Ещё один сайт на WordPress

ІЗГІЛІК НҰРЫН СЕПКЕН – ҰЛАҒАТ ИЕЛЕРІ

0

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегінің ерен екенін көкірек көзі ояу кез келген жанның ұғынары анық. Ал қастерлі мамандықтың қадірлі иесі болу үшін жоғары білім игеруден бөлек, өнегелі өмір тәжірибесін өткеру керек.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім.
Ұстаздық етуден жалықпаған әулеттің бірі – Мыңбаевтар отбасы. Әңгімеміздің әлқиссасын Жамбыл аудандық білім бөлімінің әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінің әдіскері Бекес Мыңбаевтан бастасақ. Бекес Бердалыұлының бұл жолда жүргеніне талай жылдың жүзі болды. 1986-1989 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында білім алған ол 2006 жылы Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» университетін «тарих-география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша да тәмәмдаған. Еңбек жолын 1983 жылы Аса ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып бастап, 2002 жылы Жамбыл ауданындағы Ильич атындағы орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданған. 2004 жылы аталған білім ордасында алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып ауысқан. 2010 жылдан бастап аудандық білім бөлімінде пән әдіскері болып еңбек етуде.
– Асылы, шәкіртті талабынан танып, шамын жағып, жұлдызын жарқыратып, шығармашылығын дамыту – әрбір педагогтың парызы. Сөзіме дәлел ретінде Жүсіп Баласағұнның «Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген нақыл сөзін айтқым келеді. Менің ұстаз болуыма мектептегі мұғалімдерім көп ықпал етті. Үлкен өмірдің ағысына қосылғалы ұстаздық жолды да солардан үйрендім, – дейді білікті педагог-сарапшы.
Педагогтік еңбек жолында Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының», облыстық қорғаныс істері департаментінің, білім басқармасының марапаттарына ие болған.
Ұстаздың жұбайы Алтынай Суетова да осы салада 30 жылдан астам уақыттан бері тер төгуде. 1989 жылы Жетісай педагогикалық колледжін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы, 2005 жылы «Әулие Ата университетін» «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша аяқтаған. Осылайша Шардара қаласында өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастап, 1991 жылдан бері Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып осы күнге дейін жемісті жұмыс атқарып келеді. Оның да «педагог-сарапшы» деген педагогикалық дәрежесі бар. Облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасын иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің математика пәні олимпиадасында жүлделі ІІ орынға қол жеткізгені – оның білікті маман екенін айғақтайтындай.
Бекес Бердалыұлының әпкесі Мейрамкүл де, қарындастары Айжан, Ұлжан, Маржан да осы мамандықты таңдап, ұлт болашағын тәрбиелеуге зор үлес қосуда.
– Өзімнің өмірлік жолымды бала көкжиегін кеңейтуге бағыттағаным – мен үшін әрі абырой әрі маңызды міндет. Бағытымды бағамдап, болмысымды қалыптастыруда шәкірт алдында жауаптымын. Елімізде педагогтарға қатысты көтеріліп жатқан мәселелер аз емес. Алайда ұстазға деген сенім мен құрмет өз биігінен түспегені хақ. Өзім де осы салада 40 жылға жуық уақыттан астам қызмет етіп, зейнетке шықтым. Ұстаздар әулетінен шыққанымды мақтан етемін, — деді Мейрамкүл Бердалықызы бізбен әңгімесінде. 1986 жылы Жамбыл зооветеринариялық техникумын, 1994 жылы КИМЭП-ті үздік бітіргеннен кейін 1976-1990 жылдары Жамбыл аудандық партия комитетінде статист болып жұмыс істеді. 1994 жылы Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепке мұғалім болып ауысып, ұстаздық жолға қадам басады. Ал 1995-2021 жылдары М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің «Әлеуметік-гуманитарлық ғылымдары» кафедрасының аға оқытушысы болды. Осы жылдар ішінде 1 электронды кітап, 20 ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстың авторы атанды.
Осы әулеттің тағы бір қызы Айжан Мыңбаева – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті технологиялық факультеті «тамақ өндірісі және биотехнология» кафедрасынын доценті, техника ғылымдарының кандидаты. Ал Айжан Аушенова 1993 жылдан бері №1 орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда.
Ұстаздар әулетінің көшін жалғаған Маржан Мыңбаева қазіргі таңда Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары. Бұлардың барлығы дерлік жоғары санатты, мол тәжірибелі, білікті ұстаздар екенін баса атап өткен жөн.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Мұғалімді мектептің жүрегі деп білетін дана халқымыз өз ардақтыларына әркез құрметпен қараған. Ұстаз деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болып қала бермек.

Құрбанәлі Шахабай,
журналист.
Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.