Ещё один сайт на WordPress

ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛЫҚ ХАТ: ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН КЕМШІЛІГІ

0

Жаңа оқу жылының қарсаңында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім акаде-
миясы әзірлеген әдістемелік нұсқаулық хат көпшілік назарына ұсынылды. Аталған құжат жария болысымен-ақ көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Бір тобы құжаттың ерекшелікке толы екенін айтса, енді бірі кей тұстары көңілге күдік ұялататынын жасырмады. Біз осы орайда маңызды құжат жөнінде бірқатар сала мамандарының ой-пікірлеріне құлақ түрген едік.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының басшысы Ғани Бейсембаевтың сөзінше, әдістемелік-нұсқаулық хат – ұстаздарға көмекші құрал ретінде дайындалатын құжат. Оны академияның ғалымдары, практик-мұғалімдер, білім саласының сарапшы мамандары бірлесіп әзірлейді. Бұл құжатта биылғы оқу жылының басты жаңалықтары 3 бағытта көрсетілген. Олар: балалардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру, оқушылардың денсаулығын жақсарту мен нығайту және әлеуметтену мәселелері.
– Зерттеулер бойынша еліміздегі мектептердің 40-50%-ында әдеттегі қоңыраудың орнына күй қойылып келген. Қоңырауды күймен алмастыру жаңалық емес. Мамандар тек оны жүйелеу бойынша ұсыныс жасады. Ал, «ханым» мен «мырза» деген қаратпа сөзі тек мектеп мұғалімдерінің бір бірімен қарым қатынасына қатысты ұсыныс. Бұл өз кезегінде педагогтер арасында бір-біріне деген үлкен құрметті қалыптастыруға бағытталған қарым-қатынастың құралы ретінде қолдануға берілген ұсыныс. Тағы бір баса айта кетерлігі, әлеуметтік желілерде мұғалімдердің дене бітіміне қатысты ақпарат әдістемелік-нұсқаулық хатта көрсетілген деген фейк хабарламалар жүр. Бұл – жалған ақпарат. Сондықтан оған сенбейік, – дейді Ғани Бектайұлы.
Ал қоғам белсендісі, Алматы облысы Қарасай ауданының мұғалімі Айман Сағидулла нұсқаулық хаттың заңға қайшы тұстары бар екенін жасырмады. «Академияның таратқан мәліметіне сенсек, аталған құжатты ғалымдар жасаған. Бірақ, ғалымдар мектептердің, мұғалімдердің жағдайымен жете таныс емес қой. Ең бірінші қателік осы жерден кеткен тәрізді. Бұдан кейін құжатта былтырғы қашықтықтан білім беру кезіндегі олқылықтарды жою мақсатында мұғалімдер сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеуі керек деген сыңайда нұсқау берілген. Енді қараңыз, ешбір мекеме бұл екі күн жұмыс істемейді. Себебі, бұл күні кез келген адам демалуы қажет. Сондай-ақ, бұл екі күн жұмысқа шыққаны үшін қосымша ақы төленбейді. Бұдан бөлек, олқылықтарды жою үшін күзгі, қысқы каникул күндері де жұмыс істеп, одан әрі жазғы мектепке жалғасады делінген. Мұғалім де адам ғой. Оның да отбасы, жеке өмірі, айналысатын тірлігі бар. Соларға мүлде көңіл бөлмеуі керек пе сонда?! Онлайн оқуды ұстаздар сұрап алған жоқ қой.Немесе білім беру қашықтықтан екен деп мұғалімдер үйінде жатпады. Қашықтықтан оқыту әріптестеріме де оңай соқпады. Күні-түні балалардың сауалына жауап беріп, телефонға телміріп отыру оңай шаруа емес. Соның салдарынан денсаулығына зақым келгендері де бар. Сондай-ақ бұл нұсқау тек бір жерде ғана емес әр пәнге бөлек-бөлек көрсетілген. Бұл дегеніміз мұғалімнің құқығын аяқ асты ету, еркіндігіне қол сұғу. Демек, бұл барлық Заңға қайшы келіп тұр. Әдістемелік нұсқаулық хат бұйрық емес. Ол тек педагогтерге жол көрсетіп, бағыт сілтейтін құжат. Егер оны дұрыстап жазса таптырмайтын құралға айналады. Алайда, өкінішке орай, бұл жолы хатқа ешқандай Заңда, бұйрықта көрсетілмеген дүниелерді тықпалап тастаған. Біз осы мәселені көтеріп министрлікке, академияға хат жаздық. Академия бізге сырғытпа, үстіртін ғана жауап берді», – деп базынасын білдірді ұстаз.
Біз осы пікірді негізге алып педагогтердің құқығын қорғауға тиіс облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековке хабарласқан едік. Оның берген жауабына сәйкес, білім беру ұйымдарының қызметкерлерін демалыс және жұмыс емес мереке күндері жұмысқа тартуға тек олардың жазбаша келісімі немесе олардың өтініші негізінде ҚР Еңбек Кодексінің 85-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыс берушінің жазбаша бұйрығы бойынша ғана жол беріледі.
– Бұл ретте Еңбек Кодексінің 86-бабында. көзделгеннен өзге, яғни жұмысқа қызметкердің келісімінсіз тартуға болатын, төмендегі жағдайлар ескерілуі тиіс:
1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін;
3) тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.
4) Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ, аталған Кодекстің 109-бабы негізінде демалыс және жұмыс емес мереке күндегі жұмыс үшін ақы, еңбек немесе ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде көзделген жоғарылатылған мөлшерде, жұмысшының күндік (сағаттық) ставкасын ескере отырып, бір жарым еседен кем емес мөлшерде төленуі тиіс. Бұдан бөлек, кезекті демалыспен сәйкес келмейтін күзгі, қысқы және көктемгі каникул кезеңдері мекеменің педагогикалық және өзге қызметкерлері үшін, қоса атқару шартымен жұмыс атқаратын қызметкерлер үшін де, жұмыс уақыты болып табылады. Бұл кезеңдерде жұмыс беруші педагогикалық қызметкерлерді педагогикалық және ұйымдастыру жұмыстарына, каникул басталғанға дейінгі оқу жүктемесінен аспайтын уақыт шеңберінде тартылады. Каникул кездеріндегі жұмыс кестесі жұмыс берушінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетінің пікірі ескерілген бұйрығымен бекітіледі.
Педагогикалық қызметкерлерге негізгі демалыспен сәйкес келмейтін каникулдық кезеңде, өз келісімдері бойынша, бір ай шегінде жұмыс уақытының жиынтықталған есебі белгіленуі мүмкін, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.
Нұсқаулық хаттың ерекшелігін айшықтап көрсеткен өңір ұстаздары да бар. Солардың бірі Байзақ ауданы Абай атындағы орта мектептің директоры Жанатбек Тұрғынбаевтың айтуынша, аталған құжат арқылы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда бірқатар ерекшеліктер енгізілген. «Солардың ең маңыздысына тоқталар болсақ, бірінші кезекте орындалуға тиіс мынадай міндеттерге басымдық берілген. Олар: білім алушылардың білімін толықтыру, оқу жүктемесі төмендетілген үлгілік оқу жоспарын қамтамасыз ету және цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау. Сонымен қатар нұсқаулық хатта «Әрбір білім беру ұйымының міндеті – білім алушының тұлғалық үйлесімді қалыптасуы, функционалды сауаттылығы мен бәсеке қабілеттілігің дамуы үшін қолайлы, жалпы адамзаттық, ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру ортасын құру», – деп көрсетілген. Осы міндеттердің толығымен орындалуы үшін тиісті ерекшеліктердің барлығына маңыздылық бере отырып, білім алушылардың оқу жүктемесін азайту арқылы ерте кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге қолайлы орта тудыруға жол ашылмақ. Тағы бір қуантарлығы, 1-сыныптарға «Әліппе», «Ана тілі», «Букварь», «Обучение грамоте», «Цифрлық сауаттылық» пәндерін енгізілуде. Бір сабақтың уақытын 45 минутқа дейін ұзарту мұғалімнің оқушыға көбірек көңіл бөлуіне, кері байланыс орнатуына мүмкіндік бермек.
Ал 5-11 сыныптар аралығында «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсын енгізу оқушылардың сауаттылығын кеңейтуге жол бермек. Осыған орай ентелеп енген қауіпті індетке қарсы білім беру мекемелеріндегі іс-әрекет пен санитарлық талаптардың қатаң сақталуы басты назарда болатыны белгілі», — деген мектеп басшысы бұл бағытта әрбір оқушы, мұғалім, ата-ана мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің және қоғамдық ортаның бірлесе жұмыс атқаруының нәтижесінде ғана сапалы білім мен саналы тәрбиеге қол жеткізетінімізді баса атап өтті.
Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Найзабаеваның да пікірі осыған саяды.
– Екінші жыл қатарынан жалғасып келе жатқан пандемия жағдайындағы оқу процесін ұйымдастырудағы шектеу шараларына байланысты оқушылардың білімінде туындаған олқылықтардың орнын толықтыру бойынша арнайы жұмысты ойластыру және тиімді жүргізу, міндетті формативті бағалау, сабақ ұзақтығының – 45 минут болуы, ұлттық құндылықтар негізінде мектептің мәдени ортасын қалыптастыру, педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа ережелерін енгізу – менің назарымды аудартқан басты бағыттары.
Мектептің ең басты келбеті – оқушылар мен олардың білім сапасының көрсеткіші екенін ескерсек, оқу үрдісі бойынша оқушылар біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру, жеке қолдау көрсету үшін білім алушының қажеттіліктерін зерделеу, жеке тапсырмаларды таңдай отырып, оқытудың жеке жоспарын әзірлеу, жүйелі кері байланысты ұйымдастыру кем-кетіктерімізді екшей отырып, жаңа материал игеруден бұрын өткен жылғы тақырыптар бойынша іргетасын бекіп алу оң әсерін беретіні сөзсіз.
Қоғамның дәстүрі мен құндылықтары адамзаттың асыл қасиеттерін игеру жолында қосымша енгізілген «Парасаттылық және әдеп», «Медиасауаттылық» секілді таңдау пәндері де қоғамның жаңа бағытқа бетбұрыс жасауына жаңаша қадам деп айтуға болады», — деп өз ойымен бөлісті.

Тілші түйіні: Педагогтердің алдағы жұмысына бағыт-бағдар көрсететін әдістемелік нұсқаулық хат туралы мамандар пікірі осылай екіге жарылды. «Біткен іске сыншы көп», — демекші түрлі пікірдің қалыптасуы да заңдылық. Дегенмен, кез келген құжат Заң шеңберінен шықпай, ұғынықты әрі мазмұнды жасалғаны тиіс. Алдағы уақытта нұсқаулық хаттың кемшін тұстары сараланып, кем-кетіктер түзелер деген үмітіміз де жоқ емес.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.