Ещё один сайт на WordPress

ҚАПТАҒАН ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҚТА ПАЙДА БАР МА?

0

Бұрынғының балалары сабағына барып келіп, бір мезгіл асыр салып ойнайтын. Қазір қалай? Қаптаған дамыту, оқу орталықтары, екінің бірі баласын соған береді. Мұның қажеттілігін, неге көбейіп кеткенін білу үшін данышпан болудың қажеті шамалы. Біріншіден, баласының оқуын қадағалап отыратын адам аз. Күні бойы жұмыста болып, кешке үйіне сүрлігіп жететін ата-анадан оны талап ете де алмайсың. Уақыт жетіп тұрғанымен, кейбіреудің ұлы мен қызының оқуына көмектесуге білім деңгейі жете бермейді. Оның үстіне, осы заманғы білім жүйесі күрделі әрі шым-шытырық. Оқулық та жиі өзгереді. Ақпарат та толассыз ағылып жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, әр саладағы ақпарат 4 жылда ескіреді. Демек, 4 жылда ақпарат екі есе өседі. Егер даму қарқыны осылай жалғаса берсе, болашақта ақпарат әрбір 78 күнде еселеніп отырады. Бұл бүгін білгенің ертең ұмытылып, кәдеге жарамауы мүмкін деген сөз. Балалардың тынымсыз білім алуының бір ұшын осыған әкеп тіредік.

Бүгінде қосымша білім беру орталықтары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағанын көзіміз көріп жүр. Әрине, олардың бірінен соң бірінің ашылуы сұраныстың артқандығынан да болса керек. Жамбыл облысында білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің айтуынша, қазіргі таңда өңірде 26 жекеменшік оқу ордасы тіркелсе, олардың 11-і Тараз қаласына тиесілі. Бұл қатарға онлайн курстары мен ақылы сыныптарды да қосыңыз.
– Жекеменшік білім беру мекемелері Білім және ғылым министрінің №391 бұйрығына сәйкес тіркеуден өтеді. Әрине, оның өзіндік белгіленген заңдылықтары бар. Айталық, ең әуелі жүйелі оқу-жұмыс жоспары болуы тиіс. Сондай-ақ әр пән бойынша бекітілген мұғалімдерінің де болуы шарт. Олардың 25 пайызы педагог-сарапшы, педагог-шебер сынды түрлі біліктілік дәрежелерін иеленіп, 10 пайызы сол жерде тұрақты жұмыс істеуі де аса маңызды. Бұдан бөлек, оқу ғимараты жекеге тиесілі немесе 10 жылдан кем емес уақытқа жалға алынуы, асханасында санитарлық талаптардың сақталуы, кітапханасы, спортзалы қажетті құралдармен жабдықталуы, әжетханасының тазалығы, бейнебақылау камераларының орнатылуы, компьютерлердің жеткіліктілігі, тіпті бастауышта білім алатын әр баланың өзінің жеке шкафының болуы сынды қатаң талаптардың негізінде олардың жұмысын бастауға рұқсат етіледі. Себебі қазір барлық білім беру ұйымдары мемлекет тарапынан жан басына қаржыландырылады. Сондықтан да оларға осындай шарттар қойылған. Бірақ олардың оқу ақысына мемлекет араласа алмайды. Әр жекеменшік оқу орны сұранысқа сай өз бағасын белгілейді. Оған шектеу жасау – жеке кәсіпкерлікке тосқауыл қою. Ал бұл мемлекеттің саясатына қайшы келеді, — дейді департаменттің лицензиялау бөлімінің басшысы Қуаныш Көпбаев.
Рас, бәсекелестік сапаны тудырады. Дегенмен осы орталықтардың барлығы сапалы білім бере ме? Бұларға сенген ата-аналардың үміті қаншалықты ақталуда? Біз осы сауалдарға жауап табуға тырыстық.
Мәселен, облыс орталығында кеңінен танымал «125» жекеменшілік білім беру ордасы жұмыс істейді. Мұнда Назарбаев Зияткерлік мектебіне, қазақ-түрік лицейлеріне оқуға түсуге және ҰБТ-ға дайындайды. Мұнда балаңызды беретін болсаңыз айына 69 мың теңге төлеуіңізге тура келеді. Ал шалғай ауылдардан келіп, жатып білім аламын десе, жатақхана бағасы ұлдарға 43 мың, қыздарға 33 мың теңгенің төңірегінде. Ал ағылшын тілін жан-жақты меңгертетін IELTS курсының бағасы 29 мыңға жетіп жығылады. Сондай «Достық» білім беру орталығының бағасы да осы шамада. Дегенмен, бұл қанша жерден қос бүйірден қысқанымен сұранысты арттырмаса кемітіп отырған жоқ.
