Ещё один сайт на WordPress

АСЫЛ ҚАЗЫНАНЫҢ САҚШЫСЫ

0

Кітапхана – парасат сарайы десек, кітапханашыларды руханияттың шырақшысы деуімізге толық негіз бар. Өздерінен инабаттылықты, шыдамдылықты және білімділікті талап ететін мамандық иесі де – кітапханашылар.

Жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Кітапхана мәңгілік парасаттың киелі мекені, ал кітап-
ханашылар ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары», – тәмсілі де көп нәрсені аңғартса керек. Қалай десекте сала мамандарына артылған жүк тым ауыр. Сол жүкті қайыспай көтеріп жүрген жандардың бірі – Сарысу аудандық білім бөлімінің кітап қоры жөніндегі әдіскері Раиса Жұмаділдақызы.
Әрине, аудан мектептеріндегі кітапханалардың жұмысын оңтайландырып, жүйелі жолға қою екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін асқан жауапкершілік пен күш-жігер қажет. Осы салада 2007 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміздің қол жеткізген табыстары өте көп. Атап айтар болсақ, ол республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының, облыстық білім басқармасының, «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық филиалдарының, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, Сарысу ауданы әкімінің Құрмет Грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бүгінде Сарысу ауданында биылғы оқу жылында кітап қоры 944275-ді құраған. Оның ішінде оқулығы – 174348, көркем әдебиеті – 92160 данаға жетіп жығылады. Бұдан бөлек ауданда модернизацияға енген 9 мектепке 1035 дана көркем әдебиеттерге «Алматыкітап» баспасынан тапсырыс беріліп, әр мектепке 115 данадан үлестірілді.
Сондай-ақ, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қыруар жұмыс атқарылуда. Мәселен, жоба шеңберінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-аналар мен оқушылар да шараға белсене атсалысуда. Осы жоба аясында «Ең үздік кітап оқитын мектеп» аудандық онлайн байқауында үздік деп танылған Қызылдиқан орта мектебі, Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы облыстық кезеңде де бақ сынап, жүлделі орынды еншіледі. Сонымен қатар көп оқып, көп білуге тырысқан мектеп оқушыларына демеушілікпен жыл соңында сыйлықтар таратылды.
Аудан кітапханашылары атаулы күндерді де ескерусіз қалдырмайды. Ыбырай Алтынсариннің 180, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойлары қарсаңында мәдени-көпшілік іс шара, кітап көрмесі, букроссинг кештері өткізілді.
Әрине, осындай келелі жұмыстардың басы-қасында Раиса Жұмаділдақызының өзі жүреді. Аудандағы білім ордаларына келетін көркем әдебиеттер қорының да артуы кейіпкеріміздің тікелей еңбегі екені даусыз. Біздің басылымдарға да Раиса Жұмаділдақызының ұйытқы болуымен сарысулық оқырмандар көптеп жазылуда. Газетіміздің әр санын мұқият қадағалап, саладағы өзгерістер мен жаңалықтарды назарында ұстап отырады. Бұл да кейіпкеріміздің өз саласының үздігі екенін көрсеткендей.

САРЫСУ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.