Ещё один сайт на WordPress

ӘДІСТЕМЕЛІК КАБИНЕТТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН БІР ЖҮЙГЕ КЕЛТІРЕМІЗ

0

Жуырда Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиынында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов саладағы бірқатар мәселелерді атап көрсетті.
Әдістемелік кабинеттердің жұмысынан бастап магистр дәрежесі бар әдіскерлер жай-күйіне дейін қаузалған басқосуды ең өзекті тұстарын оқырманға ұсынбақпыз.

«Әдістемелік кабинеттердің жұмысына көңіліміз толмайды. Тиімділігі жеткіліксіз. Кадрлық әлеуеті де төмен. Біраз өңірлер, мысалы, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарында әдіскерлер жеткіліксіз болып тұр. Бірізділік те жоқ. Білім бөлімдерін әкімдіктерден алып, облыстық басқармаларға бердік. Енді әдістемелік кабинеттер бойынша да бірізділік жұмысын жүргізу керек. Білім бөлімдері білім басқармаларымен тікелей жұмыс істеп жатыр. Ауылдағы білім бөлімдері жанындағы әдістемелік кабинеттер облыстағы әдістемелік кабинеттермен жұмыс істеу мәселесі әлі де толығымен шешілмеген. Бүгінгі талдау соны көрсетіп отыр», — деген министр бірізділіктің қажет екенін қадап айтты. Сондай-ақ ол: «Кадр әлеуетін дамытуымыз керек. Айналысатын жұмысын нақты белгілеу қажет. Көбінесе әдістемелік кабинеттер тексеріс жұмысын жүргізгенді жақсы көреді. Әдістемелік кабинеттің жұмысы тексеріс жүргізу емес. Кейде білім бөлімінің қағаздарын толтырумен айналысады. Бірақ өзінің негізгі рөлін орындамай отыр. Оған тыйым салынуы тиіс», — дей келе бас ұстаз әріптестеріне әдістемелік кабинеттердің немен айналысатынын нақты бекіту керегін тапсырды. Әдіскерлерге арналған курстарды өткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.
Министрдің айтуынша, курс өткізетін ұйымдардың саны емес сапасына бірінші көңіл бөліп, іріктелген әдіскерлердің еңбекақыларын арттырып, тек өз пәндерімен ғана жұмыс істеуіне
жағдай жасаған абзал. Министрдің бұл тапсырмасы жөнінде Меркі аудандық білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Сапаркүл Бопиева: «Өңірлік әдістемелік кабинеттерінің қызметі туралы көтерген мәселе өте өзекті. Менің 21 жылдық әдіскер және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі ретінде 11 жыл атқарған еңбек өтілімде қанша рет айтылса да осы мәселе қолдау таппай келген еді.
Әдістемелік кабинетінің жұмысы өте ауқымды болғандықтан, білім беруге басымдық беріле отырып, осы салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның кәсіби шыңдалуына, бағыт-бағдар беретін әрбір әдіскердің еңбегінің бағалануына ықпалын етеді деп сенемін. Өйткені білім саласындағы жаңашылдыққа, нәтижелі еңбекке жетуге ықпал етуші де сол бағыттағы барлық іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқысы да болатын әдіскер екені анық. Әдістемелік кабинет әдіскерлерінің еңбекақысын көтеру, материалдық- техникалық базасын жақсарту бойынша қозғалған мәселелер де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Алдағы уақытта бұл түйткілдің түйіні тарқатылады деген ойдамын», — деп жазды ФБ парақшасында білікті маман Сапаркүл Тұрғанбайқызы.

Магистр дәрежесі бар әдіскерлер қосымша үстемақы алады
Аппарат жиынындағы жағымды жаңалықтың бірі – енді магистр дәрежесі бар әдіскерлер де қосымша үстемақы алады. Ол айына шамамен 30 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар категория бойынша да үстемақы алуға мүмкіндігі қарастырылған. Егер мектептен жоғары санаты бар маман әдістемелік кабинеттерге барса, онда олардың өз санаты сақталады.
Мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігі арттырылуы қажет
Келесі кезекте ведомство басшысы мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру мәселесін көтеріп, өңірлердегі білім басқармалары басшыларының жұмысын сынға алды.
– Педагогтердің цифрлық құзыреттіліктері бойынша жаңа онлайн курс дайындалды. Бұл онлайн курсты тамызда қарастырған болатынбыз. Республикадағы Білім басқармаларына тиісті тапсырмаларды да бердік. Бірақ бүгінгі күні 176 мың адам ғана қатысып, оның 112 мыңы ғана осы курсты бітірген. Қай облыстар жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғандарын көріп отырсыздар. Бұл жерде «Неге бұл жұмысқа қатыспай отыр?» деген сұрақ туындайды. Бұл қажет емес деп ойлайсыздар ма? Әлде цифрлық құзыреттілік бойынша көп жұмыс жасалып қойды деп ойлайсыздар ма? Қандай себептер бар? Тапсырма берілді. Оны орындау керек, — деп баса айтқан «бас ұстаз» Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстары білім басқармалары басшыларының жоғарыдағы сауалдарға жауап беруді сұрады.
Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова Жамбыл облысында жергілікті бюджет есебінен ақпараттық құзыреттілікті дамыту бойынша курстар ұйымдастырылып, курсқа қатысуды бақылауға алып, 100%-ға жеткізетінін айтты. Сондай-ақ, мұғалімдер курсқа екінші рет қатысуды жөн көрмегенін де тілге тиек етті. Министр бұл жауаптың қабылданбайтынын айтып, осы бойынша облыста арнайы мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
«Цифрлық құзыреттілік бойынша жұмысты жүргізу керек. Қазіргі уақытта бұл жазу мен оқу, санау сияқты базалық құзыреттіліктер санатына жатады. Халықаралық талдаулардың, зерттеулердің нәтижелерін көріп отырмыз. Оны ешкім еріккеннен жасап отырған жоқ. Бұл – ақысыз дайындалған арнайы курстар. Мұнда Күнделіктен бастап, қашықтан оқытатын бағдарламалар, жалпы цифрлық құзыреттілік беретін Microsoft сияқты бағдарламалармен бірге дайындалған. Оны түсінбейтін болсаңыздар, орындарыңызда бостан-босқа отырсыздар деп айта аламын, — деген «бас ұстаз» олқылықтың орнын жедел түрде толтыру керектігін қатаң ескертті.
Сондай-ақ, қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша қажетті құзыреттіліктерді беру қажет», — деген министр мектепке жаңадан келген жас мамандар үшін арнайы қолдау бағдарламасын жасау қажеттігін ескертті.

Құрбанәлі Шахабай,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.