ЖАС ЗЕРТТЕУШІНІҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІГІ
Жуырда Шымкент қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңі өткізілді. Білім бәйгесіне республика бойынша 749 оқушы, 596 қатысса, облысымыздың атынан 50 оқушы 16 секция бойынша 40 ғылыми жобалық жұмыстарын қорғап, бақ сынады. Байқау нәтижесінде жас зерттеушілеріміз, 6 алтын, 9 күміс, 14 қола медальға қол жеткізсе, тағы 6 өреніміз арнайы Грамоталарға ие болды. Солардың бірі – күміспен күптелген Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Гүлзат Сауран.
Ол «Қабдеш Жұмаділов шығармаларындағы жергілікті ерекшеліктер» тақырыбындағы жобасын қорғаған.
– Бұл жұмысымның мақсаты – жазушының «Соңғы көш» романындағы ерекшеліктерді айқындап, оларды кешенді талдау арқылы жергілікті тіл бірліктерінің этномәдени-танымдық табиғатын, қолданымдық аясын кеңейту болатын. Яғни жобада романдағы жергілікті халықтың тіл ерекшеліктеріне басымдық берілді. Туындыны оқи келе, автордың өз өмірі жайлы жазған, тарихи оқиғаларға негізделген туындысы көпке қызық боларына, зерттеуге лайық екендігіне көзім жетті, – деген Гүлзат Советханқызы ғылыми жобасының республикалық деңгейде жоғары бағаланғанын қуанышты екенін де жасырмады.
– Мен биыл екінші жыл қатарынан осы тақырыпты қорғап тұрмын. Былтыр облыста бақ сынап, біраз тәжірибе жинақтағанмын. Осы жолы сондағы қателіктеріммен жұмыс жасап, республикалық кезеңге дейін жеттім. Жалпы келешекте университет қабырғасында жүріп, бұл жобамды дипломдық жұмыс ретінде қорғау да ойда бар. Түрлі профессорлармен, өз ісінің мамандарымен бірлесе жұмыс істеп, жобамды халықаралық деңгейге шығарсам ба деймін. Себебі, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі жақсартатынына сенімім мол. Осы жобада тіл білімі секциясын қарастырсам, алдағы уақытта да әдебиетке, көркем шығармаларға көбірек назар аударғым келеді. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келетіндіктен әсіресе қазақ әдебиетіне еңбек сіңірген, есімін алтын әріптермен жазылған тұлғалар жайлы жазу ойда бар. Дегенмен, нақты қай жазушы, қандай туындыны зерттейтінімді әлі шешпедім. Осы орайда ғылыми жобамен айналысуды көздеп жүрген замандастарыма «жеңіс қажырлы еңбекті, төзімділікті қажет етеді. Ал жеңіліс дегеніміз сағыңды сындыру емес, қатемен жұмыс жасау» дегім келеді, – дейді жас ғалым.
Гүлзатқа бұл жобаны әзірлеуді жетекшісі Зухра Үсенбаева ұсынған екен.
