің жетістіктерімен бөлісуде. Есімдері жалпақ елге жария, мектепте үлгілі тәртібімен, сапалы білімімен ерекше көзге түскен шәкірттеріміз, бүгінгі күндері Отан үшін, елі үшін еңбек етіп жатқан ғалым, акедемик, генерал, профессор, жазушы, ақын, ірі қоғам қайраткерлері, ұстаз, дәрігер, бәрі – бәрі біздің мектептің түлектері!
Өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру жолында өзінің еңбектерін заман талабына сай ғылыммен ұштастыра білетін, оқытудың, тәрбие берудің әдістемелерін жетілдіру, дамыту мақсатында жан-жақты ғылыми ізденісте жүрген ұлағатты ұстаздарымыз баршылық.
Жаңартылған білім мазмұнын іске асыру аясында оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін оқу үрдісінде енгізу арқылы нәтижеге бағытталған білім беру аясында мектеп-лицейі ұжымы орасан зор еңбек етуде. Қазіргі таңда мұғалімдер мен оқушылар аудан, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен халықаралық байқауларда топ жарып, жүлдегерлері атануда.
Атап айтсақ, пәндік олимпиаданың Республикалық кезеңінде мектебіміздің 11-сынып оқушысы Дарья Ковшик орыс тілі пәнінен І орын еншілесе, Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен ХІІІ-халықаралық жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша олимпиадасында терең білімін көрсете білген оқушыларымыз жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша командалық есепте жүлделі бірінші орынды иеленді. Олимпиада барысында еліміздің намысын қорғаған Әлішер Әмірқұл ағылшын-математика пәндері бойынша 1 және 3-орын, Данияр Жақсылық информатика пәні бойынша – 3 орын, Османпаша Османов ағылшын-биология пәндері бойынша 1 және 3-орынды иеленіп еліміздің мерейін үстем етті. Сонымен қатар 8-сынып оқушылары арасында өткізілген Республикалық «IQanat» олимпиадасының облыстық кезеңінде жаратылыстану бағыты бойынша жоғары ұпай жинап, мектебіміздің 8-сынып оқушылары Бекнұр Манат, Зарина Морозова ІІ орынды иеленді. Бұл әрине оқушыларымыз бағындырған биіктің бір парасы ғана. Бұлардан бөлек толағай табыстарға қол созған жеткіншектеріміз баршылық.
Туған жер – адам өмірінде ең үлкен орын алады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім Отанына көрсеткен қызметіне жылу дәметпеуі тиіс. Ол – оның азаматтық борышы», — деп М.Шаханов айтып өткендей, мектебіміздің 10 «А» сынып оқушысы Олжас Жұмабек ауданның патриоты ретінде қоғамға қосар үлесін жоба арқылы жеткізуді жөн көрді. Себебі, ол өзінің кіші Отанының болашақта заман талабына сай, жан-жақты инновациялық технологиялармен жабдықталған, талантты балалардың дарынын, шығармашылығын шыңдай алатын өлкеге айналғанын қалайды. Осы мақсатта облыстық білім басқармасы ұйымдастырған 9-10 сынып оқушылары арасындағы жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» атты облыстық конкурстың «Менің кіші Отанымның болашағы» номинациясы бойынша өз жобасын ұсынып, ІІ дәрежелі диплом иегері атанды. Дәл осындай мәтінде мектебіміздің 10-сынып оқушысы Диана Жақсылық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Мектеп-лицей қабырғасында бірнеше жобалар бойынша ауқымды жұмыстар жасалынды. Атап айтсақ, «Жомарт түлек» жобасы аясында мектебімізді 2001 жылы бітірген алғашқы қазақ сыныбы түлектерінің мектеп жанынан салып берген жылыжай шаруашылығы. Бұл жылыжайда қазіргі таңда 500 түп қызанақ өсіріліп, мектеп оқушыларын бақша ісін меңгеруге баулуда. Мектеп оқушылары бос уақыттарын тиімді пайдалану, оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында қызанақ көшеттеріне үнемі күтім жасалынып отыратын болады. Жылыжайдағы алғашқы өнім қараша айында алынса, ақпан айында алғашқы қияр өнімі алынды.
М.Жұмабаев: «Баланы мұғалімнің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек», — деген екен. Сондықтан қазіргі оқушылар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Отбасының да, мектептің де, қоғамның да мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, білімнің биік шыңдарын бағындыра беру біздің басты мақсатымыз!
Болатбек ҚЫСТАУОВ,
В.Савва атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп-лицейінің директоры.
МЕРКІ ауданы.