ПЕДАГОГТЕР МҮДДЕСІ МАҢЫЗДЫ ОРЫНҒА ИЕ
Тәуелсіздіктің 30 жылында педагогтерге ерекше жағдай жасалуда. Әсіресе, ұстаздар қауымы мәртебесін заң жүзінде бекіткен сала иелерінің алғашқыларының бірі болды. Дегенмен, заң баптарының сақталуы, оның орындалуы қашанда маңызды. Бұл міндет бүгінде кәсіподақ ұйымына жүктелген. Олардың басты мақсаты – сала мамандарының құқығын қорғап, қажет жағдайда заң тұрғысынан көмек беру. Ұйым бүгінде өз міндетін толығымен орындауда. Бұған жергілікті білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атқарған жұмыстары дәлел. Аталған ұйымды 2018 жылдан бері Ерұлан Мағзымбеков (суретте ортада) басқаруда.
Ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметі ұйым тарапынан қарқынды жүргізілуде. Бүгінде білім және ғылым саласында бір аймақтық Келісім, 779 білім мекемесін қамтыған он екі бірыңғай ұжымдық шарт, 17 ең-
бек ұжымында дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілері қолданысқа енген.
Жүйелі жұмыстың әрі келісімге былтыр енгізілген қосымшалар мен өзгертулердің нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлеріне 35 пайыз, медицина қызметкерлеріне –
15-50%, қаржы-экономикалық қызмет мамандарына елу пайыз еңбек ақыларын арттыру құқығына қол жеткізілген. Бұл игілікті аймақ бойынша 1000-ға жуық кітапханашылар мен медицина қызметкерлері, бухгалтерлер сезініп отыр.
– Былтыр мен биылдың алғашқы алты айында кәсіподақтың еңбек инспекциясына сала қызметкерлерінен еңбек қатынастарына байланысты 1311 жазбаша, 14130 ауызша өтініштер түсіп, барлығы 15493 құқықтық қызмет көрсетілді. Сотқа он төрт материал әзірленіп, кәсіподақ мүшесінің құқығына байланысты 4 талап арыз, әртүрлі деңгейдегі соттарда он төрт сала қызметкеріне өкілеттік жасалды. Нәтижесінде 18 кәсіподақ мүшесінің жұмыстан заңсыз босап қалуына жол берілмеді.
Құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 624,5 миллион теңгені құрады. Осы экономикалық көрсеткішті есепке алу тәжірибесі енгізілген 2015 жылдан бері бұл 1 миллиард 367 миллион теңге қаржыны құрап отыр. Қалыпты дамып келе жатқан қоғамдық қатынастардың кәсіподақ ұйымдарына да жаңа талаптар қоюын жіті сезініп, кәсіподақтық оқыту сапасын арттыру, оның сала өкілдерінің қажеттіліктері мен сұраныстарына сай болуын кәсіподақтық оқытудың басым бағыттарының біріне айналдыруға күш салдық, — дейді Ерұлан Сәбенұлы. Сонымен қатар, 2013 жылдан бері бір республикалық, 4 аймақаралық, 61 стационарлы, 61 көшпелі семинарлар мен кеңестер ұйымдастырылып, онда 21 мыңға жуық сала қызметкерлері мен жұмыс беруші өкілдері кәсіподақтық оқумен қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, былтырғы пандемия жағдайында қашықтықтан оқыту қызметін жүзеге асыруға 80 миллион теңгеге 457 бірлік ноутбук, принтер, роутер мен модемдер алынып, оның игілігін педагогтар, аз қамтылған отбасы оқушылары көріп отыр. Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдары медициналық маска тіктіру, азық-түлік себетімен қамту, материалдық көмек беру сынды барлығы 71,7 миллион теңгені құрайтын қаражатқа көмек көрсеткен.
– Кәсіподақты көпшілігі өкінішке орай тек жолдама тарататын ұйым деп ғана түсінеді. Сондықтан кейбірі «Кәсіподақтың бізге не керегі бар», — деген сауалды алға тартуда. Әйтсе де, құқығы тапталып, беделіне нұқсан келген әріптестеріміз айналып келгенде бізден жәрдем күтеді. Біздің міндетіміз – оларға заң шеңберінде көмектесіп, қолдау жасау. Тек бұл ғана емес педагогтерді ынталандырып, олардың мәртебесін көтеру мақсатында да ілкімді жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, 2020-2021 жылдары барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 5646 кәсіподақ мүшесі және оның отбасы мүшелері қамтылып, оған кәсіподақ бюджеті есебінен жалпы сомасы 191,1 миллион теңге бөлінді. Облыстық ұйым сала еңбеккерлерінің тынығуы, рухани дамуы мен кәсіби шеберлігінің ұшталуын күн тәртібінен түсірген емес. Осы ретте, білім және ғылым саласының барша өкілдері арасында дәстүрге айналып, өнер мерекесі атанған «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты фестиваль мен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты спартакиада, кәсіподақтық турнирлер, «Ең үздік кәсіподақ көшбасшысы», «Ең үздік бастауыш ұйым», «Сала үздігі» сынды кәсіби шеберлік байқаулары, «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық әндер мен кәсіподақтық жыр сайыстары, «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты ынталандыру айлықтары жоспарлы түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қоса, дәстүрлі облыстық тамыз кеңесінде, Мұғалімдер күні кәсіби мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп» «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары мен озат ұстаздарды марапаттауға кәсіподақ бюджетінен 6 миллион теңге бөлінген. Жалпы, осы тәжірибе енгізілген алты жылда 24 білім мекемесі мен ұйымы, 106 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 35 миллион теңгенің ынталандыру сыйақысы табысталып отыр, – деді Е.Мағзымбеков бізбен әңгімесінде.
Бүгінде ұйымда еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде саяси партия-
лар және үкіметтік емес ұйымдармен өзара тиімді әріптестік жүргізу тәжірибесі қалыптасқан. Кәсіподақ мүшелері қоғамдық-саяси өмірге де белсене атсалысуда. Айталық, босатылған негіздегі 4 кәсіподақ көшбасшысы Тараз қалалық және аудандық мәслихат депутаты болса, жалпы өңірде білім және ғылым саласының 44 өкілі депутаттық мандатқа ие. Кәсіподақтың қаржылық қауқарын күшейте түсетін, ең бастысы сала өкілдері үшін пайдалы болатын экономикалық жобаларды жүзеге асыру туралы нақты қадамдар бар.
Осы ретте, сауықтыру, демеушілік, материалдық көмек, ынталандыру, мәдени-көпшілік шараларға бағытталатын шығындарды төмендетпестен, кәсіподақтың материалдық-техникалық негізін жасақтап, нығайтуға қол жеткізілуде екен. Бүгінгі таңда кәсіподақ меншігінде өз ғимараттары, шағын көлемдегі өндірістік жабдықтары, жеке газеті, туристік саяхат ұйымдастыратын автокөліктері бар, соңғы үлгідегі қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.
Осылайша, кәсіподақ ұйымы сала қызметкерлерінің мүдделерін әрдайым қорғап, көздің қарашығындай сақтауға мүдделі. Ол үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» күш біріктірсе болғаны. Ұйымның бұл бағыттағы жұмысына біз де тек табыс тілейміз!
Құрбанәлі Шахабай,
журналист.