Ещё один сайт на WordPress

ЖАМБЫЛДЫҚ ҰСТАЗДАР ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК АТАНДЫ

0

Жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» байқауы биыл да өз жалғасын тапты. Айталық, биыл сайыстың облыстық кезеңінде Меркі ауданы А.Қосанұлы атындағы №18 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Ұлбала Ермекбаева, облыстық дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының информатика пәнінің мұғалімі Сәулет Тамабекова, Жуалы ауданы,№1 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Самал Қадырова, Қаратау құрылыс техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Жанат Салыбекова, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік мамандығының арнайы пән оқытушысы Қанат Айдарова, №9 Меркі колледжінің математика-информатика пәнінің оқытушысы Нэйла Рахметалиева және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің педагогика және психология пәндерінің оқытушысы Рабиға Тағашбаева топ жарып, 875 мың теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары мен әдіскерлерге 100 мың теңге сыйақыдан берілген. Жалпы өткен оқу жылында республикалық, халықаралық байқауларда 5125 мұғалім жеңімпаз атанса, 2 педагог елімізде тұңғыш рет берілген «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын еншіледі. Жарқын жетістіктер легі мұнымен шектелмейді.

Жуырда сала мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде 64 мектеп мұғалімі мен колледж оқытушылары үздік атанды. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып жатқан мерейтойлық рәсім аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен іс-шара ұлы ағартушының туған жері – Қостанай қаласында өткізілді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шараға арнайы қатысып, еліміздің үздік педагогтерін құттықтап, оларға төсбелгілер мен шамамен 3 млн. теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сертификаттарды табыс етті. Үздіктердің қатарында жамбылдық 3 ұстаз да бар. Атап айтар болсақ, дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының география пәні мұғалімі Нұрлан Үсеналыұлы, Ж.Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Сандуғаш Жолдасбекқызы және Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының химия пәні мұғалімі Мөлдір Рахметқұлқызы жүзден жүйрік атанып, облыс мерейін тасытты.
– Кез келген ұстаз үшін бұл ең жоғары марапат болып табылады. Бұл жерде әр аймақтан оқ бойы озып келген таңдаулы ұстаздар бақ сынап, жеңімпаздарды анықтады. Байқауда 5 критерийге айрықша мән берілді, олар педагог портфолиосы, үздік сабақтар топтамасы, «Менеджерлер мектебі» атты бейнебаян, «Педагог қандай болуы керек?» тақырыбында эссе жазу және жетістіктер. Үздіктер қатарынан менің де табылып, осы жетістікке жеткенім үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Бұл ең алдымен облыстың, ауданның, мектеп ұжымының жалпы маған сенім артқан жандардың үмітін ақтау деп санаймын. Әлі де биік белестерді бағындыруға бар күш-жігерімді аямайтын боламын, — деп өз әсерімен бөлісті байзақтық үздік ұстаз.
Облысымыздың бір топ ұстаздары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында Алғыс хаттармен марапатталды.
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Өз тілшіміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.