ТАРАЗДА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ АШЫЛДЫ
Жуырда Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Таразда «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Ресей Федерациясы мен еліміздің барлық өңірінен келген педагогтар қатысты.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне жиналғандар алдымен жаңа ғимаратты аралап, танысты. Фойеде оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Қонақтар робототехника, 3D-модельдеу, авиамодельдеу, кеме модельдеу, қазақ және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн кабинеттері мен сәулет және дизайн мектебін, коворкинг-орталықты, обсерваторияны және планетарийді аралап көрді.
– Жаңа нысан 1230 орынға шақталған. Мұнда робототехника, 3D модельдеу, заманауи балет, астрофизика, автомодельдеу, анимация, керамика, компьютерлік графика, ұшақтарды модельдеу, ландшафттық дизайн т.б. сияқты тегін таңдауға болатын 81 үйірме бар. Сондай-ақ оқушылардың жалпы санынан 580 оқу тобы құрылды. Оларды 190-ға жуық қосымша білім беру педагогтары мен 63 кіші құрам өкілдері дайындайды. Оқу процесі қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Сонымен қоса 31 оқу кабинеті, концерт залы, спорт залы, дыбыс жазу студиясы, коворкинг орталығы, конференц-зал және басқа да нысандар орналасқан, — дейді Оқушылар сарайының директоры Татьяна Грабийчук. Оның айтуынша, обсерватория мен планетарий кешені нысанның ең маңызды бөлігі. Себебі дәл мұндай жағдай облыста бұрын-соңды болмаған екен. «Қазір түнгі аспан мен жұлдыздарды байқауға мүмкіндік бар, күнге қарауға да рұқсат. Алайда тек бір рет ғана. Бұл аспан денелері мен ғарышты зерттеуге құмар тараздық балалар үшін тамаша сыйлық деп ойлаймын. Жалпы, үйірме жұмыстарына тұрғындар арасында сұраныс жыл сайын артып келеді. Негізінен техникалық үйірмелер жұмыс істейтін жаңа ғимараттың салынуымен балаларды қамту айтарлықтай артты. Мұнда 8700-ге жуық бала білім алады деп жоспарлануда. Бірақ бұл межеден асып түсетінімізге сенімдімін», — деді мекеме басшысы.
Оқушылар сарайының ашылуына орай мектептен тыс ұйымдардың бейіні бойынша педагогтар мен мамандарға арналған «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан бастап іске асыруға дейін» тақырыбында республикалық құрылымдық диалогы өтті.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде облыста көркемөнер, музыкалық, ғылыми-техникалық, әскери-патриоттық бағыттағы қосымша білім беретін 75-тен астам мектептен тыс ұйым ашылғанын атап өтті. Мұндай нысандар жыл санап артып келе жатқан көрінеді.
– Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Өскелең ұрпақтың балалық шағының қамсыз, бақытты өтуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының балабақшаларында 57 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. 244 мың бала мектептерде, 23 мың студент колледждерде білім алуда. Білім беру сапасын арттыру мәселелерімен қатар, балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері де назардан тыс қалған емес. Жаңа оқушылар сарайында жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ел Президенті атап өткендей, балалардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі, — деген аймақ басшысы педагогтарға, балаларға шығармашылық табыс тіледі.
Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, балаларға қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер балалардың толыққанды дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
– Жаңа оқушылар сарайы балалар үшін де, педагогтар үшін де инновациялық алаңға айналатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта елімізде барлығы 1523 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Оқушылардың кәсіби даярлыққа дейінгі тыңғылықты дайындығын ұйымдастыру үшін күш-жігерімізді біріктіру – аса маңызды. Жастар болашақ мамандығын сенімді түрде таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті екенін ұмытпауымыз керек, — деді ол.
Сондай-ақ, белгілі қазақстандық скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Серкебаева, Ресейдің Челябы қаласынан келген «Кванториум» технопаркінің басшысы Иван Шмидт, «R4 Technology & Research Center» білім беру және зерттеулер орталығының директоры Айдын Тұсубжанов, «Lakeview school Almaty» директоры Гүлнар Қарамендинова, Тараз сервис және технология колледжінің түлегі Бағлан Жақсыбеков және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Азамат Нәмелбек сөз сөйлеп, педагогтар мен оқушыларға жылы лебізін жеткізді.
«ЖД» – ақпарат.