ТАРИХ ПӘНІНІҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» тақырыбында тарих пәнінің мұғалімдеріне арналған облыстық дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Мектептегі тарихи білім берудің өзекті мәселелерін талқылау және білім алушылардың тарихи білімін дамыту жолдарын айқындау, осы мәселелерді шешуге жоғары білікті педагогтар мен ғалымдарды тартуды мақсат еткен басқосуға жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары, аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, тарих пәнінің мұғалімдері, барлығы 100-ге жуық педагог қызметкер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында тарихи білім беру сапасын қамтамасыз етудегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдары, заманауи тарихи білімнің өзектілігін талқылау бойынша облыстың «Үздік педагог» атағына ие болған педагог-шеберлердің диалог алаңын құру, мектептегі тарихи білім беруді дамыту болашағы, тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, қатысушылар қазіргі кездегі инновациялық технологиялар, үлгілі авторлық бағдарламалар, озық тәжірибелер талқыланып, өзара тәжірибе алмасты. Бұдан бөлек Петропавл қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысқан облысымыздың делегаттары да ой бөлісті. Солардың бірі – Меркі ауданы №5 Ақарал мектеп-гимназиясының мұғалімі Ғани ҚАСЫМОВ. Оның айтуынша республикалық жиында көптің көкейінде жүрген мәселелер оң шешімін тапқан.
– Жиын барысында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында тарихи білім беруге қойылатын талаптар, үлгілік оқу жоспарларында тарихты оқытуға бөлінген сағат сандары, үлгілік оқу бағдарламаларындағы тарихи білім беру мазмұны, оқу пәні бойынша 5-11 сыныптарға арналған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің , оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық тасымалдау құралдары мәселелері кеңінен талқыланды. Әр өңірден келген әріптестер бұл қарарларға жекелей тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды. Съезде облыс атынан қатысқан педагогтер секция жұмыстарына белсене қатысып, пәнді оқыту бойынша өздерінің ұсыныстарымен де бөлісті. Басқосу нәтижесінде бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтсақ, тарих оқулықтарын дайындау үшін ортақ бір база жасақталады, 5-сыныпқа тарихтың әліппесі — «Тарихтан қысқаша әңгімелер» қайта оралады, 6-сыныпта «Ежелгі заман тарихы», 7-8 сыныптарда «Орта ғасырлар тарихы», 9-сыныпта «Жаңа заман тарихы», 10-11 сыныпта «Қазіргі заман тарихы» бөлініп оқытылады. Сондай-ақ Қазақстан тарихынан әр кезең бойынша бөлек олимпиадалық сайыстар өткізіледі. Мысалы, Сақ кезеңі, Қазақ хандығының құрылуы кезеңі т.б. олимпиадалар ұйымдастырылу мүмкін. Бұған қоса енді мектеп таңдаған бағыт бойынша тарихтың сағат саны қысқармайды, Қазақстан тарихы пәні аптасына 2 рет, дүниежүзі тарихы аптасына 1 реттен көбеймесе, азаймайды және тарихты оқытқанда даталар мен адам аттарына басымдық берілмейді. Оның орнына тарихи процестерге, логикаға, қоғамның даму үдерістеріне екпін түсіріледі, – дейді Ғани Сәрсембайұлы.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен облыстық білім басқармасы арасында екі жақты меморандум жасалған болатын. Университеттің проректоры, педагогика ғылымдарының магистрі Гүлвира Мұсабекованың сөзінше құжат аясында ілкімді істер қолға алынбақ. Айталық, педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша бірлескен Жол картасын әзірлеу, Педагогикалық ұжым мен мектеп мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыруды бірлескен және сыртқы корпоративтік оқытуға бағыттау, университеттің оқыту әдістері мектептермен ынтымақтастық нысандары арқылы жаңарту, білімді қалпына келтіру үшін мектептердің қамқорлығын күшейту, «Өрлеу» және облыстың әдістеме кабинеттері, орталықтарымен әдістемелік серіктестік бойынша «Педагогикалық атриум» жобасын іске асыру, және педагогикалық іс-тәжірибенің мазмұны мен
ұйымдастырылуын қайта қарау сынды жұмыстар жүзеге аспақ. Соның нәтижесінде облыс мектептерінің қажеттілігіне қарай жаңа магистрлік бағдарламалар әзірленіп, Дулати университетінің түлегі құзыреттілік моделі негізінде білім басқармасына әзірлеу тәжірибесі енгізіледі. Сондай-ақ белсенді оқыту әдістерін енгізу үшін университет серіктестерімен «Педагогикалық дизайн» жобасы жүзеге асырылып, «Цифрлық педагог» курсы ұйымдастырылады.
