Ещё один сайт на WordPress

ОҚУЛЫҚТАРДЫҢ САПАСЫ БІЗДЕ ӨТЕ ТӨМЕН

0

Оқулықтардағы олқылықтар жөнінде бұған дейін талай мәрте айтылып, сан рет жазылып келеді. Мектеп оқулықтарындағы қателер, тарихи деректердің бұрмалануы, тіпті кітаптардың салмақ мөлшері де қаншама рет сын садағына ілініп, көптің талқысына түсті. Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тиісті тапсырма берді. Сөзіміз дәлелді болсын, Президент өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті. Оқулықтар сапасына білім сапасы тікелей байланысты. Сондықтан ғылыми-практикалық сараптама мен тәжірибелік зерттеулерге қойылатын талапты жоғарылату керек. Бұл министрліктің тікелей міндеті. Оқулықтардың сапасы бізде өте төмен», — деген Қасым-Жомарт Кемелұлы сапасыз оқулықтарды әзірлегендерді жауапқа тартуды да тапсырған болатын. Президенттің сын-ескертпесінен кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулық сапасын жақсартудың 10 түрлі қадамын ұсынды. Айталық, мұғалімдерді іріктеп, арнайы курс-тар өткізу және оларды оқығандығы жайлы куәландыру, оқулықтар авторларын курстан өткізу, сараптама жүргізу процесін жақсарту, электронды платформа арқылы баспаларға айтылған ескертулердің нәтижесін бақылау, оқулықтарда қате жіберілген жағдайда, баспа өз қаражатына оқулықтарды алмастыруды міндеттеу, баспа қателерді жөндемеген жағдайда белгілі бір санкциялар қолдану, оқулықтардың көлемін кішірейту, белгілі бір оқулықтардағы қате бағдарламаларды жөндеу қадамдары арқылы олқылықтардың орнын толтыру көзделуде. Сонымен қатар, министрлік сайтында EPUB форматындағы 1-10 сы-
ныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқалары орналастырылды. Бұл білім алушыларға электронды құрылғылар арқылы оқулықтарды қолдануға және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік бермек. Дегенмен, әлі де оқулықтар мәселесі толығымен шешілді деуге еш негіз жоқ. Өйткені, оқулықтардың сапасына қатысты мәселе күн тәртібінен әлі де түспей келеді. Осы кем-кетіктерді қалай түзетуге болады? Бұған қатысты ұстаздар не дейді? Біз осы орайда бірқатар пікірлерге құлақ түріп көрдік…

Аятжан Ахметжан, республикалық «Qazbilim» орталығының қалаушысы, Нұр-Сұлтан қаласы:
«Оқулық сапасы туралы елде жиі шу көтеріледі. Бірақ бұл түбегейлі шешілген емес. Оны шешу үшін оқулық жазу құқығын баспадан алып, ғылым академияларының біріне берген абзал. Себебі, баспа, ол – жауапкерлігі шектеулі серіктестік, яғни, олардың басты көзқарасы сапа емес, сауда, көздегендері білім емес, ақша. Өйткені, олардың негізі бағыты — бизнес жоспарын орындау. Сол үшін бағдарлама, оқулық кешенін негізгі жауапкершілігі бар, мемлекеттік мекеменің құзыреттілігіне беру керек. Ақиқаты да осы, жауапкершілік болмаса, сапа туралы ауыз ашуға болмас. Шет мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, оқулық сапасын арттыруға қатысты мынадай ұсыныс айтсам деймін. Бірінші мәселе – оқулықты жеке автор емес, арнайы комиссия жазуы керек. Орта білім саласының маңызды құжаттарын талдау және зерттеу институты болса әрі олар автор емес, құрастырушы болуға тиіс. Себебі, оқулық – авторы бар әңгіме, роман немесе диссертациялық жұмыс емес. Ол тек түрлі авторлардың, ғалымдардың жұмысынан алынып, мектеп деңгейіндегі мазмұнға ыңғайлап құрас-
тырылатын, ықшамдалған көшірме. Дамыған елдер тәжірибесіне негізделгенде, оқулықты сол мамандықтың білгір ғалымы мен сол пәнді балаға оқытатын педагог бірлесіп жазулары керек. Себебі, кей ұғымдардың оқушыға қалай түсінікті боларын сол ғылымның педагогы жақсы біледі. Сонымен бiрге, оқулықты жазатын комиссия құрамында тарихшы болу керек, себебi елiмiздiң тарихы, мәдениетi кез келген оқулығымызда көрiнiс берiп тұруы керек. Барлық ғылымға сол ұлттың ұлттық менталитеті сіңуі қажет», — дейді білікті педагог.