Басты мәселе – мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталық осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс істейді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге жүгіне салуға болмайды.
Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па? Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады.
Мектептердің сапасы әрқилы. Мектеп сапасын ондағы мұғалімдер қосынының біліктілігі анықтайтыны секілді, білім беру орталықтарының сапасын да әкімшілігі мен ұжымының біліктілігі анықтайды. Ал, білімді бизнес ретінде ғана қарайтын, көлденең көк атты ашып алған шоу орталықтардың шуына алдануға болмайды.
Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір кері идеологиялық бағыттарда жұмыс істеп жүрген Тіл үйрету орталықтары да, Білім беру орталықтары да жетерлік. Орталыққа балаңызды беремін деп, ертең балаңыздан айырылып қалмаңыз. Әбу Насыр әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан, орталық тек білім емес, тәрбиені қоса беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыздың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, баланы бүгінде ата-анадан гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін ұмытпаған жөн, – дейді белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы.
«125» мектебінің директоры Ерғали Егембердиевтің айтуынша, ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 98-ді құрап, оқушылардың 95 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған. Сондай-ақ, грантқа қол жеткізе алмағандарды әкімдіктің, ректордың гранттарына іліктірген. Осының өзі-ақ жекеменшік білім ордаларына деген сұраныстың қай деңгейде екенін аңғартса керек.
Ардагер ұстаз Бүбіш Баянбаеваның сөзінше, мұндай орталықтардың көпшілігі мектептен артық оқытпайды.
Мұндай орталықтардың көксегені – ақша табу. Онда жұмыс істеп жүргендердің дені – мектептен шыққан мұғалімдер. Ата-аналар балаларын орталықтың атағына бола емес, мұғалімнің сауаттылығына, тәжірибесіне, беделіне қарап әкеледі. Сондықтан оқу орталықтарының жұмысын жолға қойып, мемлекет тарапынан талап қоятын, бақылау орнататын кез жетті. Әзірге білім саласындағы құзырлы мекемелер оларға өзінің ережесін жүргізе алмайды. Орталық ашқан қандай да бір кәсіпкер баланы барынша көптеп тартуға тырысады. Ал оған қандай білім берілетініне бас ауыртып жатқаны шамалы. Бұл саладан хабары жоқ адамның өзі айналасына тамыр-танысын жинап алып та жұмысын жүргізе береді.
Ата-аналар да «баламызды осындай орындарға берсек, білімді болып шығады» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ ешкім мектептің мұғалімінен артық оқытпайды, осыны білген жөн. Орталықта сабақ беретіндер алдындағы 5-10 баланың қамын ойлап, қызылкеңірдек болады деп ойламаймын. Баланың ынтасы, қабілеті болып тұрса, еңбегіңді ақтап, өзі-ақ әрі қарай алып кетеді. Ал ештеңеге зауқы жоқ оқушыны төбесінен төмпештеп, мұрнынан сүйреп қайтеді?! «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген бар ғой, бұл да сондай нәрсе. Мен оқушыларға: «Курсқа барғанмен ешкім сендерге мектептегі мұғалімдеріңнен артық үйретпейді. Қайта сендер сабақ үстінде, біткеннен кейін қыр ізінен қалмай жүріп білмегеніңді сұрап, құлағыңа құйып алуға тырыс. Мектептегі ағай-апайың өзінің абыройы үшін оқытады», – дейтінмін. Сонда да көбі мектепті менсінбей орталық жағалап кетеді.
Соңғы уақытта «ментальды арифметика» деген мода шықты. Балалар саусақтарын жыбырлатып ойша есептеп жатады. Бұл оның болашағына, өміріне қажет пе, жоқ па, үлкендердің шаруасы шамалы. Әйтеуір, көштен қалмау керек. Баланың миын керекті-керексіз дүниемен толтыра берудің не керегі бар, түсінбеймін, — дейді мойынқұмдық Бүбіш Ыбырайымқызы.
Ал орта мектептің жас маманы Мақсат Сағынбаевтың айтуынша, қосымша білім қай кезде де артық етпейді.
