Ещё один сайт на WordPress

«ҚОСЫМША БІЛІМ ПЕДАГОГТЕРІ ЖҰМЫСҚА ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕ ҚАБЫЛДАНБАУЫ КЕРЕК»

0

Бүгінде мектептен тыс білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлінуде. Тәуелсіздік жылдары бұл саланың екінші тынысы ашылды. Себебі балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мұндай орталықтардың тигізер пайдасы өте зор. Осы орайда біз Меркі ауданындағы «Өркен» шығармашылық орталығының директоры Үрияхан Мамықовамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Үрияхан Оспанқызы, әуелі өзіңіз басқаратын шығармашылық орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, материалдық-техникалық базасы жөнінде кеңінен айтып өтсеңіз…
– «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығы қосымша білім беру мекемесі ретінде 2013 жылы бұрынғы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының базасында құрылған болатын. Осылайша алғашқы 830 білім алушыны қабылдап, 19 түрлі үйірмемен жұмысын бастады. Мен үшін қосымша білім беру – баланың ішкі дүниесіне ену, түсіну және оның шегін кеңейту тәсілі. Яғни қосымша білім кеңістігіндегі басшылық қызметімде білім беру қызметін анықтайтын негізгі заңнамалық және нормативтік құжаттарды басшылыққа алып, білім алушылардың бос уақыттарын ұтымды ұйымдастыра, шығармашылық әлеуеттері мен қоғамға бейімделу дағдыларын қалыптастыра отырып, білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы тұлғаның еркін дамуына жағдай жасауды мақсат етіп келемін. Осындай мақсатта заман талабына сай, сауатты, бәсекеге қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған шығармашыл тұлғаны дамыту мен қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келе жатқан орталықтағы педагогтердің еңбектері бағалы. Себебі мұндай ұстаздар қосымша білім берудің оқыту бағдарламаларын жаңа инновациялық, технологиялық тәсілдермен ұштастырып, балалардың шығармашылық қабілеттерін күнделікті іс-тәжірибеде жүзеге асыруда. Бүгінде орталықтағы 35 педагогтің 32-і жоғары білімді, ал біліктіліктері бойынша 3-еуі жоғары санатты, 3-еуі зерттеуші, 9-ы бірінші санатты, 2-еуі сарапшы, 5-еуі екінші санатты, 4-еуі модератор екенін де баса айтқым келеді. Ал енді материалдық-техникалық базасына келер болсам, орталық ғимараты 1955 жылы салынған. Нысанның типі — бейімделген, сыйымдылығы бір ауысымда 200-260 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Мекеменің жер учаскесінің ауласы 1,26 гектарды алып жатыр. Орталықта 4 әкімшілік кабинет, теориялық сабақтарды өткізуге арналған 16 кабинет, тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған автошеберхана, көлік жүргізуді үйрету алаңы және автокөліктерге арналған 2 бокс бар. Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру бағытындағы «Авто ісі» бөлімінде практикалық көлік жүргізуді үйретуге арналған жүк көлігі, 4 жеңіл машина бар. Бұдан бөлек практикалық көлік жүргізу тапсырмаларын орындауға арналған үйрету алаңында жолда жүру ережесі белгілері және бағдаршам орналастырылған. Оқу кабинеттері де оқу үрдісін тиісті деңгейде өткізу үшін керекті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
– Өткен жыл орталықтың өрендері үшін қандай жетістіктерімен есте қалды?
Орталықтың үйірмелеріне қатысатын білім алушылардың басым бөлігі дарынды балалар. Себебі олар өздерінің сүйікті ісімен айналысып, оны толыққанды меңгеруге тырысады. Бұл тұрғыда бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық жарыстың жеңімпаздарын даярлауда алдына жан салмай, еңбек етіп жатқан педагогтардың еңбегі ерен. Былтырғы жыл да біз үшін табысты болды.Атап айтар болсақ, «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» республикалық балалар кинофестивалінің облыстық кезеңінде 4 жұмыс қатысып, шәкірттеріміз Аскар Токторбаев – «STOP-MOTION-видео» номинациясында, Наргиза Сәби – «Музыкалық клип» номинациясында, Динара Зейнияғабидин – «Киножурнал» номинациясында, Дария Серік – «Ең үздік операторлық жұмыс» номинациясында бас жүлдеге ие болды. Ал облыстық «Табиғатты аяла» байқауында бақ сынаған «Жас эколог» үйірмесінің білім алушысы Перизат Сейсенбай «Жасыл экономика» номинациясында ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ мектеп оқушыларына болашақ мамандығын таңдауда жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру мақсатында өткізілген «Мамандықтар әлемін ашамыз!» атты облыстық форумында Сезім Алтынбекқызы «Мамандық кеше, бүгін, ертең» номинациясы бойынша «Аспазшы» мамандығы туралы вайны үшін І дәрежелі Дипломмен марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды.
Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде VІІ облыстық жас техниктер мен өнертапқыштардың (әуе, авто, кеме, зымыран үлгілерін жасау) шығармашылық жарысында «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығының білім алушылары: «S6А» зымыран үлгілері номинациясында Алихан Мурадов ІІ, «S9А» зымыран үлгілері номинациясында Роман Ландик – ІІ, «F-2-В» әуе үлгілері номинациясында Никита Самохвалов ІІ, Станислав Самохвалов ІІІ, «FSR-ЕСО-МІNІ-ЕХРЕRТ» кеме үлгілері номинациясында Мадимар Нұржанұлы ІІ, «FSR-ЕСО-SТАNDАRТ» кеме үлгілері номинациясында Арсен Тірібосын ІІ, ал командалық есепте «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығы ІІ дәрежелі Дипломдарымен марапатталып, мерейлері үстем болды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Қызғалдақ – 2021» фестивалінде Ақбота Саби І дәрежелі, «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялардың байқауына орталықтың 5 білім алушысы шығармашылық жұмыстарымен қатысып, «Көлік үлгілеу» үйірмесінің білім алушылары Ернар Бидасбек ІІ дәрежелі, Роман Ландик ІІ дәрежелі, «Эврикон» клубының білім алушысы Максим Лавриченко ІІІ дәрежелі Диплом, «Әуемоделдеу» үйірмесінің білім алушысы Златослав Цыкунов ІІ дәрежелі Дипломдарды еншіледі. Бұл жетістікке жеткен өрендеріміздің бір парасы ғана. Бұлардан өзге оқушыларымыз жетерлік.
– Бүгінде елдімекендердегі шығармашылық орталықтарды дамыту үшін сіздің ойыңызша қандай шараларды қолға алған жөн?
– Ең бірінші, қосымша білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасына көңіл бөліп, жаңарту керек. Материалдық-техникалық базаның заманауи техникамен, көрнекілік құралдармен толығуы білім алушылардың шығармашылық әрекеті мен танымдық белсенділігін қарқынды дамытуға септігін тигізетіні мәлім. Сонымен қатар балалардың қосымша біліммен қамтылу көрсеткішін де арттырады. Сонда балғындарымыз бос жүрмей уақыттарын тиімді жұмсауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде келешекте NEET жастардың шоғырын да азайтар еді деген ойдамын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ауыл-аймақтардағы педагог кадрлардың тап-шылығын қатаң сынға алған болатын. Бұл мәселе шығармашылық орталықта қалай шешілуде?
– Бұл мәселенің Президенттің аузымен айтылуы түйткілдің түйінін тарқатып, салаға серпін беруі ықтимал. Әлбетте әр қызметтің өз ерекшеліктері мен әлсіз жақтары болатыны белгілі. Сол секілді қосымша білімнің ерекшелігі оқыту бағдарламаларының мазмұнын жеткілікті түрде еркін өзгертіп отыруға болады. Себебі мектептегідей регламенттелмеген, сондықтан ұстаздарға ерікті таңдау бойынша жеке дара және ұжымдық шығармашылық қызметте тәжірибе жинауына мүмкіндік беріледі. Яғни педагог заман ағымына сай жан-жақты ізденісте болып, бастамашыл қасиеттерін іске асырып, өзінің ең сүйікті ісін балаларға білім беру арқылы табыс көзіне айналдыруына ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан педагог қызметкерлерге қоятын талабым – өз ісін жетік білу және әр баланың жеке қажеттіліктерін есепке ала отырып, қызығушылығын оята жүрегіне жол таба білу. Сүйікті ісімен айналысып жүрген педагогтар қатары орталықта баршылық. Сол үшін де жоғарыда аталған мәселе бізде әлдеқашан оң шешіп тауып қойған.
– Өзіңіз бүгінде аудандық мәслихаттың депутатысыз. Халық қалаулысы ретінде білім жүйесінде орын алып жатқан өзгерістерге көңіліңіз тола ма?
– Білім беру жүйесінің заман талабына сай әрдайым өзгеріске ұшырап отыруы заңды құбылыс
деп санаймын. Оның ішінде оң нәтижесін беріп жатқандары да аз емес. Мәселен, «Педагог мәртебесі» туралы заң осы салаға талпынатын жастардың қатарын көбейтті. Сіздің сұрағыңызға тікелей келер болсам, қосымша білім берудің өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан бұл саланың педагогтері жұмысқа жалпы негізде қабылданбауы керек. Мысалы, орталықтағы «әуе үлгілеу» үйірмесіне педагог қабылдау үшін ол алдымен психология мен педагогикадан тестілеуден өтуі керек. Болмаса құрастырушылық қабілеті жоғары, өз ісін жетік білетін инженер маманы педагогика мен психологияны білу үшін арнайы курстардан өтуі қажет. Сондықтан олардың көбі тестілеуден бас тартады. Сондықтан алдымен осындай мәселелерге көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай,
журналист.
Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.