Аталған мәселе төңірегінде жамбылдық педагогтердің де айтарлары аз емес.
Айгүл Қалмаханова,
Жамбыл ауданы, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісінің иегері:
«Мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған оқулықтарды сараптайтын рес-
публикалық комиссияның мүшесі болдым. Осы сараптау барысында орыс тілінде оқытылмайтын мектептерде «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің оқулықтарынан бірқатар қателіктерді көзім шалып, бірнеше тұжырым жасадым. Біріншіден, ұзақ, күрделі, шамадан тыс теориялық мәтіндерді, ғылыми терминдерді түсіндірусіз, ауыр анықтамалардан тыс пайдалану, сандардың, фактілердің көптігі оқушылардың оқу материалын қабылдауын қиындатады. Екіншіден, жетілдірілмеген әдістемелік аппарат, ынталандырушы элементтердің нашар ұсынылуы, қолданыстағы оқулықтардағы материалдарды ұсынудағы біртектілік оқушының оларды қолданудағы табысты оқу іс-әрекетіне ықпал етпейді. Үшіншіден, оқулықтар орыс тілі мен әдебиетіне мүлдем қатысы жоқ терминдермен толы. Төртіншіден, мәтіндер өте көлемді. Оқулық құрастырушылар бұл интеграцияланған пән екенін ұмытпауы керек. Тағы бір айта кетерлігі, негізінен басты басымдық «орыс әдебиеті» пәніне берілген. Орыс тілінің кейбір ережелері мүлде көрсетілмеген. Сондай-ақ, сыни ойлауды, ізденімпаздықты дамытуға арналған тапсырмалардың көптеп берілгені жөн болар еді», — деген пікірде.
Байзақ ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Күдериеваның да ой-пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, жоғары сынып оқулықтарында ақын-жазушылар мүлде аз қамтылып, ХХІ ғасыр әдебиеті жайлы деректер берілмеген.
— 10-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығында Ғабит Мүсірепов, Алма Кемелбаева сынды бірді-екілі авторлар болмаса, қазақ әдебиетінің классиктерінің туындылары жоқтың қасы. Жалпы 9,10,11-сынып бұл төменгі сыныптарда алған білімді пысықтап, тереңдете оқытатын кезең. Бұл жағына мүлде көңіл бөлінбеген. Сондай-ақ, 11-сыныпта «Пәтер іздеп жүр едік» деген көркем әңгіме бар. Шығармада өмір бойы пәтер жағалап, үйсіз-күйсіз жүрген қазақтың тағдыры суреттелген. Яғни, туынды тұтастай қазақты бейшара, әл-ауқаты төмен, ештеңеге жарымайтын ұлт ретінде бейнелеген. Менің ойымша, мұндай дүниелерді оқу мектеп оқушыларына әлі ерте. Оның орнын Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер, қазақтың танымал қаламгерлерінің көркем шығармаларымен алмастырса жөн болар еді. 9-сыныптың бағдарламасында «Бәйтерек» атты поэма бар. Оған өте көп сағат бөлінген. Бір поэманы бірнеше сағатқа бөліп, қайталай беру ұстаздарды да, оқушыларды да мезі етеді. Одан да 9-сыныпқа сай жыраулар поэзиясын, ұлттық рухты көтеретін шығармаларды берсе нұр үстіне нұр болмақ. Қазақ тілі оқулығына келер болсақ, бұл пәнде грамматикадан гөрі қазақтың ұлттық құндылықтарына ерекше екпін түсірілген. 9-сыныптың оқу бағдарламасында «Құрмалас сөйлемдер» тақырыбы бар. Ал оқулықта бұған қатысты бірде-бір сөз жоқ. Бағдарламада жазылғандықтан ұстаздар тәжірибелеріне сүйеніп, оқулықта жоқ болса да, өз беттерімен сөйлем құратып, тапсырмаларды орындатуда. Содан соң грамматика бір ізге түспеген. Яғни, бұрын әуелі лексиканы, сосын фонетика, содан соң морфологияны оқитынбыз. Осылай кете беретін. Ал қазіргі қолда-
ныстағы оқулықтарда бұл реттілік сақталмаған. «Қазақ тілі» оқулығында құндылықтан гөрі сауаттылыққа баса мән беріліп, диктант жазу алдыңғы орынға шықса екен деп ойлаймын. Бұл жөнінде сын-ескертпелерді айтып, арнайы ұсыныста бергенбіз, — дейді Б.Күдериева.