– Жобаны бастамас бұрын Гүлзатқа Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» роман-дилогиясын оқуға ұсындым. Бірақ бір өкініштісі, бұл туындыны тауып оқу немесе кітабын сатып алу қиынға соқты.Өйткені сатылымда жоқ. Ш.Уәлиханов әмбебап облыстық кітапханасынан ғана табылды. Туындыны толығымен оқып шыққан Гүлзат сондағы тілдік қолданыстарға назар аударды, қатты қызықты. Міне, осылайша жұмыс қызу басталып кетті. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің тіл қолданысы оқырманға сол өңірдің колоритін беріп, шығарманың шынайылығы үшін қызмет етеді. Ол, ең алдымен, шығарманың тақырыбына, мазмұнына, суреттелетін оқиғаларға, автордың мақсатына, эстетикалық идеясы мен шеберлігіне байланысты. Орынды, мақсатты түрде қолданылған жергілікті ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып табылады. Ұлт тарихы, онымен бірге тіл тарихы — даму жолы ұзақ құбылыс. Ол халық санасында жатталған жергілікті ерекшеліктер сырын ашып, табиғатын тану, оны ұлт мәдениеті, тарихымен байланыста қарағанда толық көрінеді, өйткені ұлт жаны — тіл, этнос мәдениетсіз болмайды. Мәдениет тіл арқылы тарайды, ұғынылады, жетіледі. Қай ұлт болмасын, сыры — тілінде, оның түп-тамыры этностың мың-мыңдаған жылдар жүріп өткен тарихи жолымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолымен, ақыл-ой, санасымен жасаған мәдениетімен, дүниетанымымен сабақтасып жатыр. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің тіл қолданысы оқырманға сол өңірдің колоритін беріп, шығарманың шынайылығы үшін қызмет етеді. Ол, ең алдымен, шығарманың тақырыбына, мазмұнына, суреттелетін оқиғаларға, автордың мақсатына, эстетикалық идеясы мен шеберлігіне байланысты. Орынды, мақсатты түрде қолданылған жергілікті ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып табылады. Ұлт тарихы, онымен бірге тіл тарихы — даму жолы ұзақ құбылыс. Ол халық санасында жатталған жергілікті ерекшеліктер сырын ашып, табиғатын тану, оны ұлт мәдениеті, тарихымен байланыста қарағанда толық көрінеді, өйткені ұлт жаны — тіл, этнос мәдениетсіз болмайды. Мәдениет тіл арқылы тарайды, ұғынылады, жетіледі. Қай ұлт болмасын, сыры — тілінде, оның түп-тамыры этностың мың-мыңдаған жылдар жүріп өткен тарихи жолымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолымен, ақыл-ой, санасымен жасаған мәдениетімен, дүниетанымымен сабақтасып жатыр, – дейді Зухра Үсенбаева.
Әрине жоба авторлары тек қаламгердің осы шығармасымен ғана шектеліп қалмаған. Олар ғылыми жұмысты әзірлеу барысында Ғ.Қалиевтің «Тіл білімі терминддерінің түсіндірме сөздігі», Ш.Сарыбаевтың «Қазақ тілі мен білімінің мәселелері» сынды көптеген қосымша әдебиеттерге сүйенген.
Жалпы Жамбыл ауданында дарынды балаларға барлық жағдай жасалған. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Ляззат Салимжанованың айтуынша өңірдегі дарынды балғындар жалпы оқушылар санының 35 пайызын құрап отыр.
– Мектеп психологтары оқушылардан «Дарындылық картасы», «Айзенк» сауалнамалары алып, сол арқылы балалардың қабілетін қай салаға икемділігі бар екеніне қорытынды жасайды. Мұндай сауалнамалар тиісінше ата-аналар арасында да жүргізіледі. Соның нәтижесінде бүгінде аудан бойынша дарынды балалардың қатары артуда. Айталық, осы оқу жылында 6 оқушымыз «Елбасы медаліне» ие болса, 5-6 сынып оқушыларының облыстық пәндік олимпиадаға 16 оқушымыз қатысып, 12-і жүлдегер атанды. Сондай-ақ облыстық «Зерде» шығармашылық байқауында 11 оқушымыз жеңімпаз болса, облыстық ғылыми жоба сайысында 4 жұмыс жүлделі орын, 3 жұмыс Алғыс хатпен марапатталды. Бұдан бөлек түрлі пән олимпиадаларында олжа салған өрендеріміз жетерлік. Тағы бір айта кетерлігі, өңірде «Дарын жол картасы» қолға алынған. Соған сәйкес іс-шара жоспары жасалып, жұмыстар атқарылып келеді. Аудан әкімі де жылына бір рет дарынды оқушылармен кездесіп, оларды ынталандыру мақсатында бағалы сыйлықтармен марапаттайды. Сонымен қатар дарынды оқушылардың форумы да өткізіледі. Әрине мұның барлығы өнерлі де өрелі шәкірттеріміздің көбеюіне септігін тигізуде, – дейді Ляззат Сатыбалдықызы.
Құрбанәлі Шахабай,
журналист.
Жамбыл ауданы.