ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Облысымызда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ІІІ тоқсанда бірқатар өзгерістер орын алуда. Айталық, меншік нысанына қарамастан білім алушылар саны 600-ден асатын облыстың аудан және қала орталығында орналасқан барлық жалпы білім беру ұйымдары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды. Ал оқушы саны 600-ден асқан аудан орталығындағы мектептерді қоспағанда білім алушылардың санына қарамастан барлық ауылдық мектептер штаттық форматта жұмыстарын жалғастыруда.
Бүгінде облысымыздағы 478 білім беру ұйымында 245 623 оқушы бар. Бұл оқу ордаларының 330-да 600-ге дейін, 148-де 600-ден аса оқушы білім алуда. Тағы бір айта кетерлігі, оқытуды штаттық форматта ұйымдастыру кезінде «бір кабинет – бір сынып» қағидаты және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Сондай-ақ осы қашықтықтан білім алатын оқушылар компьютерлік техникамен толықтай қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда аудан орталықтары мен қалалық жерде орналасқан 93 мектеп қашықтықтан оқытуға жіберілді. Аталған мектептерде 1-2 сыныптар штаттық режимде оқытылады. Жалпы 93 мектепте 122905 оқушы болса, соның 84252-і қашықтықтан, 38653-і штаттық режимде білімдерін жалғастыруда. Ал 600 оқушыға дейінгі оқушылары бар қалған 385 оқу ошағы штаттық форматта, санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмысын жалғастыра береді. Сонымен қатар екпенің толық курсын алған вакцинацияланған оқушылардың оқу орны әкімшілігінің қалауы бойынша, штаттық режимде оқытуға жол берілді. Жалпы білім беретін білім беру ұйымдарындағы оқу процесі белгіленген оқу жүктемесіне, жұмыс оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес, сабақ кестесі ұзақ мерзімді жоспарлау негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ, үшінші тоқсанның басталу күнінің өзгеруіне байланысты, электронды журналды толтыру кезінде орта білім беру ұйымдарына оныншы оқу аптасының бағдарламалық материалын төртінші тоқсанның бірінші аптасына көшіру ұсынылды. БЖБ және ТЖБ өтілген тақырыптар аясында жүргізіледі.
Алайда, соңғы өзгерістерге байланысты 24 қаңтардан бастап 600 балаға дейін оқушысы бар жалпы білім беретін мектептерде толыққанды офлайн оқу, ал 600-ден астам оқушысы бар мектептерде офлайн оқыту кезінде толымдық жобалық қуаттың 50 пайызынан аспауы тиіс. Бұл жағдайда Білім және ғылым министрлігі 1-4 сынып оқушыларын олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі форматта оқытуды ұсынады. 5-11 сынып оқушылары бойынша мектеп әкімшіліктеріне балаларды штатты форматта оқыту, ауысымдар мен ішкі ауысымдардың жұмысын ұйымдастыру, кейбір пәндер бойынша сабақтарды қашықтан оқыту форматына ауыстыру туралы ата-аналардың өтініштерін ескеру ұсынылады.
Енді мектептен тыс ұйымдардың жұмысына тоқталар болсам, мұнда жеке сабақтар толыққанды офлайн форматта, 15 адамға дейінгі топтық сабақтар – штаттық режимде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарда) – жеке сабақтар мен 8 адамға дейінгі топтық сабақтар – штаттық режимде жүргізіледі. Осы орайда қазіргі таңда облыс бойынша 76 мектептен тыс ұйымдарда 67 796 бала білім нәрімен сусындауда. Ал мектепке дейінгі 553 білім ошағында 57100 бала оқуда. Олар 24 қаңтардан бастап балаларды ата-аналарының өтініші бойынша қабылдайды.
Жалпы білім беретін білім беру ұйымдарындағы оқу процесі белгіленген оқу жүктемесіне, жұмыс оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес, сабақ кестесі ұзақ мерзімді жоспарлау негізінде жүргізіледі.
Бүгінгі күні 23583 бала білім алатын облысымыздағы 44 колледж 24 қаңтардан бастап академиялық кезеңде оқытуға дайын. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жұмысы сандық білім беру платформаларына қосылған SmartNation-5 колледж, EduPage-31 колледж, Platonus-2 колледж, AuС эл журнал-2 колледж, Moodle платформасы – 1 колледж сайты арқылы жүзеге асырылады. Колледждерде 1836 педагог тәлім беруде. Сонымен қоса 17 колледждегі жатақханалардың сыйымдылығы – 2743 болса, онда 780-ге жуық студент орналасатын болады. Мұндай білім ордаларында оқыту аралас форматта: практикалық, лабораторлық, семинар сабағы, өндірістік іс-тәжірибе – штаттық режимде, дәрістер – онлайн форматта өткізіледі.
Бейқұт Жамангозов,
облыстық білім басқармасының
басшысы.