Ещё один сайт на WordPress

АЛЫП АЗИЯНЫ МОЙЫНДАТҚАН АЛТЫН ҰЛ

0

Еліміз байрақты бәсекелерде ұлт намысын өрлетіп, туымызды желбіреткен спортшылардан кенде болған емес. Әсіресе қазақтың оң жамбасына келетін бокстың орны бөлек. Кешегі Шоқыр Бөлтекұлы салып берген сара жол бүгінде даңғыл жолға айналды. Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев сынды оғландарымыз сан мәрте ел қоржынына олжа салып, жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Солардың ізін жалғап жас жеткіншектер де арамызда жетерлік. Бұл сөзімізге Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының оқушысы Ердос Шәріпбек дәлел бола алады. Ол жуырда Йордания мемлекетінің астанасы Амманда  жастар арасында өткен Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізіп, мерейі үстем болды. 92 келіде сынға түскен ол финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, еліміздің көк Туын биікте желбіретіп қайтты.

Ердос бокспен 9 жасынан бастап айналысады екен. Оның бұл спортты таңдауына анасының да ықпалы болған көрінеді.

– Өзім де  жас кезімнен бокспен шұғылданғанмын. Сол себепті  ұлымды қызығушылығы оянар деген ниетпен  бокс сарайына  алып бардым. Оған ұнаған болуы керек бірден жаттығуға құлшына кірісіп кетті. Бапкерлеріне де өте ризамын. Барлығы кішіпейіл, еңбекқор, бокс десе ішкен астарын жерге қоятын өз ісінің мамандары. Солардың арқасында ұлымыз  үш рет Азия чемпионатына қатысып, 1  рет Азия чемпионы, екі рет  күміс жүлдегер атанды. Спорт әлемінде аттары алтын әріптермен жазылған саңлақ боксшылардың дені осы Жамбыл жерінен түлеп ұшты емес пе? Ердос та солардың ізін жалғап жүргені отбасымыз үшін зор мақтаныш. Әрине, кейде спорт мектептегі негізгі сабақтарына кесірін де тигізеді. Алайда жарыстардан тыс уақытта өткен сабақтарды қайталап , қосымшаларға қатысып , жаңа материалды мұғалімдерінің көмегімен игеріп жүр, – деді Ердостың анасы Күляш Болысбаева.

Кейіпкеріміз Ермахан Ибраимов, Серік Сәпиев сынды даңқты боксшыларды үлгі тұтып, солардай болсам дейді.

– Әлбетте алдымыздағы ағаларға еліктеп, соларға қарап бой түзейміз. Мен де Серік, Ермахан сынды саңлақтарды кумир деп санаймын. Солардың  жекпе-жектерін үнемі тамашалаймын. Бұл менің қабілетімнің шыңдалып, тактикалық тұрғыдан жетілуіме септігін тигізеді. Жалпы боксқа келгенімен ешқашан өкінген емес. Спорт – менің өмірім. Келешекте қандай маман иесі атанарымды әлі шешпедім. Бастысы халқыма пайдам тиетін, ата-ана, бауырларым, елім мақтан тұтатын азамат болсам деген мақсатым бар, – деді Ердос бізден әңгімесінде.

Жас былғары қолғап шеберінің бапкері Ербол Алпысбаев та шәкіртінің әлеуетін жоғары бағалайды.

– Ердос мақтан ететін шәкірттерімнің бірі. Ол әр жаттығуға тыңғылықты дайындалады, ешқашан немқұрайлылық танытқан емес. Ауыр салмақта жұдырықтасса да қимылы шапшаң әрі тез. Сонысымен қарсыластарына үнемі қиындық тудырады. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы өз алдына бір төбе. Дегенмен  тоқмейілсуге болмайды. Әлі де жаттығуды күшейтіп, қабілетті бұдан әрі шыңдай түсуі керек. Алдымызда Францияда өтетін Халықаралық турнир мен әлем чемпионаты тұр. Екеуінен де топ жарсақ деген үмітіміз бар. Ол үшін әлбетте қажыр-қайрат пен күш-қуат, еңбек ауадай қажет, – дейді Ербол Серікбекұлы.

Ердос спорттың ғана емес білімнің де үздігі. Бұған оның сынып жетекшісі, өзін-өзін тану пәнінің мұғалімі Набат Асановамен тілдескенде көз жеткіздік.

– Ердостың әрбір жетістігіне қуанып отырамыз. Бұл ең бірінші кезекте ата-анасының, екіншіден төккен маңдай терінің арқасы екені даусыз. Оның бастаған ісін соңына дейін апаратын, орта жолда қалдырмайтын, жауапкершілікті сезіне білетін қасиеті кімді болса да сүйсіндіреді. Ол сыныптың тәртіп министрі. Бұған екінің бірі сайлана бермейді. Сондықтан осының өзі Ердостың қаншалықты үлгілі екендігін көрсетсе керек. Сыныптастарымен де, достарымен де, ұстаздарымен де әрдайым жақсы байланыста. Олардың сөзін екі етпей, қолдан келгенше көмегін де көрсетеді. Қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсене қатысып, ұйымдастыру жағына да шебер. Жарыстарға байланысты  көбіне сыртта жүрсе де өзінің міндетін ұмытқан емес. Адамгершгігі, жайдары мінезінің арқасында зор беделге ие. Мұны мектебіміздің кез келген мұғалімі растай алады. Әрине, жоғарыда айтқанымдай жарыстарда көп жүргендіктен кей сабақтардан үлгерімі орташа. Бірақ бұл оның үздік болуына кедергі келтіре алмайды. Келесі жылы өзінің таңдаған пәні бойынша білім ордасын жерге қаратпайтынына әбден сенімдімін, – деді Набат Булатбекқызы.

Спортқа қадам басқан кез келген жастың басты арманы – Олимп шыңын бағындыру. Ердос Шәріпбектің де бойында осы арман бұлқынып жатыр. Бірақ ол бұған арман деп қана қарамай, оны мақсатқа айналдырып, соған жету жолында аянбай тер төгуде. Білімді спортпен ұштастырып, таразы басын тең ұстап, «Жігітке жеті өнер де аз»  деген қазақ мәтелін дәлелдеп жүрген Ердостың бұдан да биік шыңдарды бағындыруына тілекшіміз.

Қ.Аманкелдіұлы. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.