Гуманитарлық пәндердегі оқулықтардың кем-кетігі осылай. Ал, нақтылыққа негізделген жаратылыстану бағытындағы оқулықтарда қандай олқылықтар бар?
Осы сауалдың жауабын Тараз қаласы дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернаты математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаевтан сұрап білдік. «Қазіргі оқулықтардың сапасы туралы айтқанда оның бірнеше жақтарын қарастыру керек. Оқулық – оқытудың басты құралдарының бірі екені белгілі. Оқулықтың мазмұны, құрылымы, оқу материалдарының берілу әдісі, тапсырмалар түрлері және тағы да басқа әдістемелік элементтері оқыту үдерісінде негізге алынған тұжырымдамаларға, педагогикалық көзқарастарға, нақты оқыту әдістемесіне негізделеді. Оқулықтың сапасы оқыту мақсатына жетудегі және қойылған оқыту міндеттерін шешудегі тиімділіктерімен анықталады. Оқулықтарда әр пәннің мазмұнының ерекшелігіне қатысты кемшіліктер де кездеседі. Мысалы, статистика бөлімінде өзгеріс ауқымы басқа оқулықта таңдалым қарқыны немесе таңдалым құлашы деп беріледі. Тіпті бір автордың әр сыныптағы оқулығында екі түрлі атаулар кездеседі. Мұғалім сабақ барысында қолданыстағы оқулықтағы атауынан басқаларын атап өтпесе ҰБТ-да бала қиындыққа тап болады.
Қоғамдық гуманитарлық бағыт пен жаратылыстану математикалық бағытында бағдарлама әр түрлі, дұрыс, оған келісемін. Бірақ 9-сыныптан кейін қанша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бағыт-бағдар бергенімен білім алушы қоғамдық-гуманитарлық бағытта оқып жүріп, ҰБТ-да математика таңдайтындар баршылық. Ал математиканың кейбір тақырыптары гуманитарлық бағытта жоқ. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұнында енгізілген «Дифференциалдық теңдеу», «Комплекс сандар» тақырыптары осы пән мұғалімдері арасында үлкен қиындық тудырып отыр. Мысалы, тестте кездесетін қарапайым тапсырма: х2+8х+20=0 квадрат теңдеудің қанша түбірі бар? Оқушы бұрын түбірі жоқ деп сенімді айтатын, ал қазір күмәнданады. Себебі, комплекс сандар жиынында шешімі бар. Ал жауап нұсқаларында сұраққа сәйкес санмен беріледі, яғни екеуі де болады. Мұндай мәселе мұғалімдердің біліктілік тестінде жоғары дәрежелі теңдеу беріліп, оның қанша шешімі бар екенін анықтауда да ұшырасады. Дифференциалдық теңдеу бойынша оқулықта мәлімет аз берілген, сондықтан орта мектеп математика пәні мұғалімдері ізденіп, тіпті өзіне қажет деп тапқандар ЖОО оқытушыларына байланысқа шығып толық меңгеру үшін кездесулер ұйымдастырып, дәрістер алып жатыр. Жалпы, қазіргі оқулықтардың сапасы жоғары деңгейде деп айтуға болады. Өйткені, оқулық жазуда мемлекеттiк бiлiм беру стандарты мен пәндiк бағдарлама тiкелей басшылыққа алынады. Одан ауытқуға еш болмайды. Бағдарламада пәнге бөлiнген сағат саны мен тақырыптары нақты берiледi. Соған сәйкес баспада оқулықтың макетi жасалып, сараптамаға жолданады. Сараптамадан кейiн кеткен қателер түзетiлiп, баспаханаға жiберiледi. Осы орайда мен ұсыныс ретінде оқу материалдарының мазмұнында оқушылардың алған білімдерін іс-әрекет барысында, өмірлік жағдаяттарда, тұрмыста, ұтымды қолдана алуға бағыттайтын материалдарды және қазақстандық компоненттерге қатысты тапсырмалар, заманауи мамандықтар мен оларды меңгеруге қажетті дағдылар мен құзыреттіліктер туралы ақпараттарды көбірек берсе абзал болар еді деп айтқым келеді», — дейді білікті ұстаз.
Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз, оқулықтар мәселесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Оқулықтардағы олқылық – ойландыратын мәселе. Өйткені, сапалы оқулық – саналы ұрпақ кепілі. Осыны жете түсінсек ғана кем-кетіктердің түзелері сөзсіз.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.