Ещё один сайт на WordPress

«ҮМІТ» САРАЙЫ ҮМІТТІ АҚТАП КЕЛЕДІ

0

Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға елімізде барлық жағдай жасалуда. Осы мақсатта көптеген нысандар бой көтеріп, кешенді шаралар қолға алынған. Бұған Меркі ауданындағы оқушы-лар «Үміт» сарайының да қосып отырған үлесі зор. Биыл аталған мекеменің ашылғанына 45 жыл толды.

Оқушылар сарайының тарихы тым әріден басталады. Деректерге көз салсақ, бұл ғимараттың құрылысы 1957 жылы басталып, 1959 жылы аяқталған. Ашылуы Ұлы Октябрь социалистік революциясының 42 жылдығы қарсаңында өтіп, құрылысты Жданов атындағы колхоз жүргізген. Ол кездегі төраға Социалистік Еңбек Ері Шехваргер Лев Давыдович болатын. Оны Потахин құрылысшылар бригадасы салған. Бұл ғимарат 1977 жылға дейін Жданов атындағы колхозға қараған, яғни оның Мәдениет үйі болған. Мұнда конференциялар, кездесулер, көркемөнерпаздар байқауы, ауылшаруашылық көрмелері, концерттер, фильмдер көрсетілген. Түрлі үйірмелер де жұмыс істеген. Одан кейін ауданда «Алатау» кинотеатры мен облыстық Мәдениет үйі бой көтерді. Бұқаралық шаралардың барлығы сонда өткізіле бастады. 1977 жылы колхоз басқармасының шешімімен Жданов аудандық партия комитеті осыны жөндеуге шешім қабылдайды. Осылайша 1977 жылы қыркүйекте Пионерлер мен оқушылар үйінің салтанатты ашылуы өткен. Осы орайда мекемеге тәрбие жұмысындағы жетістіктері үшін 1978 жылы Совет Одағының батыры, ұшқыш И.П.Кузнецов оқушыларға «ИЛ-18» ұшағын сыйға тартқанын айта кеткен жөн. Содан бері аталған нысан балаларды сапалы қосымша біліммен қамтамасыз етіп келеді.
Білім ошағын әр жылдары Надежда Славкова, Сәуле Абдықалықова, Гүлшат Сұлтанқұлова, Нұржан Тулақбаев, Гүлнұр Шойбекова сынды білікті мамандар басқарды. Қазіргі таңда бұл білім ордасының тізгінін Зәуре Бейсенбаева (суретте) ұстап отыр.
– Бүгінде «Үміт» сарайы балалардың танымдық дамуын, шығармашылық белсенділігін арттыру, саналы еңбекке бейімдеу және білім мен мәдениет саласында белсенді қызмет етуге тәрбиелейтін бағытты көздейді. Орталықтың өнер биігінде көрінген тұстары, жемісті жеңістері өте көп. Жеңіске бастайтын жақсы істің басында, әрине, білікті маман тұратыны белгілі. «Үміт» сарайы осындай шығармашыл, ұйымшыл ұстаздардың шоғырланған орталығы. Мекемеде 32 педагог және 12 қосалқы педагог, соның ішінде жоғары білімді 39 ұстаз дәріс береді. Сондай-ақ біліктіліктілік тестілеуден өткен 2 педагог шебер, 11-педагог-зерттеуші, 3-педагог сарапшы, 2 педагог модератор санаттағы педагогтар аянбай еңбек етуде. Сонымен қоса мұнда 30 үйірме 91 топ бар. Онда жалпы саны 1314 білім алушы қамтылған. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Үйірмелер көркем-шығармашылық, оқыту-дамыту, спорттық сауықтыру, техникалық және кәсіптік сынды 5 бағытта топтастырылған. Біздің мақсатымыз –білім алушылардың бойында іскерлік, әдеп, ұйымдастырушылық қабілетін, ұжыммен жұмыс дағдыларын қалыптастыру, кәсіпкерлік туралы түсініктерін, ой-өрісін арттыру, — деді Зәуре Төребекқызы бізбен әңгімесінде.
Оқушылар сарайында Әсем» көркемсурет, «Жібек жолы» би үйірмесі, «Шабыт» вокал, «Қазына» дәстүрлі ән, «Алақай» қуыршақ театры, «Сымбат» тігін, «Сиқырлы әлем» сурет, «Зерде»,«Зерек» қазақ тілі, «Пифагор» математика, «Достық» ағылшын тілін үйрету, «Биология кереметтері», «Шежіре» Қазақстан тарихы, компьютерлік оқыту, «Ойшылдар» шахмат, «IT- сыныбы» және кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін үйірмелер де жұмыс істейді. Үйірме білімгерлердің жұмыстары халықаралық, республикалық,облыстықкөрмелердің, байқаулардың жүлделі орындарына ие болуда. Атап айтсақ жуырда аяқталған оқу жылында өрендер халықаралық байқаулардан 32, республикалық сайыстардан 56 және облыстық білім бәйгелерінен 31 жүлделі орындарды еншілеген. Осылайша «Оқушылар сарайы» өзгелерден оқ бойы озық тұрғандығын уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді.

Ш.Жамбыл,
журналист.
Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.