– Педагогтар іздеу нәтижелерін қалай түсіндіруді, ақпараттың сапасы мен дұрыстығын сыни тұрғыдан бағалауды және оны пайдалану туралы этикалық пайымдауды білуі керек және барған сайын күрделі жаһандық мәселелердің шешімін табу үшін шығармашылықпен ойлауы керек. Болашақта жұмыс процестер емес, жобалар төңірегінде құрылатын болады. Бұл да білім берудегі маңызды үрдіс. Осы жерде тарих мұғалімінің рөлі заманнан заманға саяхат жасайтындықтан, білім алушылардың қасиеттері мен құндылықтарын дамыту жолында үлкен және мазмұнды болмақ. Осындай кең пікір алмасу және нәтижелер — көптеген жобаларды тиімді сараптамалық сүйемелдеуге ықпал етеді. Ал Дулати университеті мұғалімдердің қоғамға пайдалы идеялары, проблемалары болса бірлесе шешуге әзір, — деді Гүлвира Айдарханқызы.
Басқосу барысында Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев те өзінің ұтымды ұсыныстарын жеткізді.
– Қазір білім беру бағдарламасына жалпылама Қазақстан тарихы пәні енгізілген. Соған орай өңірлерде қосымша «Өлкетану» сабақтары да өткізілуі де керек. Себебі кез келген бала туған ауылының тарихын білгені абзал. Өйткені кез келген елдімекен белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты құрылған. Сондықтан оны сол ауылдың баласы жадына тоқуы қажет. Жалпы Жамбыл облысы еліміздегі шежіресі бай аймақ. Алғашқы адамдардың мекен еткен орындары да осы жерден табылған. Мәселен, бір ғана Жібек жолының өзі күллі ғаламға әйгілі. Осы жібек жолынан бірнеше тармақ бөлініп шыққан екен. Олардың біразы оқулықтарға енбеген. Біздің орталық осы деректерді жинастырып, жүйелеп қойды. Енді соны пән мұғалімдерімен тығыз байланыс орнатып, мектептерге ұсынуға әзірміз. Тіпті Жамбыл облысына арналған «Өлкетану» оқулығын әзірлеуге де дайынбыз, — деді Сауран Қалиұлы.
Жуалы ауданы Көктөбе №30 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ұлболсын Таубаеваның да дөңгелек үстел жұмысына қатысты өз айтары бар.
– Жиында өзекті мәселелер қарастырылды. Әсіресе, мектеп педагогтарымен университет оқытуышылары арасында тығыз байланыс орнатылғаны қуантарлық жағдай. Сондай-ақ білім алушылар тек жаттанды емес, ауызша да өз ойларын жетік айта алу керек. Жалпы айтқанда дөңгелек үстел тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін және әлуметтік мәртебесін арттыруға сеп болады деген сенімдемін, — деді Ұлболсын Сайинқызы.
Жалпы тарих пәні мұғалімдерінің қол жеткізген табыстары көп. Атап айтсақ, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Мираш Бегілдаева үздік жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болса, республикалық «Үздік педагог» конкурсында облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімдері Гүлшат Өтегенова, Жанар Жанғасиева жеңімпаз атанды. Бұдан да басқа ауыз толтырып айтатын жетістіктер баршылық.
Өз тілшіміз.