МЕКТЕПТЕРГЕ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЕСІМДЕРІ БЕРІЛДІ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Жамбыл облысындағы 43 білім ордасына ұлы тұлғалардың есімдері берілді. Атап айтсақ, облыс орталығындағы №30 мектеп-гимназия, Жуалы ауданындағы №1 мектеп-гимназия, Қордай ауданындағы №6 негізгі мектеп және Шу ауданындағы бұрынғы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімін иеленді.
Шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспанындай болған қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның есімі исі қазаққа жақсы таныс. Қазақ баспасөзі мен прозасын жаңа биікке көтеріп, әдебиетке ерекше серпін әкелген тау тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа зор тағылым, мол мұра екені даусыз.
Сонымен қатар Шу ауданы Төле би атындағы орта мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Осы орайда атап өтерлігі ауданда Төле бидің есімімен мектеп бар. Сол себептен, Д.Қонаев ауылында орналасқан жалпы білім беретін оқу ордасының Дінмұхамед Қонаев атымен атау туралы ауыл ардагерлері мен мектеп ұжымының ұсынысы қолдау тауып отыр. Бұдан бөлек Шу қаласында орналасқан Жамбыл атындағы мектеп-гимназияға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының, № 49 бастауыш мектепке Ілияс Жансүгіров, Оразалы батыр ауылындағы Алтынсарин атындағы мектебіне Кенен Әзірбаев, Шоқпар ауылындағы №18 М.Әуезов атындағы мектебіне Мыржақып Дулатов есімі берілді. Қордай және Меркі аудандарындағы 2 оқу ошағына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің, Меркі ауданындағы №1 мектеп-гимназиясына мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімдері берілді. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Оралхан Бөкей, Мағжан Жұмабаев, Ораз Жандосов, Қаныш Сәтпаев сынды ұлт мақтаныштары бар.