ЕЛБАСЫ МЕДАЛІ – 17 ЖҮЛДЕ
Республика бойынша 8 күміс медальдің 4-еуі ЖАМБЫЛДЫҚ оқушыларда
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Елбасы медалі» бағдарламасы биыл да өз жалғасын тапты. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Ел Үміті» бастамасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған білім бәсекесіне 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
Бағдарлама спорт және физикалық даму, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесін қамтитын 7 бағыттан тұрады. Бұған қатысу арқылы жастар өз уақыттарын басқаруды, алдына мақсат қоюды, оларға жүйелі түрде қол жеткізуді үйренеді.
Биылғы бағдарлама жамбылдық жасөспірімдер үшін табысты аяқталды. Аталған сайысқа облысымыздан 465 бала мен жасөспірім қатысты. Оның ішінде 17-і жеңімпаз атанды. Оның 13-і қола, 4-і күміс медаль иеленді. Осы орайда республика бойынша берілген 8 күміс жүлденің тең жартысы Жамбыл облысының қоржынында екенін атап өткен жөн. Айталық, Тараз қаласы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аружан Есентаева, Меркі ауданы Өркен БШББД оқушысы Елдана Оспан, Тараз қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның түлегі, Сулейман Демирел атындағы университеттің студенті Алина Сейітханова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Лилия Ким күміс медальге қол жеткізсе, дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жансая Жексенбай, Жуалы ауданы №26 Жанаталап орта мектебінің 11-сынып оқушысы Марал Әби, №3 мектеп-лицейінің оқушысы Аида Ерланқызы,
Жамбыл облыстық дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Шыңғыс Саят, Төле би атындағы №8 гимназияның оқушысы Ұлжан Оралова, Мойынқұм аудыны Жамбыл мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Асылжан Күнтубай, қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжінің студенті Гүлсезім Бекзат пен Нияз Расилхан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Мадияр Маселбек, С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің студенті Аруна Жұмағали, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназияның оқушылары Инабат Ербол мен Қазына Әбдісейіт, Меркі ауданы Жауғаш батыр атындағы №15 мектептің оқушысы Нұрдана Аманбаева қола медальға ие болды.
Жеңімпаздарды облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов пен Білім-инновация қорына қарасты «Елбасы медалі» жобасы директорының орынбасары Нұрболат Базарбаев марапаттады.
«БШ» — ақпарат