ӨМІРІ ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН…
Күні кеше Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері, ұлағатты ұстаз Тұмабекова Әлия Әбдірахманқызы 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Әлия Әбдірахманқызы 1951 жылы 1-тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Артында өшпес із қалдырған білікті педагог еңбек жолын Тараз қаласындағы №2 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін 1974 жылы Ленин атындағы (қазіргі Ә.Бөкейханов) №1 орта мектепке ауысып, сонда келер ұрпаққа тәлім-тәрбие берді. Қай істі тапсырса да зор жауапкершілікпен атқаратын ол сонысымен өзгелерге үлгі бола білді. Бұл қасиетін басшылар да байқап оны 1994 жылы өзі еңбек етіп жүрген №1 мектептің директоры қызметіне тағайындайды. Оның басшылығымен білім ордасы 2004 жылы «гимназия» мәртебесін иеленді. Сондай-ақ оқу ошағының шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық білім бәйгелерінде жүлделі орындарсыз қайтқан емес. Гимназия директоры ретіндегі 19 жылдық қызметінде өзін білікті басшы, қабілетті ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Кеудесіне тағылған төсбелгілер мен түрлі дәрежедегі Құрмет Грамоталары жоғарыдағы сөзімізді айғақтайды.
Әлия Тұмабекованың есімі редакциямыздың тарапынан әзірленген «Білімнің жаққан шырағын» атты облыс педагогтерінің антологиясына да енгізілген. Сондай-ақ ол сол кездегі облыстық педагогикалық «Халық тәлімі» басылымына қолдау көрсетіп, жазылым жасауда үнемі белсенділік танытты. Сол арқылы өзінің қазақ баспасөзінің шын жанашыры екендігін де әйгілеп берді.
Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұстазымыз шәкірттерінің санасынан мәңгілік өшпейтініне сеніміміз мол. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқалы болсын!
Облыстық «Білім шырағы» газетінің
редакциясы.