САПАЛЫ БІЛІМ МЕН САНАЛЫ ТӘРБИЕГЕ ЖОЛ АШЫЛҒАН
Биылғы дәстүрлі Тамыз кеңесінде бірқатар оқу орындары түрлі аталымдар бойынша марапатталғаны көпшілікке мәлім. Солардың қатарында «Ең үздік қала мектебі» номинациясын олжалаған Талас ауданы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназия да бар.
Аудан орталығы Қаратау қаласында орналасқан білім ордасының іргетасы 1981 жылы қаланған. Мұнда қазір екі ауысымда 1140 оқушы білім алуда. 2012 жылдан бері гимназияны білікті басшы, білгір ұстаз Дүйсенбек Нұрбалтаев басқарып келеді.
— Оқу ошағында қазіргі таңда 109 мұғалім қызмет атқарып, балғындарды білім нәрімен сусындатуда. Олардың 3-і магистр, 3-і педагог-шебер, 41-і педагог-зерттеуші, 22-і педагог-сарапшы, 26-ы педагог-модератор дәрежелерін иеленген. Сондай-ақ өткен оқу жылында педагогтардың 50 пайызы білім жетілдіру курсынан өтті. Материалдық-техникалық базамыз да мығым. Айталық, гимназияда 186 компьютер, 9 интерактивті тақта құрылғысы, робототехника, ІТ кабинеті, 55 пән кабинеті мен спорт залы, акт зал және кітапхана бар. Сонымен қатар өткен оқу жылында 11 сыныпты 40 оқушы аяқтап, 8 оқушы «Алтын белгі», 1 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. Соның нәтижесінде білім сапасы 70 пайызды құраса, 40 оқушы ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 86,3 пайызға жетті. Ал 3 оқушы 100 баллдан жоғары жинаса, Нұрдәулет Ағабек есімді оқушымыз ең жоғары 131 балға қол жеткізді. Ұлт ұстазының есімін иеленгеннен кейін бұл бізге зор жауапкершілік жүктейді. Мұны ұстаздарымыз бен оқушыларымыз жете түсініп, осы сенімнің үдесінен шығуға барын салуда. «Ең үздік қала мектебі» атануымыз да солардың еңбегінің жемісі, — дейді Дүйсенбек Кеңесбайұлы.
Білім ошағының қол жеткізген табыстары да өз алдына бір төбе. Атап айтсақ, бастауыш сынып мұғалімдері Лаура Ырысқұлбекова, Салтанат Жаңабаева, Гүлнар Ахметова облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында 2,3-орындарды еншілесе, бастауыш сынып ұстазы Арайлым Аршатай облыстық бастауыш сынып мұғалімдерінің олимпиадасынан ІІІ орынды олжалады. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушысы Данияр Сұлтанқұл аудандық «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауының тұғыр биігінің екінші сатысынан көрінсе, денешынықтыру пәінінің мұғалімі Жаухар Дауренбекова дойбыдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Оқу ордасының білім бәйгелерінде оза шауып жүрген жеткіншектері де жетерлік. Олар әлемдік пандемия жағдайында орын алған қашықтықтан білім алу кезінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 5-6 сынып оқушылары арасында ағылшын тілі пәнінен өткен республикалық пәндік олимпиадада Кәусар Мұхтар жүлделі ең үздік төрттіктен көрінсе, облыстық пәндік олимпиадада Асқар Бекберген физика пәнінен, Бекнұр Берікұлы мен Балауса Жаманбай тарих пәнінен 3-орынды қоржынға салды. Спорт сайыстарында да оқушылардың құр алақан қайтқан кезі жоқ. Әсіресе, 2002-2004 жылғы қыздар арасындағы «100» шаршылы дойбыдан өткен ҚР чемпионатында жүлделі 3-орынды жеңіп алған Арайлым Мейірбекті ерекше атауға болады. Бұл тек гимназия шәкірттерінің ауыз толтырып айтатын жетістіктерінің бір парасы ғана. Бұдан бөлек, облыстық, аудандық байқауларда да олар ешкімге есе берген емес.
Бір сөзбен айтқанда, оқушылары алғыр, ұстаздары ұлағатты білім ордасының беделі бұдан да биіктей түсеріне көзіміз жете түскендей.
Қ. Аманкелдіұлы,
журналист.
Талас ауданы.