– Өзім білім саласының нанын жеп отырғандықтан, бұл мәселенің мен үшін маңызы зор. Бұл – мұғалімнің, білім саласының міндеттеуінен тыс дүние. Ата-ана мен оқушының қалауы. Сондықтан, мен қарсы емеспін. Қосымша білім алу – адам бойындағы ашылмаған қыр мен сырын дамытудың бірден-бір дұрыс жолы. Өзім де ата-ананың орнында болсам, баламды мектеппен қоса қосымша сабаққа берер едім. Бұл мен үшін болашағыма жасаған ең алғашқы дұрыс қадамым деп ойлаймын, — дейді Мақсат Азатұлы.
Ата-аналардың да бұған қатысты өз айтарлары бар. Мәселен, Әлия Бауыржанқызы баланы қосымша орталықтарға сүйрегенше кәсіп пен спортқа баулыған дұрыс деген пікірде.
– Баланы жастайынан спортқа, кәсіпке баулығанның пайдасы көбірек. Өзім сөйтемін. Бір ұлым каратэ үйірмесіне барып жүр. Екінші ұлымды да, бұйырса, спорт мектебіне апарамын. Ал қыздарымның тігіншілік, аспаздық сияқты қандай да бір іске икемі болғанын қалаймын. Ағаш жону, кірпіш құю, тағысын тағыларға ер балаларды жастайынан баулу өте маңызды. Өйткені жігіт жар, әке болғанда дым білмегеннен өзі опық жейді. Кейбіреулер бар: мектепте сабақты кіл «беске» оқыған, бірақ осындай ұсақ-түйек қолынан келмейді, өмір сүруге бейімі болмайды.
Одан кейін балаларымның Абайдың өлеңдерін, батырлар жырын оқуына көңіл бөлемін. Оқып, миына тоқыған жағдайда әртүрлі әдіспен ынталандырамын. Адам мұндай шағында таза, пәк болады. Не бар, сол күйінше қабылдайды. Бастауыштың баласы мұндай дүниелерді түсіне қоймауы мүмкін. Бірақ болашақта есте сақтағаны қажетіне жарайтынын білемін, – дейді ата-ана.
Бірақ, қосымша орталықтарға баласын беріп, соның игілігін көрген жандар да аз емес. Айталық, Гауһар Омарова ұлының орталықта білім алғалы бері үлгерімінің едеуір көтерілгенін байқаған. «Балам кейінгі оқу орталығына барғалы 4 айда 13 санат бойынша оқып, білім алып шықты. Ағылшын тілінде еркін сөйлей алады. Бұрынғыға қарағанда айырмашылық аспан мен жердей. Бұлай болады деп ойлағанымыз да жоқ. Өйткені ұлымды талай оқу орталығына апарып көрдім, бірақ еш пайдасы тимеді. Ақшаны далаға шашқандай әсерде болдық. Ал қазіргі орталық туралы құрбымнан естіп, білдім. Мұндағы мамандар баламнан тест сынағын алғанда білімін төмен деп бағалады. Сөйтіп, ағылшын тілінде А мен В-ді ажырата алмайтын сатыдан таңғаларлық деңгейге көтерді. Бұл жағдай да бала мен ата-анаға орталықтың өзі емес, тәуір мұғалім, сапалы білімнің маңызды екенін көрсетеді. Ең бастысы, баланың тілін таба білетіні, сабақты жанын салып түсіндіретіні маңызды. Әрине, қай нәрсенің дұрыс-бұрысы уақыты келгенде айқындалады. Бірақ, кейбір орталықтың қызметі ата-ана үшін ақша шашу, ал кейбірінің жұмысы сапалы екенін таразылай білу қазір өте маңызды болып тұр», – дейді Гауһар Серікбайқызы.
Қалай десек те, мойындайтын бір шындық – бүгінде қосымша білім беру орталықтарының дәурені жүріп, «қылышынан қан тамып-ақ тұр». Біздің мақсатымыз – мұндай оқу ошақтарын жарнамалау емес, керісінше пікірлер тоғысына сүйене отырып, оқырманға ой тастау. Әрине, перзентінің болашағын ойлаған ата-ана мұндай кезде өз таңдауын жасайды. Оған ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Әйтсе, де, қаптаған қосымшалардан қандай пайда бар? Олардың білім бере ме әлде тек жанбағыстың қамымен жүр ме? Бұл мәселенің мәнісіне үңіліп, ой таразасына салуды оқырмандардың еншісіне қалдырдық.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.