Ещё один сайт на WordPress

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ҚҰРМЕТ ҚҰШАҒЫНДА

0

Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Жанат Таубаева жуырда «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 33 жылдан бері шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген жоғары санатты педагог-зерттеуші алғашқы еңбек жолын 1987 жылдың қыркүйек айында Меркі ауданындағы Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1996 жылға дейін аталған білім ордасында еңбек еткен ол сол жылы №5 мектеп-гимназиясына ауысады. Содан бері табан аудармай аталған оқу ошағында еңбек етуде.

Ұлағатты ұстаз, өз ісінің үздігі атанған Жанат Жылқышықызы қала, облыс, республика көлемінде, сондай-ақ халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ғылыми-жоба байқауларына, пән олимпиадаларына шәкірттер дайындап, жүлделі орындар иеленіп келеді. Атап айтсақ, оқушысы Абыл Көшербай «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары республикалық байқауында 1, 3-орындарды, Жансая Абдуллаева республикалық қашықтық олимпиадасында 2-орынды еншілесе, Айяна Орынбасарова Ө. Жолдасбеков атындағы математика жəне механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсында жүлделі 3-орынға қол жеткізді. Сондай-ақ Əсел Елеусізова, Ұлбосын Бекмұратова сынды шәкірттері «Ақбота» байқауында жүлделі орындарды олжалады. Бұдан бөлек түрлі сайыстарда топ жарған өнерлі де білімді шәкірттері де жетерлік.
– Ол мектептегі алдыңғы қатарлы, кез келген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын, нәтижелі әрі үлгілі ұстаз. Оның үнемі математиканы тереңдете оқытатын сыныптарды таңдап, дәріс беруі жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Қазір ол 11-сыныпқа жетекшілік етеді. Мұндағы балалардың барлығы дерлік физика мен математиканы таңдап отыр. Өйткені олар өздерінің ұстаздарына сенім артады. Жанат Жылқышықызы сабақтарында жеңіл тақырыптардан күрделі тақырыптарға дейін меңгертіп, өздерінің әдістемесі арқылы саналарына құюда. Сол үшін де оқушылармен қатар ата-аналар да оның біліктілігіне шүбә келтірген емес. Ата-аналардың балаларын Жанат ұстаздың сыныбына беруге сұранатыны да содан болса керек. Әлбетте осындай шыншыл, әділетті, тиянақты мұғалімнің еңбегінің еленгеніне шын жүректен қуаныштымын, — деді мектеп-гимназия директоры Салтанат Төлеу әріптесі туралы ақ тілегін білдіріп.
Жанат Жылқышықызы мектептің қоғамдық іс-шараларына белсенді араласып, жұмысқа деген жауапкершілігімен, тиянақтылығымен, шәкірттеріне деген айырықша ықыласымен ерекшеленіп жүрген ұстаз. Жас мамандарға тәлімгер болып, кәсіби маман ретінде қалыптасуларына да зор үлесін қосып келеді. Тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған қалалық, облыстық семинарларда ашық сабақтар өткізіп, өзінің креативтілігімен, ерекше пікірлерімен есте қалған сәттері де жетерлік. Қаншама «Алтын белгі» иегерлерін тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаздың ғылыми-әдістемелік конференцияларда, баспа беттерінде бірнеше мақалалары да жарық көрген.
Бүгінгі төсбелгі оның алғашқы марапаты емес. Оның еселі еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалмай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, Құрмет грамотасымен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен айшықталған.
Аяулы ұстазды бізде де зор жетістігімен құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруын тілейміз.

«Білім шырағы» газетінің
ұжымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.