ДАМУ БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫНДАЛЫП, ЕРТЕҢГЕ ДЕГЕН СЕНІМ ЕСЕЛЕНДІ
Нұрмахан Тыныбеков,
аудандық білім бөлімінің басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында саяси реформаларды жариялап, еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап берді. Содан болар құнды құжат көпшіліктің көңілінен шығып, ертеңгі күнге деген сенімі еселене түсті. Сол үшін де биылғы Жолдаудың маңызы зор, мәні бөлек.
Алдымен қаңтар оқиғасы туралы кеңінен сөз қозғаған Президент бұл қасіретке лауазымды қызмет атқарған бірқатар тұлғалардың да қатысы барын ашып айтты. Сол арқылы ол еліміздің ашықтық пен әділдікке қадам басқанын көрсетті. Сондай-ақ Президенттен бастап, облыс әкімдері мен орынбасарлары ешқандай партияның құрамында қызмет атқармайтындығы да ел күткен елеулі өзгерістің бірі болды. Себебі, аймақ басшылары саяси ұйымның қатарында болса оған қандай да бір ықпал ететіні белгілі. Ал бұл ұйымдардың жұмысын тежеп, бұқараның наразылығын туғызады. Сол арқылы билікке деген сенімсіздік пайда болып, екі араға жік түседі. Осыны жете түсінген Мемлекет басшысының мұндай батыл шешім қабылдауы көңілге қуаныш ұялатады. Жолдаудың ең маңызды тұсы елімізде бірнеше жаңа облыстың құрылуы. Әсіресе, Алаштың рухани астанасы саналған Семей мен кенге толы Жезқазғанның өз алдына бөлек облыс болып бөлініп шығуы құптарлық шешім. Облыс орталықтарының Ұлытау, Абай деп аталуы да осы қуанышты еселей түсті. Бұдан бөлек Алматы облысы екіге бөлініп, бірінің орталығы Талдықорған, екіншісінікі Қапшағай болмақ. Алайда Президент халық қолдаса Қапшағай қаласына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілетінін де айтты. Көп ұзамай бұл ұсыныс халық тарапынан да қолдау тауып, Қапшағай қаласы тау тұлғаның есімін ресми еншіледі. Әлбетте, бұл шалғай өңірлердің тынысының кеңейіп, түтіні түзу ұшуына сеп болмақ. Саяси партияларды тіркеу шегінің 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендеуі де оң серпін әкелмек. Неғұрлым саяси ұйымдар көп болса соғұрлым бәсеке де артып саяси өмір қыза түседі. Бұл өз кезегінде пікір мен ой еркіндігін тудырып, демократиялық құндылықтарды нығайтады. Ал енді Парламент Мәжілісі депутаттарының 30 пайызы тікелей дауыс беру арқылы сайланатынын да қоғам ыстық ықыласпен қабылдады. Ел ішінде ешқандай саяси партияға мүше болғысы келмейтін, бірақ мемлекеттік саясатқа араласқысы келетін белсенді жандар да аз емес. Міне жоғарыдағы өзгеріс осындай жандардың қалыптасуына, билікке келуіне мүмкіндік бермек. Бұл Жолдауда айтылған ауқымды реформалардың бір парасы ғана. Мәселен, жергілікті мәслихаттардың мәртебесі, саяси сайлау жүйесін өзгерту сынды бастамалар да назардан тыс қалмады. Сол үшін де аталған Жолдаудан күтер үмітіміз орасан. Бастысы баршамыз Жолдауға қолдау көрсетіп, орындалуына күш салуымыз маңызды.
ЖУАЛЫ ауданы.